Елімізде фотоэлектр жүйелеріне арналған кәбілдердің алғашқы өндірісі оң жолға қойылды. Радиациялық модификацияланған оқшаулауы бар инновациялық өнімнің жаңа желісін сатып алуға Өзбекстанмен келісімшарт жасалды. Күн батареяларының құрылысына арналған отандық кәбілдік-өткізгіштің алғашқы легін көрші елге жеткізіп те үлгердік.
Ғылым мен өндірістің ілгерілеп жатқанын айғақтайтын бұл бастама Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарына тиесілі. Талапшыл ғалымдар ел нарығындағы тұңғыш радиациялық тігілген оқшаулағышы бар кәбілдік-өткізгіш өнімінің жаңа түрін өндірушілермен бірлесіп жасап шығарды. Өнімнің жобалық қуаты 15 мың шақырымға дейін барады. ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамы ғалымдары фотоэлектр жүйелеріне арналған кәбілдерді әзірлеу технологиясын жасауда үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оның пайдалану қасиеттерін, ыстыққа төзімділігін жақсартқан. Бұл инновациялық өнім баламалы энергия көздері саласында қолданылады.
– Біз бұрын-соңды Қазақстанда кәбіл өнімдерін өндіруде қолданылмаған радиациялық тігу технологиясын қолданамыз. Тотығу деградациясына жол бермеу үшін өңдеу инертті ортада жүргізіледі. Бұл өндіріс әдісі біздің елде қолданылмайды. Біз ЭЛВ-4 электронды үдеткішінде қорғаныш ортада кәбіл өнімдерінің полимерлі оқшаулауын модификациялау жобасын «ҚазЭлектроМашпен» бірлесе жүзеге асырып жатырмыз. Қысқа тұйықталу кезіндегі термиялық тұрақтылықтың жоғары тогі, төмен зақымдану және төмен гигроскопиялық, кәбілдік бұйымдардың үлкен құрылыс ұзындығы мен төмен салмағы, жұмыс режіміндегі оқшаулаудың рұқсат етілген температурасының жоғарылауына байланысты жүктеме қабілетінің жоғарылауы – бұл біздің өнімнің айрықша ерекшеліктерінің бір парасы ғана, – деді «Ядролық технологиялар паркі» жобалау тобының басшысы, «Beta izol» директоры Азат Нұрқасымов.
Айта кетейік, фотоэлектр жүйелеріне арналған кәбілді ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» мен «ҚазЭлектроМаш» бірге құрған «Beta izol» стартап-компаниясы шығарады. Қазіргі кезеңде көрші елдерде отандық осы өнімді сатып алуға деген үлкен сұраныс бар.