Адам санасындағы ең жоғарғы саты – ұлттық болмыс. Ұлт болу және елдікті сақтау – ұзақ та жауапты үдеріс. Ал адамзат тарихындағы ең әділетті күрес – ұлт азаттығы үшін күрес. Азаттық пен теңдікке ұмтылу, тәуелсіз мемлекет құру – халық арманы. Бұл арман «ұлт» деген ең қасиетті, ең киелі сөздің құдіретінен туады. Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудың биік белесі Алаш қозғалысы десек, 40 жылдан соң сол ұлы арманды жаңғыртуға тырысқан «Жас тұлпар» ұйымы еді.
Ел мұратын ұран қылып көтерген «Жас тұлпар» қозғалысы 1963 жылы қарашаның ызғарын жылытып, Алаш зиялыларының тағдырын шешкен Мәскеуде дүниеге келді. Жастұлпарлықтардың да қанында Алаш зиялыларындай тектілік болды. «Жас тұлпар» қозғалысы ұлт жастарының санасын серпілтіп қана қоймай, бар қазақтың көкейіндегі арман-мұңының жыршысы болғысы келді. Құлаған Алаш туын көтеріп, рухты оятуға кірісті.
Тәуелсіздікті аңсаған 60-жылдардағы жастар қозғалысының көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтім, Сәбетқазы Ақатай, Марат Сенбі және тағы басқалар тұрды. Жастұлпарлықтардың бәрі дерлік өз ойын жетер жеріне жеткізе алатын, сөздері өткір, топ жарған, Қазақстаннан тыс жерлерде оқып жүрген жайсаң ұлдар мен қыздар еді. Ұлтына деген сүйіспеншілік олардың ертеңгі күнді болжауына мүмкіндік туғызды.
«Жас тұлпар» дүбірі қазақ жастарының санасын біржолата серпілтіп, азаттық күресіне жетеледі. Намысты жастар Қазақстанның бар аймағында жасырын үйірмелер ұйымдастырып, өз шама-шарқынша ұлт-азаттық қозғалысқа араласты. Құрбы-құрдастарының ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық зейініне күш-қуат берді. Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Өскеменде «Ұлттық мамандарға әділеттік тобы», Семейде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян, қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда «Сарыарқа» жасырын құрылған ұйымдары – соның айғағы.
Жастар ұлттық ерекшеліктен халқының ұлылығын көрдi. Ауыз әдебиетiмiздiң, шежiре тарихымыздың, тіліміздің, өнерiмiздiң байлығы оларды рухтандырды. Жастар сана-сезiмiне серпіліс әкелген жастұлпарлықтарға сенiп қана қойған жоқ, қолдап, соңынан ерді. «Жас тұлпар» ұйымының беделiн, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң қаншалықты болғанын 1966 жылы ақпан айында Алматыда өткен ашық мәжілістен көреміз.
Жиналысқа зиялы қауым өкілдері, облыстардан келген жастар қатысты. Мәжіліс Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжановтың ұлт тағдыры туралы мазмұнды баяндамаларынан басталды. Баяндамалардағы репрессияға ұшырап, атылған ақын-жазушыларды ақтау, ауылдағы жастардың жағдайы, қазақ мектептерінің жабылуы туралы келелі мәселелерді қолдаған, Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісов сияқты жазушылар да сөз сөйледі.
Тарихи жиынға қатысқан жазушы Дулат Исабеков сол күндерді былай еске алады: «Жастұлпарлықтар» кездесуге тың өлкесін аралап, ондағы қариялармен, жергілікті зерделі азаматтармен сөйлесіп, мұндағы ұлттың мүшкіл халін көріп, ойға түйгендерін ерекше күйінішпен тізіп шықты. Баяндамашылардың айтқан сөздері әр адамның көңіл түкпірінде сары шер болып қатып жатқан ар мен намысты оятты, іште қамалып келген ұлт болашағы жайлы уайымына қозғау салды. Олардың ойлары мен өткір топшауларын жиылған жұрт уыздай жас жігіттердің албырт эмоциясы деп қабылдаған жоқ, мейлінше ақыл тоқтатқан, ұлт болашағын білімдарлықпен батыл қозғай білген толысқан азаматтардың сөзі деп айрықша қабылдады».
Ұлт ассимиляцияға түссе, ертеңі бұлыңғыр екенін трибунадан ашық айтпақ түгілі сыбырлап сөйлеуден жасқанатын кезеңде Мұрат Әуезовтің сөзі билік басында отырғандар үшін ашық күнгі найзағайдай қабылданды. Бір ғажабы, ұлт мәселесін осында жүрген қазақ тілділер емес, қазақы ортадан алыста, барлық білім мен тәрбиені орыс тілінде алған өрімдей жас жігіттердің алғаш батыл көтергені кеудесінде намысы бар барша қазақты жігерлендіріп, ұйқылы-ояу жүргендерін оятып, кім екендерін, ертең кім боларын естеріне салып, көкірек көзін ашты.
Кеңес өкіметінің коммунистік идея арқылы Қазақстанда жүргізген әсіре интернационалистік саясаты шектен шығып, қорлаудың бір түріне айналды. Социалистік идеология ұлттық иммунитетті жоюды мақсат етіп қойды. Ол мақсаттарына жетті де. Көпшіліктің санасын улап, бойларына жалған намыстық, өтірік қолдау, жағымпаздық тәрізді жаман қылықтарды қазақтың бойына сіңдіріп, аздырды. Ел ішінде өз ұлтының кім екенін айтуға ұялатын, басқа ұлт өкілін туған бауырынан жоғары қоятын, аралас неке қиюға ұмтылған қазақтар пайда болды. Жалғандық адам жадын торлап, елді тоқыраулыққа душар етті. Өйткені елдік сана негізінде азаматтық құндылықтарды қалыптастыра алмаған, өтірік өмір сүруді дағдыға айналдырған қоғам саяси катаклизмге бейім келеді. Ұлтсыздану қазақтың әдет-ғұрыпында болмаған шектен шыққан пендешілік пен сатқындық сияқты жаман қасиеттерді өрістетіп жіберді.
Жастұлпарлықтар ата-бабаларымыздың бөлінуге емес, бірлікке сенген, бөтендікке емес, туыстыққа бас ұрған қасиеттеріне сүйенді. «Бір қазақтың баласымыз, ұранымыз – Алаш» деп бөлінбеді, бірлікті биік ұстады. Ел намысы, бүкіл қазақтың мерейі, болашақ ұрпақтың мүддесі үшін алдарына ұлы мақсаттар қойды. Жастардың ұлтының азаттығы үшін құрған күрес ұйымы «Жас тұлпар» аталуы – тарихты, ұлттық болмыс-сананы, ерекшелікті жақсы білгендерінің дәлелі.
«Жас тұлпар» деген сөз бодандық шеңгелінде ұлтсыздануға ұрынып, этнос есебінде жоғалып кетуге қарсылық көрсетудің рәмізіне айналды.
Мәскеуден басқа «Жас тұлпар» ұйымының бөлімшелері Ленинград, Киев, Рига, Харьков, Омбы т.б. қалаларда құрылды. Жастұлпарлықтар ұйымның бөлімшелерін ашудан бөлек үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші бағыт – Қазақстаннан тыс жерде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету. Екіншісі – қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап, елмен танысу, бұқара халықпен тікелей байланыс орнату. Үшінші бағыт – ұлт мәселесі. Жалпы, бағдарлама үш бағытта ғана болғанымен, олар алдарына көп салалы, жан-жақты үлкен мақсаттар қоя алды. Ең бастысы, кеңес одағының түкпір-түкпірінде оқып жүрген қазақ жастарын тарихымызды түгендеуге, рухани болмысын бүтіндеуге шақырды. Қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымының арқасында есею жолына бет бұрды. Халқымыздың дәстүр-салтына, өнері мен әдебиетіне зор құрметпен қарауды үйренді. Ұлтының қадір-қасиетін таныды. «Жас тұлпар» ұйымының ұраны «Өнер, білім, ғылым» болды. Жастұлпарлықтар өз ұлтының мәдениетінің, әдебиетінің, әдет-ғұрпының тарихын, ана тілін кемітіп қаралап отырған мемлекеттік саясатпен келіспейтінін ашық мәлімдеді. «Қазақ елі», «қазақ жері» деген ұғымдарды жоюға жол бермеді.
Ұйым мүшелері «Алаш зиялыларының ісін жалғастырушылармыз» деп қорықпай ашық айтты. Ұлт зиялылары еңбектерін іздеп жүріп оқыды. 20-жылдардағы газет-журналдарды оқу үшін төте жазуды меңгерді. Олар Мұстафа Шоқай мен Мағжан Жұмабаевтың өмірімен, еңбектерімен онколог дәрігер Сайым Балмұхановтың Германиядан әкелген «Яш Түркістан» журналы арқылы танысты.
Мұрат Әуезов естеліктерінде «Жас тұлпардың» құрылуын былай сипаттайды: «Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақыттарда қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыс жүргізілді. Қазақстанның бес облысын қамтитын Тың өлкесі құрылып, оған сырттан неше түрлі адамдар әкелінді. Бес облыс үшін бір ғана қазақ газеті шығарылды. Оның өзі орысша басылымның аудармасы. Ашаршылық туралы естігеніміз бар. Ешқандай деректер жоқ, бірақ ата-аналарымыздың, үлкендердің әңгімелерін тыңдағанбыз. Ақиқаттың ашылмай жатқанын ішіміз сезіп жүрді. Қазақтың атылған ақын-жазушылары, Алаш зиялылары ол тағы бар. Осының бәрі біз сияқты жалындап тұрған жас жігіттерді ойға қалдырды. Біздің ой-пікіріміз қалыптаса бастады. 2-3-курстан бастап экономиканы оқыдық. Қазақстанның шикізат базасы екендігіне, отарлау саясатының құрбаны болғанына көз жетті. «Жас тұлпарды» құрғанда бізде аға буын өкілі болған жоқ. Қайта олар заманның каталдығынан жасқанып, «бұларыңды қойыңдар, ұлтшылдар атанасыңдар» деп жүрді. Біз өз бетімізше калыптастық. Қазақ ұлтының тағдыры және болашағы жөнінде сол кезден бастап мазалаған ойлар мені мынадай үш мәселемен бетпе-бет келтірген еді. Біріншіден, біз Алашордашыларды танып, мойындауымыз керек. Өз идеямыз бен іс-қимылдарымыздың бастауын солардан алуымыз ләзім дейтінмін. Мағжанның өлеңдерін жинап, сақтауым және ұлымның атын Мағжан қоюым да осы идеяның жетегінде жүргендігімнің көрінісі еді. Екіншіден, 30-жылдардың ашаршылық апаты туралы шындықты ашық айтып, оны тудырған себептерді әшкерелеу қазақ зиялы қауымының қарызы мен парызы деп санайтынмын. Үшіншіден, қазақ ұлтының тағдыры жөнінде ойлағанда, шетелдердегі бауырларымызды қамтып отырмасақ, ұлт болып қалыптасуымыз қиын деп есептейтінмін. 70-жылдардың алғашқы жартысында біздің ортамызға 60-жылдардағы Шығыс Түркістан ұлттық қозғалыстарының басшысы Айтан Нүсіпхан келіп қосылған кезде мен өзімнің осы пайымдауларымның дұрыстығына бұрынғыдан бетер көз жеткізе түстім».
«Жас тұлпар» ұйымы жастарды саяси шыңдалып, ұлттың ұлы болу адами қасиеттің шыңы деп қандарына сіңірді. Олардың өз замандастарынан өзгешелігі ұлтшыл бола алуында. Мәскеуде оқитын қазақ жастары бастап, басқалары қостап: «Біз, қазақ, неге көштен қалып бара жатырмыз?» деп жан-жаққа көз салып, жоғалтқанын іздеуге кірісті. Орны толмастай болып, үңірейіп қалған тарихи олқылықты жанталаса толықтыруға ұмтылды. Ұлттық идея көрінісін Алаш идеясынан іздеген жастұлпарлықтар қазақтың жаңа өмір сүру философиясын қалыптастырушы күшке айналды.
Тарих шежіресінен, ауылдың жүрекке ыстық көріністерінен өмірге қайта келгендей, іздегендерін тапқандай қуат алып, сол үрдістерді қалаға, көпшілікке жеткізді. Өзіміздің ел екенімізді, өз тегіне үңілетін тамыры бар тұтас ұлт екендігімізді дәлелдей алды. Қазақта көзі ашық, көкірегі ояу жастардың әлі де бар екенін, рухы өшпейтінін көрсетіп берді.
Алаш зиялылары мен жастұлпарлықтардың ортақ бір қасиеті бар. Ол – ұлы рухтан шыққан жүрек түпкіріндегі ұлт болашағына сенімі. Қазақ мұратының ерте ме, кеш пе, орындалатынына еш күмәнданбауы.
Ал өмір толқынында ұлты үшін ұлы істерге бара алған жастұлпарлықтардай текті ұл мен қыздардың дүниеге келіп, тарих сахнасына шығуы – халықтың тілегі, ұлттық рухтың көрінісі. Жастұлпарлықтар қазақтың өткені мен бүгінін саралап, жаңадан ұлттық сана қалыптастыру қажеттігіне, ең алдымен, жастардың көзін жеткізді.
Жастұлпарлықтардың алдыңғы сапы елге оралғанда, соңына ілескен жастар олардың ісін жалғастырды. Қозғалыс кеңінен қолдау тауып, жаңа белестерге шықты. Бірақ жүрегі алып-ұшып, туған жерім, Отаным деп, оқуларын бітіріп, елге қайтқан жастұлпарлықтарды Қазақстанда қиыншылықтар тосып тұрды. Жұмысқа алмады, сенімсіздік көрсетті. Қайда барса да КГБ-ның назарында болды.
Жастұлпарлықтар 60-жылдары жастарды еркіндік, әділдік үшін күреске шақырса, 70-жылдары шығармашылық зиялы қауым арасында жұмыс жүргізді. Олар түрлі салаларда кызмет жасап, парасатты азамат, жақсы маман аталды. Қай салада болсын халық ішінде, көз алдында еңбек етті. Әдебиетте аудармамен, ғылым мен техникада жаңалық ашумен, институттарда білім беріп, жастарды тәрбиелеумен айналысты. Қоғамдық өмірден де алшақтамады. Төңіректеріне ғалымдарды, әдебиетшілерді, өнер-мәдениет майданындағы жастарды жинап, оларға ұлттық мазмұндағы тақырыптар ұсынды. «Хрущевтік жылымықтың» тұсында дүр етіп көтерілген жаңа лек – Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Асқар Сүлейменов т.б. жастұлпарлықтар қатарына қосылып, ұлтты жандандырды. Туындыларындағы тосын шешiм, тың үрдіспен елді елең еткізгендердің көш басында суретшiлер Салихиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Бақтияр Табиев, қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, сәулетші Тимур Сүлейменов т.б. тұрды.
Жастұлпарлықтар жəне олардың ізбасарлары әділетсіз жүйенің күйреуіне, социалистік идеяның əлсіреуіне əсерін тигізді. Қазақстанның Тəуелсіздік алуына ширек ғасыр ұлан-асыр күш жұмсап, жас ұрпақты күреске тəрбиеледі. «Жас тұлпар» ұйымы идеясы бүгінде ұлттық рухымыздың діңгегі іспеттес. Кеңестік тоталитарлық моделге қарсы шыққан алғашқы қарлығаштарымыз да солар.
«Жас тұлпар» қозғалысы мүшелерінен білім, ғылым, өнер, өнеркəсіп саласының көш бастар майталмандары шықты. Олардың ішінде Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Ленин сыйлығының лауреаты, әйгілі биолог Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО мемлекеттік сыйлығы лауреаты, вице-премьер-министр Ғалым Əбілсейітов, білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлттық ядролық орталығы бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Қазақстанның биотехнологиялық ұлттық орталығының бас директоры, академик Мұрат Ғылманов, Ғылым академиясының биоинженерлік институты директоры, академик Ізбасар Рахымбаев, дефектология саласын ұйымдастырушы академик Жəмила Намазбаева, Қазақстан байланыс вице-министрі Алдар Тұңғышбаевтар т.б. бар. Сондай-ақ ғалым Мақаш Тəтім Қазақстандағы демография ғылымын ұйымдастырып, қазақтың саны мен сапасын зерттеді. Сәбетқазы Ақатай ғылым мен қоғам жұмысын тең ұстап, халқына қызмет етуден жалықпады. Марат Сембі көне тарих көмбелерін ашса, Тимур Сүлейменов сəулет өнері саласының майталманы аталды. М.Балтабаев, С.Елеусізов, Б.Қарақұлов, Ә.Мұхамбетова, С.Тыныштығұлова музыка саласында зор жетістіктерге жетті.
Жастұлпарлықтар бүгін де саяси аренадан түскен жоқ, қоғамдағы өзгерістердің ортасында жүр. Олардың парасатты, отансүйгіштігі əлі де өз күшінде. Ұлт болашағы ұйытып, армандарына жеткен жастұлпарлықтар қатары табиғат заңымен селдіресе де, Мұрат Əуезов «Ұлы Жібек жолы үстіндегі сұбхаттар» атты мəдени-рухани бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Орталық Азия мемлекеттері зиялы қауымның басын қосып, аймақтағы байырғы мəдени-рухани байланыстарды қалпына келтірудің жолын іздестіруі – бауырлас түркітектес ұлттардың ортақ мəдени құндылықтарын жандандыруға себепші. Бағдарлама аясында «Ыстықкөл жағасындағы кездесулер» өтті. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тəжік зиялы қауымының ортақ жобалары өз нəтижелерін бере бастады. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің мəдени, рухани, саяси бірлігін əлемдік өркениетпен жалғастырып отыр.
«Жас тұлпар» қозғалысының жүріп өткен жолы – елімізде Тәуелсіздік үшін күрестің елеулі тарихи кезеңі.
Әміржан Әлпейісов,
«Жас тұлпар», «Сарыарқа» ұйымдарының мүшесі, тарихшы