Қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуіріне төңкеріс жасаған тұлғалар туралы сөз қозғалғанда олардың жүрегін жаулап, қиялына қанат байлаған сұлуларды да әсте естен шығаруға болмайды. Сондай сұлудың бірі – Ілия Жақановтың өмірлік музасына айналған «Меңді қыз» – Тиышкүл апай.
«Жанарыңды көрген шақта,
Жанған от па деп қалдым.
Құрбым қатар отырсақ та,
Сыр айта алмай тоқталдым.
Өзің жаным,
Аңсағаным,
Аңсағаным, Меңді қыз!»,
деп келер әннің кейіпкері Ілия Жақановтың үйіндегі асыл жары Тиыш апай екенін көпшілігі білгенімен, туындының қалай өмірге келгендігі бәріне бірдей мәлім емес.
Иә, Ілия Жақановқа жар қосағы Тиышкүлді ән құдіреті табыстырған. Бұл туралы Толымбек Әбдірайым айтулы ән тарихы баяндалған әсерлі эссесінде былай деп толғанады: «1961 жылдың көктемі. Ілия Жақанов «Қазақстан пионері» газетінің тапсыруымен Қызылорда облысының Шиелі ауданын аралап, іссапарының соңына қарай Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылындағы ата-анасына келеді. Сол жерде малшылар тойы болады. Ілекеңдер жайғасып, ас-су ішкен соң коцерт көруге дала сахнасына бет түзеді. Екінті ауа өнер тойы басталады. Халық көп. Отыратын орын жоқ. Ілекең оқшаулау барып тұрды. Дулат Шалқарбаев, Иген Нұрмағанбетов бастаған жергілікті жігіттер қызу әңгіме жетегінде. Сол кезде оркестр ән бастады. Ойнақы қырғыз мақамы. Орындаушы – жас қыз. Сахна алыстау. Қасындағылардың қызу әңгімесін Ілекең жай, селқос тыңдап тұрды да, қырғыз әнін айтқан қыздан көзін айырған жоқ. Ән аяқталды. Қыз бұрылып кетіп бара жатты. Япыр-ай, сене ме, сенбей ме? Арқасындағы қос бұрымынан көзін ала алмай қарап қалған. Қою, қалың шаш қыз тілерсегін соғады.
– Ойпырмай, ана бұрымды-ай! – деп қалды Ілекең.
– А-а! – деді Дулат.
– Қыздың бұрымын айтам! Әні де тамаша! Жаңа қырғыздың әнін орындады ғой...
Дулат жымың етті...».
Міне, дәл осы оқиға сезімге бай сыршыл сазгер жанын селт еткізді. Осы сәттен бастап өзіне беймәлім күйдің байыбына терең бойлаған жас жігіт бұрымы тілерсегіне түскен сол сұлудан өзгені ойлай алмады. Іштегі сезім буырқанысы ақыры өмірге «Меңді қыз» әнін алып келді.
Бұл 1961 жылдың сәуір айы болатын. Сол жылы ұлы оқиға болды. Бірі – Ю.Гагарин ғарышты бағындырып жерге қонып жатса, екіншісі – Жақановтардың шаңырағына ән кейіпкері «Меңді қыз» – Тиышкүл есімді бойжеткеннің келін болып түсуі болды.
Жалпы, Ілия Жақановтың шығармашылығына тереңнен бойлаған адам композитор әндерінде қырғыз сарынының басым екендігін жазбай таниды. Сол сырлы саз қос ғашықты да мәңгілікке табыстырған болатын. Бұл туралы сазгермен өле-өлгенше сыйласып өткен қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов: «Мен өзгеше сыйлайтын тағы бір композитор бар. Ол – Ілия Жақанов. Бір ғажабы сол, оның әндерінде қырғыз ағайындардың мұңлы сарыны бар. Бірақ онысы қазақтардың шерлі әуендеріне ерекше бір жаңа мазмұн беріп, тек Ілияға тән әндер туады», деп әділ бағасын берген екен.
Шәмші Қалдаяқов пікірінің тереңіне бойлап, кеңірек мағлұмат алғымыз келген біз де бұл сауалды композитордың өзіне қойып көрген едік. Сонда Ілия Жақанов: «Біздің ел қырғыздармен ерте араласқан. Ашаршылық жылдары жан-жаққа бет-бетімен кеткен ағаларымыз ашаршылық басылып, бәрі тоғысқанда елге бір-бір қырғыз келіншектерін алып келді. Сәбиға, Бәтимә, Сәлимә деген жеңгелеріміз болды. Өрімдей жап-жас кездері. Соғыс басталып кеткенде сол жеңгелеріміз қолында орақтары бар, шығысқа қарап тұрып егін орады. Бір уақытта белдері талып, шаршайды. Сонда қырғыз әндерін шырқап, шаршағандарын басады. Қырғыздың лирикалық әндері о бастан осылай-осылай елімізге сіңген, әкелеріміз, шешелеріміз, ағаларымыз айтатын әндер еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесін оқығаннан кейінгі әсер елітіп, «Данирдың әні», «Жәмиләнің әні» туатын сәтте жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің «Елім-айым», «Айнамкөзім», «Қараторғайым», «Балқадишам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді әндерімнің барлығын сол музыканың әуезімен, толғанысымен жаздым», деп үлкен тебіреніспен жауап берді.
Шынымен де, сазгердің әндеріндегі сиқырлы сарынның астарында көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін, тек жүрек қана сезінер осынау тылсым да терең күй жатқан еді. Және сол сарын адастырмай сазгер өміріндегі мәңгілік махаббатқа бастау болды. Ол «Меңді қыз» – өзімен алпыс екі жыл отасқан аяулы жары Тиышкүл апайымыз...