• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 16 Қараша, 2023

Бауыржан Тахауов: Иран құрамасын еңсеру мүмкін болмады

338 рет
көрсетілді

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ІV жазғы Азия параойындарында отырып ойнайтын волейбол спортынан ұлттық құрама күміс медаль олжалады. Мақсатты меже – Азия параойындарының алтын жүлдесі еді. Бауыржан Тахауов бастаған бапкерлер жігіттерді жани отырып, 1994 және 1998 жылдары жеткен жетістікті қайталауға барын салуға сендірген, бірақ бұйырмады. Білікті маман Жәнібек Сауранбаев баптаған жылдары отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама ойыншылары (сол кезеңде командада Бауыржан Тахауов та ойнады – ред.) чемпиондық тұғырға екі мәрте көтерілді. Міне, содан кейін арада 25 жыл өткенде жазғы Азия параойындарының финалына шығып, азуы алты қарыс, даңқы жер жарған Иран құрамасына есе жіберді. Ендігі дода – келесі жылы өтетін Париж жазғы паралимпиадасы. Бас бапкермен дидарласып, Азия параойындарында жігіттердің қандай қайрат қылғанын, не жетіспегенін сұрадық.

– Ең әуелі Қытайдың Ханч­жоу қаласында өткен жазғы Азия параойындарында финалға жетіп, күміс медаль олжалаған жетістіктеріңізбен құттық­тай­мыз. Әрине, жанкүйерлер алтын жүлдеден үміттенгені рас.

– Өзіміз де сол мақсатқа жетсек деп аттандық. Бірақ бұйырмаған екен, финалда Азия құрлығының ғана емес, әлемдегі тегеурінді қарсыласқа тап болдық. Иранның отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы Паралимпиада ойындарында 7 мәрте топ жарған, 2 рет күміс жүлде алды. Сосын бұл құраманың сапындағы ой­ыншылардың бәрінің бойы 2 метр­ден биік. Оның да шабуылда, қорғаныста, тосқауыл қоюда әсері көп тиеді. Біз алғашқы матчта Камбоджа құрамасын 3:0 есебімен айқын ұтып едік, бірақ екінші айналымда Иран құрамасына тап келдік те, 0:3 есебімен есе жібердік. Жігіттердің сағы сынған жоқ, керісінше ширыға түсті. Ширек финалда Таиланд ойыншыларын 3:0 есебімен жеңдік. Жартылай финалдағы тартыстың да дақпырты басым болды. Қар­сылас – Қытай құрамасы. Кейінгі жылдары Азияның азулы құра­масының бірі аталатын Қытай ойыншылары жеңіске жетеді деген жергілікті жанкүйерлердің де үміті зор еді. Сайыс үстіндегі олардың қызу қолдауы біздің волейболшылардың мысын баса алған жоқ. Алғашқы екі сетте біздің мерейіміз үстем түсті, одан кейін екі сет Қытай құрамасы жеңіске жетті. Шешуші бесінші сетте қайсарлық танытып жеңісті жұлып алдық.

Қазақстан құрамасы отырып ойнайтын волейбол спортынан 1994 жылы және 1998 жылы жазғы Азия параойындарының чемпионы болды. 2002 жылы күміс жүлдегер атанды. Ол кезеңде Азия параойындары басқаша, Мүгедектердің Қиыр Шығыс және Оңтүстік Тынық мұхит ойындары (FESPIC) деп аталатын. 2010 жылдан бастап Азия параойындары деп айтылып жүр.

Ұлттық құрамамыздың тарихи жеңіске жетуіне өзім де ойын­шы ретінде үлес қосқанымды мақтаныш тұтамын. Осы биікке тағы да ат байлауға барымызды салдық, бірақ Иран құрамасының тегеуріні өте мықты екен. Оның үстіне Иранда отырып ойнайтын волейболдан жүзден аса команда бар, бәсекелестік басым болғандықтан да ұлттық құрамаға іліну өте жоғары сұрыптау арқылы жүргізіледі. Ал бізде 12 команда ғана Қазақстан чемпионатына қатысады. Олардың арасында «Аты­рау» клубына тең келер, лайықты қарсылық танытар команда жоқтың қасы, ойыншылардың қауқары да, деңгейі де төмен. Ұлттық құрама ойыншыларының негізі содан кейін де «Атырау» командасының мүшелерінен жасақталады. Осы жолы Азия параойындарына Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының командасынан ұлттық құрамаға бірен-саран ойыншы қосылғаны болмаса, бізде бәсекелестік дәрежесі әлі төмен.

– Қазақстан спортшылары отырып ойнайтын волейболдан жазғы Паралимпиада жолдамасын 1996 жылдан бері еншілей алмай жүрді. Жігіттер биыл ғана жолдама олжалады. Енді дайындықта кем тұсымызды күшейтуге күш салу қажеттігі бесенеден белгілі.

– Спортшыларды жазғы Азия параойындарында алтын медальдан айырған Иран құрамасындағы ұзын тұра ойыншының бойы – 2 метр 46 сантиметр. Қалған ойыншының барлығы да 2 метр биік. Ал біздің елдің ойын­шыларының ішіндегі ең ұзын деген спортшының бойы – 1 метр 85 сантиметр. Мұны ақталу үшін айтып отырғаным жоқ, жігіттердің жігері жасымауы керек. Бойы ұзын екен деп бүге­жектемей, қорғанысты мығымдап, қарсы шабуылдауды күшейту үшін әлемдегі таңдаулы құрамаларға қарсы жолдастық кездесу өткізіп, әзірлікті жүргіземіз. Бразилия, Босния сынды елдердің отырып ойнайтын волейбол спорты қарқынды дамыған. Кейінгі жыл­дары Иран құрамасының те­геурінін де теңселтіп жібере ала­тын күш жинаған. Міне, осындай командамен жолдастық кездесу өткізіп, тәжірибемізді ны­ғайтамыз.

Марқұм Жәнібек Сауранбаев құрама команданы жаттықтырған тұста Паралимпия ойындарына қатысу мүмкіндігі туды. Отырып ойнайтын волейбол спортынан Қазақстан құрамасы 1996 жылы жазғы Паралимпия ойын­дарына қатысты. Ол кезеңде Паралимпиадаға квота бөлу ар­қылы жол түскен еді. Одан кейінгі кезеңде жолдамаға қол жеткізе алмай келдік. Міне, арада 27 жыл өткенде жолдама бұйырды. Біздің жігіттер Париж жазғы Паралимпиадасына қатысу құқы­ғын биыл шілде айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында иеленген еді.

Бүгінгі күнде жер жүзінде 70-тен аса елде отырып ойнайтын волейбол федерациясы құрылған. Демек, бәсекелестік күн санап ара келеді деген сөз. Дүниежүзілік рейтинг бойынша Қазақстан құрамасы 5-сатыда тұр. Паралимпиадаға тек 8 командаға ғана жолдама беріледі. Сол сегіздікке біздің жігіттер үлкен күшпен, сенсациялық жеңіспен енді. Иран құрамасы былтырғы әлем чемпионатында топ жарып қана қоймай, Паралимпиадаға жолдама еншіледі. Франция құрамасы Олимпиаданы өткізуші ел есебінде қатысады. Азия құрлығынан біз алдық. Панамерика аймағынан Бразилия құрамасы жолдама иеленді. Еуропа мен Африкада да жолдама үшін сайыс өткізіледі. Одан бөлек, екі рет әлемдік ірік­теу турнирі бар. Осындай дүбір­дің арасынан суырылып шық­қан 8 команда Париж жазғы Паралимпиадасының медалі үшін тартысқа түседі.

– Ұлттық құрама сапындағы буын алмасу үрдісі қалай жү­реді? Спорттың осы түріне қы­зы­ғатын жастардың шоғыры қа­лың ба?

– Еліміздегі отырып ойнайтын волейболдың командалық негізін Ауған соғысының ардагерлері 1988 жылы қалады. Содан бері қарай қарқынды дамып келеді. Бүгінде ұлттық құрамада ойнай­тын ойыншылардың жас мөлшері – 28-35 жас аралығында. Биыл жеті ойыншы қосылды, 17-23 жас аралығындағы жастар. Сақа ойыншылардан тәлім алып, шыңдалсын деп шақырттық. Отырып ойнайтын волейбол – аяғынан жарақат алған, болмаса тумысынан кінәраты, кемістігі бар жандар үшін ыңғайлы спорт түрі. Бірақ жастардың көпшілігі тағдырдың маңдайға жазған теперішін қор санап, спортқа келуге ықылас танытпайды. Ерік-жігері жасық жандардың рухын шыңдап, сенімін нығайтатын спорт екенін ұғынған азаматтар ғана қызығушылық танытады.

Қытайдағы жазғы Азия пара­ойындарынан кейін ұлттық құ­рама сапындағы жігіттер демалыс алды. Оқу-жаттығу жиынымыз өтетін орталық, негізгі спорттық кешеніміз Астана қала­сында болғандықтан, маңызды додаға дайындықты осы жерде ұйымдастырып, шынығып шыңдаламыз. Отырып ойнайтын волейбол спортын дамыту үшін аянбай еңбек ету керек. Бізге орасан сенім артылды. Париж жазғы Паралимпиадасына да санаулы ай қалды. Әлемнің тегеурінді командалары ғана қатысатын паралимпиада ойындарында жүлдеге ілінсек, қазақ спортының жылнамасына жаңа тарих жазылар еді. Сол күнге жетуді нәсіп етсін деп тілейміз.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»