Таяуда ғана Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Алыс та жақын Ақан Нұрманов» атты ғылыми-практикалық конференция өреліліктің өнегесіндей шықты. Біз Астанаға келгелі ширек ғасыр болып қалды. Осы жылдар ішінде бұл қалада Ақан Нұрмановтың 70 немесе 80 жылдығы аталғаны есте жоқ еді. Қаламгердің 90 жылдығын лайықты атап өту – Жазушылар одағының жол, жөн білгендігінің белгісі.
Өкінішке қарай, конференцияда сөйлеген сөзімізді сыннан бастауға тура келді... Жиын алдында шағын бейнеролик көрсетілген еді. Сын пікіріміз сондағы бір сөзге қатысты айтылып қалды. Мамандығымыз журналист болғаннан кейін естігенімізді жедел жазып қалып отырамыз ғой. Бейнероликте оқылған өлеңде «Қайталаған Есенберлин ерлігін» деген жол бар екен...
Қиыспайтын нәрсе. Қиыспайтыны – Ілияс Есенберлиннің атақты «Қаһар» романы 1969 жылы жарияланған. Ал Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы 1968 жылы шыққан. Бұл кезде автор өмірден өтіп те кеткен. Сонда Ақан Нұрманов қалайша өзінен кейін жасалған Есенберлиннің ерлігін қайталайды?! Әрине, осыған сүйеніп, Кенесарыны жазған Есенберлин Кейкіні жазған Ақан Нұрмановтың ерлігін қайталады демей-ақ қояйық. Солай салыстырудың, ондай аналогияның қажеті жоқ, бірақ Есенберлин Кенесарыны жазғаннан кейін барып, Нұрманов Кейкіні жазғандай етіп көрсетудің де жөні жоқ.
«1968 жылы шықты» дегенге назар аударайық. Ол қандай жыл? Ол «Боран» жаңа ғана жарық көрген кез. Ол «Қан мен тердің» бірінші кітабы ғана шыққан кез. Осы тұрғыдан қарағанда, Ақан Нұрмановтың небәрі 33 жасында мұндай роман жазуы сол кездегі ұлттық сөз өнері үшін, қазақ әдебиетіндегі проза жанры үшін резонанстық оқиға болды деудің артығы жоқ. Бұл романның мазмұндық жаңашылдығы, тақырыптық тосындығы, кейіпкер таңдаудағы батылдығы, стильдік тазалығы, прозалық шеберлігі өз кезеңі үшін бөлекше құбылыс. Осыдан аттай елу бес жыл бұрын басылған сол шығарма әлі күнге сонылығын, стиль сұлулығын сақтап тұр.
Толстойдың Лермонтов туралы айтқан «Если бы этот мальчик остался жив, не нужны были бы ни я, ни Достоевский» деген белгілі сөзі бар. Сол сипатты, өкінішті, біз де айта аламыз. Егер Ақан Нұрманов тым құрығанда алпыс жасқа жеткенде, осы «Құланның ажалы» сияқты екі-үш үш роман бергенде, біз талай ғажайып олжаға кенелер едік деп те ойлайсың. Жап-жас қаламгердің барлық шығармасы, әсіресе «Құланның ажалы» романы қандай өлшеммен қарағанда да аса биік талапқа толық жауап бере алатын, шын мәнінде әлемдік үрдістегі проза деңгейін танытады.
Өте шебер жазылған дүниелер сөзінің саздылығына алдымен қараймыз ғой. «Оянған өлке» «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіге қойған жоқ еді» деп басталады. «Қазақ солдаты» «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам» деп басталады. Ал Ақан Нұрманов өз романын былай бастайды: «Отты күн өзінің аумас, айнымас жолымен батысқа қарай құлдилап барады. Қоғалы өткел басы тып-тыныш еді. Кенет алыстан ат дүбірі естілді. Сол сәт өзен бойын қаумалаған қалың тоғай іші айдаһар жорғалап өткендей изең-изең ете қалды да, жас тал жапырағы біраз бұлаңдап тұрып басылды. Өткел басы тағы тыншыды». Қанша жыл өтсе де санамызда сақталып, жадымызда жатталып қалған сөйлемдер. Шығарма рухын ә дегеннен дәл береді. Солай басталған романның бір жерінде мүдіру болмайды. Тайпалып отырады.
Роман өте тартымды сюжетке құрылған. Жаңа айтылған қоғалы көлдің басына Құланның келуі, сол жерде аяқ астынан айдалада тағы бір адамның пайда бола кетуі, оның өзін жоқшылық көріп, қуғындалып жүрген татар жігітімін деп таныстыруы, мергеннің әлгіні аяп, жанына серік етіп алуы, қуғын-сүргін басталғанда жаңағының аяғына оралғы болуы оқиғаны ширықтыра түседі. Талай тараудан кейін оның қазақтың даласын қанға бөктірген жендеттердің бір сілімтігі, ақ гвардияшылардың офицері екені анықталады, ол кәдімгі казактар сотнигі Ефим Кутский болып шығады.
Романның өн бойында пейзаж, портрет, диалог, бәрі-бәрі өз орнында. Әсіресе диалогтердің табиғилығы тәнті етеді. Кейбір романдарда кейіпкерлердің сөзін дауыстап оқып көрсеңіз-ақ жасандылық бірден сыр бере бастайды ғой. Ал бұл романда диалогтің бәрі дәл сол адамдар айтатын, айта алатын, айтуға тиіс сөздермен жазылған.
«Абай ТВ» арнасында Жүсіпбек Қорғасбек жүргізген, осы романды талдауға арналған телехабарда «Революцияны арманшылдар дайындайды, жанкештілер жүзеге асырады, оның қызығын алаяқтар көреді» деген белгілі сөз келтірілген еді. Мына роман сол ойдың тағы бір дәлелі. Қараңызшы. Ұлт-азаттық көтерілісінде атақты Амангелдінің бас сардары болып, ғажайып ерліктер жасаған, аты аңызға айналған қолмерген Құлан сол жеңістің жемісін көру тұрмақ, керісінше, зардабын тартады. Ал сол өткелектен аман шыққан Шарбақбайлар жаңа заманға бейімделіп үлгерген, енді біреулер милицияға кіріп алған, мұның бірауыз артық сөзі үшін айдауыл жұмсап, қамауға алуға отряд шығартады. Айдың-күннің аманында қашқын қылады, банды атандырады. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген сөзді осы романдағы бас кейіпкердің есіміне қарай тікелей айтуға да болады.
Бұл роман тілдік құрылысы, сөйлем ырғағы, интонациялық екпіні жағынан қарағанда да әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінің үрдісінде жазылған. Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақ досы туралы тамаша эсселерінде Ақан Нұрмановтың романның тұтас тарауларын әуелде қағазға орысша түсіріп алғанын әңгімелеген еді. «Сөйтіп, алдымен орысша жазып алсам, кейін қазақша келтіргенде артық нәрсеге кетпеймін» дейді екен. Бұл да бір ерекше жағдай. Романды кемінде екі жыл бойы жазған болар деп шамаласақ, отыздың әрі барса екеу-үшеуіндегі автордың тұтас тарауларды орыс тілінде төгілтуі, осылайша, қамау тері алынған прозаны дүниеге әкелуі, өзін-өзі тежеп отыруы, еш жерде артық бояу жағып жібермеуі қайран қалдырады.
Конференцияны салиқалы сөзімен бастап берген Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік «Бұл романға жаңаша қарайтын кез келді» деп жақсы айтты. Бүгінгі күн биігінен қарағанда «Құланның ажалы» тың проблематиканы алға тартатынымен де назар аудартады. Құланның драмасы – өтпелі кезеңдер драмасы. Өтпелі кезеңдерде өмір қалай өзгереді, өмір өзгергенде адамдар қалай құбылады, адамдардың сол құбылуы авансахнаға кімдерді алып шығады, оларды кімдер сахнадан тайдырады, қалай тайдырады, жаңа кумирлер қалай жасалады, олардың шыны қайсы, жалғаны қайсы деген тұрғыда бұл роман әлі ойлантады, әлі толғантады. Халқымыздың бойындағы бұғып жатқан небір қояларды қопарып көрсетіп береді. Кеше ғана алға ұсталған асылдың, сол жаңа өмірді жақындатқан ердің қудаланып жүруі, ақыр аяғында жаңа заман жендеттерінің қолынан басы шабылуы, сөйтіп, бас сүйегінің неше күн бойы қала көшесінде ілініп тұруы, ақыр аяғында баяғы Санкт-Петербургтің емес, енді... Ленинградтың Кунсткамерасынан бір-ақ шығуы романда тасаланып тұрған тұжырымның өте тереңдігін көрсететіндігі талассыз.
Романның аяқталмай қалғаны, шығарманың соңын қаламгердің досы Қалихан Ысқақ ағамыздың бітіргені белгілі. Біздің ойымызша, осы шешім – күмәнді шешім. Романға қосылған сол екі бет жазылмағанда, шығарма аяқталмаған күйінде қалғанда дұрыс болатындай, қайта жұмбағы арта түсетіндей көрінеді. Ақан Қалихан досына: «Менің жағдайым нашар, тегі осыны бітіре алмаспын, аяғын сен бітір, соңын былай жаз» деп кетпеген шығар. Өйткені Ақанның қаламгерлік түпкі ойын ешкім білмеген, талай естеліктерде Құланды ажалға қалай алып келетінін қанша сұрағанда да ешнәрсе айтпайтыны жазылған. Бірақ финалдың трагедиялық түйіні романның «Құланның ажалы» деген атында анық тұр. Құланның ажалы неден келгенін білу үшін аңыздың да, суреткерлік қиялдың да керегі жоқ. Бас кейіпкердің түп бейнесі екендігі даусыз саналатын, қыпшақтың Құлан руынан таралатын Кейкі батырдың өмірі қалай біткені сол кездің өзінде-ақ баршаға белгілі болатын. Басының шабылып кеткеніне дейін ауызекі әңгімеде айтылатын, өмірінің аяғын жұрттың бәрінің іші біліп отырған. Ақан Нұрмановтың сол қиын заманда сол шиелі түйінді қалай шешетіні жұмбақ күйінде қалғанда әлдеқайда тартымды болар ма еді, сан түрлі пайымдауға мүмкіндікті молайтар ма еді деп те ойлаймыз.
Ақан Нұрмановтың тамаша шығармашылығынан алатын басты тағылымның бірі – білім мен таланттың үйлесім табуы. Адамзаттық мәдениетті емін-еркін меңгеру, әлем әдебиетін зерделеп оқу, үздік үлгілерді жетік білу, үйренетіннен үйрене беру – роман авторының қызығарлық қасиеті. Осындай кезде тағы да Ақан Нұрмановтың прозалық мәдениетіне көп назар аудару қажет. Бұл ыңғайдан да елорда кітапханасындағы басқосудың тағылымды шыққаны талас тудырмайды. Өйткені Ақан Нұрманов – қазақ әдебиетінің аспанынан ағып түскен жарық жұлдыздардың бірі, қандай құрметке де лайықты дара дарын.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымдарының докторы