• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сараптама 15 Қараша, 2023

Дәстүр және жастар көзқарасы

645 рет
көрсетілді

Бүгінгі қоғамда азаматтардың жаңашылдық пен өзгеріске бейімделе отырып, өз құндылықтарын қалыптастыруы өзекті мәселе екені түсінікті. Ұсынылған материалда жұртшылықтың дәстүрді жаңғыртуға қатысты көзқарасы, осы бағыттағы өзекті мәселелер қарастырылған.

Осы орайда Қазақстан қо­ғамдық даму институты жүргізген «Дәстүрлерді жаңғырту: Қазақ­стан қоғамындағы жаңа мінез-құлық нормалары» әлеуметтік зерттеу нәтижесіне назар аударып көрсек. Әлеуметтік зерттеуге еліміздің 18 жастан асқан азаматтары әлеуметтік-демографиялық, аумақтық параметрлері бойынша таңдалып, 2 400 респонденттен жаппай сауалдама және сарапшылардан сұхбат алын­ған. Зерттеу елдің барлық өңірін, республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шым­кент қалаларын, 17 облыс орта­лығын, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қамтыған.

Кейінгі жылдары қоғамда, әсіресе жастар арасында құн­дылықтар мен мінез-құлық әрекетіне глокализация, яғни шындықты қалыптастыратын белгілі бір трендтердің күшеюі әсер етіп келеді. Бүгінде жас­тар арасында жиі талқылауға түсетін, үнемі екі жақты пікір тудыратын дәстүр мен әдет-ғұ­­рыпқа қатысты қоғамның өзін­­дік көзқарасы қалыптасқан. Осыған орай зерттеудің бірнеше нәтижесін мысалға келтірсек. Жалпы алғанда, қоғамда, жас­тар арасында дәстүрге деген оң көзқарастың қалыптасып келе жатқанын байқаймыз.

Сауалдамаға қатысушы­лар­дың 77,3 пайызы ұлдардың бірі (әдетте кенжесі) ата-анасымен бірге тұруы керек деген көз­қарас­ты қолдаса, 41,5 пайыз рес­пон­дент толығымен оң көзқарас білдірген. Мұнда біз ауыл тұр­ғындары арасында қолдаудың жоғары деңгейін байқай аламыз.

Тұңғыш немере ата-әжесінің тәрбиеленуіне беріледі деген көзқарасқа сауалдамаға қатыс­қандардың жалпы 53,6 пайыз бөлігі оң көзқарас білдірді. Құп­тау ауыл тұрғындары арасында (14% жоғары), сондай-ақ ерлер (10%) арасында айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады. Жасы бойынша 61 жастан асқан респонденттер арасында қолдау салыстырмалы түрде жоғары болып отыр.

75,0% респондент «сәлем салуды» құптайды, олардың 40,3 пайызы толығымен оң пікір айтады. Ауылдарда бұл тәжірибе қалаға қарағанда жиі құпталады (9% жиірек). Сондай-ақ оны қолдау ер адамдар тарапынан жиі естіледі (шамамен 6% жиірек). Жастар мен орта жастағы респонденттер арасында оң баға сирек кездесетінін де ескеру керек.

Отбасының қаржылық жағ­дайына сай келмейтін той-то­ма­лақ өткізуге байланыс­ты сұ­рақ қойыл­ғанда шартты түр­де әрбір үшінші респондент қар­жы­лық мүмкіндіктерге сәйкес кел­мейтін тойлар өткізуге оң көз­қараспен қарайды. Көбіне жоғары білімі бар респондент­тер сыни көзқараспен қарай­ты­ны байқалады. Сондай-ақ рес­пон­денттердің жасы неғұрлым төмен болса, мұндай тәжірибеге сыни көз­қарасты жиі кездестіруге бо­ла­тынын атап өткен жөн. Тө­мен­де ол туралы кестеде көрсе­тілген.

Тұңғыш баланы ата-әжесіне беру, отбасының қаржылық жағдайына зиян келтіретін тойлар өткізу, сәлем салу секілді әдет-ғұрыптар жастар арасында әлдеқайда аз қолдау тапты. Бұл ретте сауалдама нәтижелері жалпы жастар мен жоғары білімі бар адамдар жоғарыда аталған дәстүр мен әдет-ғұрыптың көпшілігіне қатысты сыни көзқараста деген қорытынды жасауға болады. Сарапшының көбі қоғамдағы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар маңызды рөл атқара отырып, қандай да бір жаңғыруды бастан кешіруде деген пікірмен келіседі. Бірақ бұл қоғамды архаизациялау дегенді білдірмейді. Қазіргі жастар ұлттық құндылықтарды, мәдени мұралар мен дәстүрлерді сақтай отырып, оларды заманауи түрге бөлеп, жаңаша түрлендіріп келеді. Жас буын жаңа идеялар мен жаһандық перспективаларға ашық бола отырып, тілін, тарихын және салт-дәстүрін сақтауға тырысып келеді. Әртүрлілік пен мәдени бірегейлік жастардың өмірінде маңызды, бұл оларға дәстүр мен заманауилықты тең дәрежеде ұстауына мүмкіндік береді.

 

Дамир БЕЛГІБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы