• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 16 Қараша, 2023

Сыбызғы сазы

323 рет
көрсетілді

Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін көшпелі қазақ әрқашан табиғатпен етене жақын өмір сүрді. Әртүрлі құбылатын табиғаттың дауысына, үніне үңілді, жанын түсінді. Жүгірген аңның, ұшқан құстың, жел-дауылдың, жаңбырдың, сықырлаған аяздың дыбысы қазақтың құлағына сіңіп өсті. Табиғаттың тылсым көріністеріне қанық ата-баба тұрмысында музыкалық аспаптардың көп болуы да осыдан болар. Мәселен, халық музыкасында үрлемелі аспаптардың алатын орны үлкен. Бұл аспаптарды ағаштан, қамыстан, сүйектен, мүйізден, мыстан және саз балшықтан жасаған. Мәселен, сыбызғы, сазсырнай, үскірік, тастауық, бұғышақ, мүйіз сырнай, қамыс сырнай, мессырнай...

Көпке таныс һәм өте көне аспап сыбызғы қурай, өрік ағашы, мыс және жануарлардың сүйегінен жасалады екен. Ұзындығы, шамамен 50 см, алты-жетіге жуық дыбыс ойықтары бар. Бұл аспап басқа үрлемелі аспаптарға қарағанда диапазонының кеңдігімен, тех­ни­калық-орындаушылық мүм­кіндіктерімен, бірқалыпты дыбыс бояуымен ерекшеленеді. Аспаптың динамикалық ерек­шеліктері техникалық мүмкін­шілігі жоғары, әрқилы, әртүрлі мәнер­дегі шығармаларды орын­дауға мүмкіндік береді. Мұның бәрін Ұлттық музейде өткен «Сыбызғының сырлы үні» атты ше­берлік сағатында біліп, тарихымен танысып, сыбызғыны қолмен ұстап, сыбызғышыдан сабақ алдық. Жалпы, сыбызғыны жасау оңай әрі тез болғанымен, аспапта ойнау қиын екен.

Сыбызғы туралы алғашқы жазбаша ескерткіштер XI-XIV ғасырларда пайда болса да, қазба жұмыстары кезінде табылған ас­паптар біздің дәуірімізге дейінгі IV-I ғасырларға жатады. Бұр­нағы заманда батырлар мен аң­шыларға, әсіресе, шопандарға сыбызғы тарта білу аса маңызды болған. Өйткені сыбызғы жайлауда жүрген шопандардың жан серігіне айналған. Жалғыздықтан құтқарған деседі. Ал кешкілік уақытта сыбызғы жыр-аңыздарды сүйемелдеуге пайдаланылған.

Шеберлік сағаты барысында Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов аталған іс-шараның ұлттық маңызына тоқталды.

«Ұлттық музей мәдени мұраны дәріптеуге үлкен көңіл бөледі. Музейімізде Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты бар. Басты мақсат – өзіміздің төл құн­дылықтарымызды зерттеу, одан әрі насихаттау. Бүгінгі іс-шара осы институттың бөлім жетекшісі Ардаби Мәулет бастамасымен ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымды қуантып отыр», деді ол.

Қытай Халық Республи­ка­сынан арнайы келген белгілі күйші-сыбызғышы Бейілхан Қалиәкбарұлы Шыңжаң өңіріндегі сыбызғышылық өнері туралы сөз қозғап, өзінің сыбызғышы ретіндегі жолының қыр-сырымен бөлісті. Сондай-ақ өнерпаз «Ақсақ құлан», «Қабанбай батырдың жауға шапқандағы Қубас аты», «Бердіқожа батырдың атының жүрісі» күйлерін, ал оның шә­кірттері Кенжебек Долдаұлы мен Қазез Мұқиятұлы шебердің өзі шығарған күйлерін орындады.

«Қытайдан келген қазақтардың туған жерінде сыбызғышылық өнер керемет дамыған. Ол жақ­тағы қай сыбызғышыға күй тарт­қызсаңыз да сонау Қайрақбай, Ақымжан күйшілерден қалған күйлерді тартады. Сыбызғы ұс­та­ғанның бәрі сол аты аңыз­ға айналған күйшілердің мек­те­бінен шыққан. Елге келген сыбызғышылар бізде әр өңірде әртүрлі нұсқалары тартылатын «Асқақ құланды» сыбызғыда орындады. Сыбызғының үні, сыбызғының әуезі сонау көне, ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бұл туралы деректер әлі күнге археологиялық қазбалардан табылып жатыр. Қазақ мұны қурай деп те атайды. Башқұртстанда сыбызғының консерваториясы бар. Бізде, өкінішке қарай, Алматыда Талғат Мұқышев деген сыбызғыны кәсіби деңгейде зерттеп, үйретіп, оқу бағдарламасына кіргізіп жүрген жалғыз азамат бар. Сондықтан бүгінгі қазақ өнерінде сы­бызғы­шылық өліп барып қайта тіріліп келе жатқан өнердің түріне жа­тады. Әлі күнге дейін бір кафедра жоқ, әлі күнге дейін сыбызғы үй­­рететін бір орталық жоқ», деді Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының жетекшісі Ардаби Мәулет.

Сондай-ақ шеберлік сағатында аталған өнердің түйткілді мә­селелері де қозғалды.

«Үш сыбызғышы орындаған 100-ге тарта күйді аудио, видео­жазбаға түсіріп, музейдің ғылыми қорына сақтап алдық. Жүз күйден тұратын бұл үнтаспа үлкен олжа болды. Шеберлік сағаты барысында өнерпаздар сыбызғышылық өнердің мәселелеріне де тоқталып, талқылады. Мәселен, Бейілхан Қалиәкбарұлы қазір бізде сы­бызғышы деп жүргендердің көбі ансамбльдерді, эстрадалық аспаптарды сүйемелдеп, ысқырып қана жүрген жай сыбызғышылар екенін айтты. Бұл кісі өзі өмірбақи жылқышы болған адам. Оның сыбызғы тартқандағы әуезі, кө­мейден шығаратын дыбыстары баяғы дәстүрлі нақышта сақ­талған. Жалпы, бұл іс-шараның өтуіне мұрындық болған – сы­бызғышыларды елімізге алдыртып, құжат жағынан көмектесіп, қолдағаны үшін Сыртқы істер министрлігіне қарасты Отандастар қорына, Ұлытау облысының әкім­дігіне ерекше алғыс айтқым келеді», дейді А.Мәулет.

Айта кетейік, шеберлік саға­тына Түркі академиясының фольклортанушы ғалымдары, зиялы қауым мен профессорлар, өнерсүйер жұрт жиналды.