А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің туғанына 85 жыл толуына орай дәстүрлі «Тілтанымдық мектеп» алаңы аясында «Профессор Әлімхан Жүнісбек және қазақ фонетикасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Жиынды ашқан институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан тіл жанашырының ұстаздық ете жүріп, қазақ фонетикасы зерттеулерін жоғары дәрежеге жеткізуге арнаған еңбектеріне тоқталды. Сонымен бірге қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған ғылыми жобалар барысына, қазақ фонетикасы, орфография мен орфоэпия, сингармонизм теориясы саласын зерттеген профессор Әлімхан Жүнісбектің бүгінде өз мектебі қалыптасқандығын әрі осы бағытта шәкірттері ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырып келетіндігі жайында айтып өтті.
Филология ғылымында іргелі зерттеулер жасаған ғалым жайында профессор Жамал Манкеева «Кез келген тілдің болмысын, ерекшелігін танытатын, құрылымын құрайтын дыбыстық жүйесі десек, оны кәсіби қазақ тіл білімі қалыптасқан кезеңнен бастап дамытып, жаңа зерттеу үдерісіне сәйкес қалыптастырған көрнекті ғалымдардың бірі профессор Әлімхан Жүнісбек болатын» деп еске алды. Ж.Манкеева атап өткендей, шын мәнісінде, ғалым осы мәселемен біте қайнасып кеткендей. Профессор осы жүйелі құрылымды жіктеуге байланысты сүбелі еңбектері, ғалымдық тұлғасын былай қойғанда, қарапайымдылығы, ішкі мәдениеті ғылыми зиялылығымен астасып жататын үлкенге де, кішіге де құрметі қашанда оны ерекшелеп тұратын.
Ғылымдағы жолын өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қолға алған профессор Әлімхан Жүнісбек Тіл білімі институтының сол кезеңдегі директоры, академик Ісмет Кеңесбаевтың жөн сілтеуімен А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі фонетика зертханасында білім алып, профессор Зингердің жетекшілігімен эксперименттік зерттеулерге ден қояды. Осы орайда профессор Әлімхан Жүнісбек туралы естелігінде институттың бас ғылыми қызметкері, академик Зейнеп Базарбаева «Әлекеңді сингармонизм теориясының бағына жаралған зерттеуші деп түсінеміз. Ол – қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына зор еңбек сіңірген ғалым. Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектерінің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсті. Теориялық тілтанымдағы жылдар бойы қалыптасып қалған «еуропаөзімшіл» бағытқа қарсы алғаш көтерілгендердің бірі болды. Түркі (қазақ) тілдеріне орынсыз таңылып келген жаңсақ тілдік бірліктердің басын ашып, түркі тілдеріндегі сөздік екпін мәселесін шешіп берді. Оған осы бағытта жазған еңбектері дәлел. Міне, осындай тұтасып тұрған просодикалық ұстанымды жарып шыққан Әлекең еді», деп атап өтті.
Фонетиканы эксперименттік тұрғыдан зерттеуді меңгерген Әлімхан Жүнісбек 1969 жылы академик Зингердің жетекшілігімен «Гласные казахского языка» кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл ғалымның қазақ фонетика ғылымы үшін қосқан үлкен жаңалығы болды. 1989 жылы «Түркі тілдеріндегі сөз просодикасы және қазақ тіліндегі сингармонизм» тақырыбындағы докторлығын жаңа бағытта қорғап шығады. Профессор сингармонизм заңдылығын теориялық тұрғыдан зерттеп, негізін қалады. Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық қорын жасады. Оның сипаттамасын түркі тілтанымында тұңғыш рет ұсынды. Дыбыстардың жасалым, айтылым, естілім айырым белгілерін алғашқы болып ажыратып, үндесім, үйлесім құрамын анықтап берді. Түркі әлеміне танымал зерттеуші ретінде фонетика саласында өзіндік орнын қалыптастырды. Ғалымның қазақ тіл ғылымы үшін маңызды зерттеулері хақында филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли, Бішкек мемлекеттік университетінің профессоры Ташполот Садықов, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Нұрбол Сәдуақас естелігінде бөлісті.
«Төлтүркі деңгейаралық үйлесім жүйесі жасанды зерде сырын ашудың маңызды тетігі» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек бүгінгі күні адамзатпен бетпе-бет келіп отырған жасанды зерде, GPT-4 қатысты ойларымен бөлісті. Сондай-ақ профессор Ә.Жүнісбектің «Сингармология» еңбегіне тоқталып, ғалым зерттеулерінің маңызы жайында айтып берді. «Еліміз ғана емес, шетелдік алаштанушы, түркітанушы ғалымдар үлкен дарын иесінің еңбектеріне тәнті болды. Ғалым дыбыс үндестігін барша түркі тілдерінің ең басты, ең маңызды, құрылымқұраушы, грамматикада да, фонетикада да, сөзжасамда да шешуші рөл атқаратын терең және жан-жақты іргелі теорияға айналдырды. Керек болса, бұдан былайғы бүкіл тілдік компаративистік көзқарастарды мүлде жаңаша сипаттап, өз дегеніне бағындырды. Үндесу, үйлесу, гармонияда болу, бір-біріне сәйкестену, өзара икемделу, үнемі детерминацияда болу құбылысын Әлімхан Жүнісбек семасиологияға да, морфонологияға да, палеолингвистикаға да, тілдің құрылымы мен қолданылуы қатпарларына да тұтас және тікелей қатысы бар маңызды ерекшелік ретінде таныды. Бұл жаңалығы ең бастапқылардан бастап, біз білетін тіл білімі қағидаттарын түбегейлі өзгертті. Бүкіл түркі әлемін еуропоцентристік көзқарастан төл, өзіндік, төлтума ережелер мен пайымдарға көшуге шақырды», деді өз сөзінде Е.Қажыбек.
Профессор Әлімхан Жүнісбек зерттеулерінің ғалымдар үшін маңыздылығына тоқталған профессор Құралай Күдерина «Қазақ және түркі тілдеріндегі үндестік заңы жойылып барады, біраз жылдардан кейін мүлде жойылатын болады деген үрдіспен келе жатқан тұста, өткен ғасырдың 60-жылдарында осыған тосқауыл қойып, үлкен зерттеулер жүргізген, қазақ тіліндегі үндестік заңының өте маңызды екенін айтқан алғашқы ғалым болатын. Мұнымен қоса профессордың зерттеуінен кейін әртүрлі болып келген қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар саны дәл анықталды. Талай оқулық шыққанымен, бұған дейін осы зерттеулерге көңіл аударылмай келген болатын. Осылайша, тоғыз дауысты дыбысты санамалап айтып берген профессор Ә.Жүнісбек болатын», деді ғалым.
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмағали Әбуов «Әлімхан Жүнісбектің сингармонизм теориясының әлемдік тіл біліміндегі рөлі және қазақ дыбыстарын синтездеудің жаңа тәсілдері» баяндамасында «Ә.Жүнісбек түркі тіл білімі ғана емес, әлемдік тіл білімінде, дыбысты зерттеу саласында реформа жасады» деген ойын жеткізді. Осы орайда ғалым IREX гранты аясында Америка сапарын еске алып, Кембридж, Сорбонна универсиеттері, сонымен бірге Жапонияға да Әлімхан Жүнісбек теориясынан баяндама жасағаны, оған шетелдік ғалымдар тарапынан зор қызығушылық болғанын еске алды. Профессордың есімін есте қалдыру мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындарында Ә.Жүнісбек теориясынан арнайы курстар ашу, жасанды зердемен байланысты фотолингвистикаға қатысты жобаларды қолға алу, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы мектепке, Тіл білімі институтындағы зертханаға ғалым аты берілсе деген ұсынысын жеткізді.
АЛМАТЫ