• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Технология 16 Қараша, 2023

«Qazaq AI» платформасы

340 рет
көрсетілді

Жасанды интеллект технологиясының жетістіктері жұмыс өнімділігінің артуына өз ықпалын тигізіп жатыр. Сонымен қатар көптеген салада тиімді көмекші құралға айналды. Бірақ, бір өкініштісі, жасанды зерденің қазақ тіліндегі мүмкіндігі ағылшын тіліндегідей деңгейге жете қойған жоқ. Дегенмен «Qazaq AI» платформасы ана тілімізге негізделген жасанды интеллектіні қолдану мен дамытуды күшейтуді қолға алған.

Қазіргі заманғы көптеген ірі әрі табысты компаниялар, соның ішінде «Alphabet», «Apple», «Microsoft» және «Meta» жасанды интеллектіні дамытуға өте үлкен күш және қаржы жұмсап жатыр. Ондағы мақсат – қызмет сапасын жақсарту әрі бәсекеде озық болу. Ал біздің еліміздегі жасанды зерденің даму қарқыны өте баяу. Нейроже­лінің шексіз мүмкіндіктері айтылғанымен, тәжірибеге дендеп еніп кете қойған жоқ. Әсіресе қазақ тілін­дегі алгоритм кенжелеп тұр. Әзірге ChatGPT-дің ана тілі­міз­дегі сауаты өте төмен. Алай­да оны дамытуға деген тал­пы­ныстар бары қуантады.

«Qazaq AI» платформасын IT-бағдарламашы Тимур Бектұр мен кванттық физика және big datа-ны сараптау маманы Алтынбек Мұрат жасанды интеллект технологияларына қа­зақ тілін енгізуге жәрдемдесу мақсатында жасап шығарған.

«Жасанды интеллект (AI) тех­нологияларының жаһандық қар­қыны денсаулық сақтаудан қаржыға дейінгі, мемлекеттік басқарудан білім саласына дейінгі көптеген салада тол­қын­дық әсер­лерді тудырды. Алай­да осы технология тарапынан аз қамтылған тілдерде жасанды интеллектінің жетілуіне қатысты айтарлықтай алшақтық бар және олардың бірі – қазақ тілі, біздің ана тіліміз. Бұл олқылықты мойын­дай отырып, оның орнын толтыруға және қазақ тіліне бейімделген жасанды интеллект технология­ларын енгізуге ықпал ету үшін «Qazaq AI» атты платформаны құрас­тырдық.

Оның айтуынша, қазіргі таңда машинаны үйретудің көптеген алгоритмі мен моделі ағылшын тілі тұрғысынан әзірленгендіктен, қа­зақ тілінің бірегей синтаксистік, семантикалық және фонетикалық сипаттамаларына сай ерекше тәсілді талап етеді. Ал платформа осы мақсатта жұмыс істейді.

«Qazaq AI» платформасы қа­зақ тіліндегі жасанды интеллект жобалары бойынша кеңес беру, консультациялар арқылы қазақ тіліндегі жасанды интеллект енгізудің тиімді және мәдени ерекшеліктерді ескере отырып қамтамасыз ету, үздік тәжірибелер мен ықтимал қиыншылықтар туралы ақпарат беру бағытында жұмыс істейді.

Сондай-ақ «Тұрақты өсу мен интеграция үшін ЖИ сала­сында білім берудің шұғыл қа­жеттілігі бар. Сондықтан біз ЖИ айналасында қазақша оқытуды қолға аламыз», дейді жоба автор­лары. Соған байланыс­ты олар оқу жоспарларын құру, жа­сан­ды интеллектінің, машинаны үйретудің қыр-сырын және олар­дың қазақ тілімен қалай қиы­сатынын түсіндіру курс­тарын әзірлеу, шеберлік сынып­тары мен се­минарларды, жа­ңадан бастаушылар да, сарапшылар да олардың пайдасын көре алатындығына ке­пілдік беретін әртүрлі білім деңгейлеріне арналған іс-ша­раларды ұйымдастыру, заманауи ұрпақ тәрбиелеу, қазақ тіліне тән зерттеулерді жетілдіру, жасанды интеллект саласындағы жаһандық білім базасын одан әрі байыту, қазақ тіліне бейімделген құралдар жиынтығын әзірлеу немесе ұсыну, ЖИ саласындағы АҚШ-тың жетілген техникалық компанияларымен, әлемдік дең­гейдегі сарапшылармен бай­ла­ныс орнату секілді жұмыс­тарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Жасанды интеллект технологияларын қазақ тіліне интеграциялау тек технологиялық прогресті ғана білдірмейді, бұл, сонымен бірге, мәдениетті сақтау, дәстүрді жетілдіру мен қазіргі заман арасындағы көпір және жаһандық цифрлық экожүйедегі тіліміздің орнын бекіту. Бұл көш­тен біз қалмауымыз керек», дейді Т.Бектұр.

Сонымен қатар Qazaq AI платформасы жақында өзінің «JASANDY» жобасын жасап шы­ғарды. JASANDY – ChatGPT мүмкіндіктерін қазақ тілінде пай­далануға арналған қосымша. Сол арқылы ChatGPT-ді қазақша тегін қолдануға болады. Бұл – «Qazaq AI» платформасының жасап жатқан көптеген жобасының бірі. Бұған қоса платформада SozimAI  – мәтінді сөзге айналдыратын ЖИ дыбыс генераторы, AdemiAI – мәтінді суретке айналдыру ЖИ генераторы, BalamAi – балалардың білімі мен дамуына арналған ЖИ платформасы, DamysAI –техникалық даму платформасы, KorkemAI – мәтінді бейнеге айналдыру генераторы, BilimAI – білім мен ғылымға арналған ЖИ қызметі бар.