• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 14 Қараша, 2023

Игі бастама ізгілікке жетелейді

185 рет
көрсетілді

Елордалық жастардың басын қосатын зияткерлік орта көбейіп келеді. Соның бірі – ана тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздеген «Unknown Kazak talks» жобасы. Алаңда елге танымал белсенділер өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтады. Игі бастама айына бір рет тұрақты ұйымдастырылады.

Ағартушылық жолды ұстанған жоба­ның авторлары – Диас пен Айгерім Ка­ме­­ри­дановтар. Алғаш бастаманы блог ре­тінде жүргізген олар қазір Алаштың та­рихы мен мәдениетіне, қоғамдағы өзекті мә­с­е­­ле­лерге қатысты жан-жақты ой орам­да­­­рын тыңдауға ұмтылған жастардың басын қосып, офлайн кездесулер өткізіп жүр.

«Диас екеуіміз ойлана келе, жаңа форматқа көшудің жолын қарастырдық. Бетпе-бет жүздесіп қабылданған ақпа­рат­тың әлеуеті басым екені айқын. Сондықтан алға­шында оқырмандар арасында бір кітапты таңдап, оны оқып, түйгенімізді талдау, талқылау мақсатында кездесулер ұйымдастырып жүрдік. Бүгінде оның аясы ұлғайып, talks деңгейіне жетті. Оны «Unknown Kazak talks» заманауи қазақ интеллигенциясы деп атадық. Қазір төрт қалада өткізіліп тұрады. Жұмыс­тың­ ортасын, танымалдылығын арттыру мақсатында әзірге спикер ретінде көп­тің алдында сөз бастай білген медиа өкіл­дерін, белсенділерді шақырып жүрміз. Жос­пар бойынша кейін алаңға айтары бар тұлғаларды тартамыз. Біздегі тағы бір ерек­шелік – кездесудің бәрі тегін», деді А.Камериданова.

Көптің көңілінен шыққан talks-тың біріне біз де қатысып көрдік. Шақырылған спикерлердің бедел-белсенділігінен болар сағат 12.00-де басталатын жиынға, көпшілік 11.00-де келіп, Экспо-ның конференц алаңын бірден толтырды. Бұдан елордалық жастардың толық ана тіліндегі жиындарға сусап жүргенін аңғардық. Кездесу әнұранмен басталды.

«Мұндай басқосулардан қалмаймын. Әр спикерге 20 минут бөлсе де, жаңа адамдармен танысуға, ақпарат алмасуға жол ашады. Біз үнемі әлеуметтік желіден бақылайтын, ойымыз ұштасатын белсен­ді­лерді таңдап, шақыратыны ерекше ұнайды. Мәселен, бір talks-та педагог, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын зерттеуші Ескендір Бестай баяндама жасады. Бұған дейін YouTube платформасында подкасттарын тыңдап, сұхбаттарын қарап жүрдім. Себебі маған білім беру саласындағы белгілі бір әдістемелер қызықты. Сондықтан жастардың басын қосатын, заманауи әрі қазақы танымды кеңітетін алаңдардың көп болуы өте керек дүние», деді қала тұрғыны Сымбат Әбіл.

Күні бүгінге дейін кездесулерде көп алдында сценарист, жазушы Перизат Мырзах­мет «Қазақтың құпия қаруы – сөз», дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев «Театр және Голливуд фильмдерінің дуб­ляжы», мәдениеттанушы, аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай «Қазақ тілге қайтар жолым», IT саласының маманы, Орталық Азия бойынша Google бағдарламашылар ұжымының үйлестірушісі, жеті жыл АҚШ және Канадада өмір сүрген Мақсат Қадыров «Есің барда еліңді тап», білім беру саласындағы кәсіпкер Дайана Портнягина «Қазақтар сахаларды танып, қолда бар алтынын қадірлесе екен деймін», Кембридж университетінің түлегі, «Astana Garden School» негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаев «Қазақ білімін не үшін брендке айналдыруымыз керек?», медиа, анимация, әдебиет және музыка салаларының маманы Мақпал Жұмабай «Қоғамды өнер арқылы өзгертуге бола ма: ÖzgeEpic жолы», алаштанушы Елдос Тоқтарбай «Алаш элитасы: тұлғалық даму, көшбасшылық, зияткерлік» тақырыбында және тағы басқа қоғам белсенділері баяндама жасады.

«Алаш қайраткерлерінің әрқай­сы­сы ең соңғы сағатын, ең соңғы күнін «Ертең болмай қаламын» деген мақсатта өткізді. Уақыт құндылығының жарқын көрінісін биыл туғанына 130 жыл бол­ған Сұлтанмахмұт Торайғыр­ұлынан көреміз. Ақын, ағартушы 27 жыл ғана ғұмырында 1 роман, 5 поэма, 170 өлең, 28 мақала жазып кеткен. Қайраткердің Жүсіпбек Аймауытұлына жазған хатында: «Жұмасына екі рет «обед» етем құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. «Кинематограф», вечерлерге бір мәрте болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Әкем менен малын не аясын? Бірақ ел болып қорқып, атты алады, малды талайды деп қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын…Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк сал­са да көтерем, бірақ көңілім оқуда бол­мақ…» деп жазады. Сондай-ақ ол тағы бір сөзінде «Құдай маған бір жыл ғұмыр беретін болса, мен шет тілдерінен һәм хатыменен толық үйреніп алғым келетін тілдер бар. Олар: ағылшын, неміс және француз тілі» деп көрсетеді. Ағартушы тек Троицк медресесін оқыған, мұғалімдер семинариясына қабылданған. Бірақ денсаулығына байланысты оқи алмаған. Кейін Том қаласына барып, кейін Алашорда үкімет мүшесі болған Әлімхан Ермекұлының жатақханасында жатып, орыс тілін үйреніп алған. Біртуар тұлғаның қалдырған бір керемет сөзі: «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген ұранды 21 жасында жазып кетті», деді Елдос Тоқтарбай.

Алаштанушы қазақтың осындай бір­туар нар тұлғаларының өмірлерінен өне­гелі фактілерді келтіре отырып, жиылған жас­тарды еңбек етуге, талап­та­нуға, ұлтқа қызмет етуге үндеді. Тағы бір кездесуде Ирина Кайратовнаның мүшесі, сценарист, музыкант Алдияр Жапарханов отан­дық өнімді ілгерілетуге тұсау болатын дүниелерді тізбектейді. Оған мысал ретінде қазақ футболының мәселесін алған.

«Егер елдегі футболды барып көр­се­ңіздер, жалпы қазақ қоғамының проб­ле­масын көруге болады. Біріншіден, инфра­құрылым. Республикада «жақсы» деген екі-ақ стадион бар. Ол «Astana Arena» және Алматы орталық стадионы. Басқа өңірдегі алаңдардың көп­ші­лігі кеңес өкіметі кезінде салынған. Сал­дарынан ірі матчтар жергілікті аймақ­тарда өткізілмейді. Бұл фактордың ар жағындағы негізгі мәселе – сыбайлас жемқорлық. Италиядағы Удине қаласынан шыққан «Удине́зе» футбол командасы бар. Олардың стадионына шамамен 25 мыңнан аса адам сыя­ды. Негізі кезіндегі сыйымдылық 40 мың болған. Жөндеу жұмыстарынан кейін азайды. Сол стадионды салуға 15 млн еуро кеткен. Тағы бір мысал, Түркістандағы арена. Басында жауаптылар халық сыйымдылығы 25 мың болады деген, жарты жылдан кейін 15 мың, араға уақыт салып ол 8 мыңға дейін түседі. Бірақ бөлінген қаржы азаймаған. Сол жерде Қазақстан премьер лигасының бірінші туры өтті. Алғашқы матчта-ақ шатыры ұшып кетеді. Екіншіден, футбол көруге келгендердің басым бөлігінің мәдениеті төмен», деді ол.

Спикер сөзін қай салада болсын сыбайлас жемқорлықтың салдары бүтін бір елдің дамуын тежейтінін айтып­ түйіндейді. Бұл тезистер адамды­ ой­лан­­­­дырмай қоймайды. Осылайша, өзекті мәселелерді көтерген «Unknown Kazak talks» жобасы айтары бар, сыни көзқарастағы жастардың басын жиі қосуды жоспарлап отыр.