Елордада «Мың бала» үздіктері марапатталды. Өзге этнос өкілдері жеткіншектерінің арасында ұйымдастырылған республикалық мәдени-ағарту жобасында өңірлерден 35 жеңімпаз анықталды. Ізгі бастамаға Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған.
Жыл сайын өткізілетін жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты, оның ішінде өзге этнос өкілдерінің жасөспірімдері арасында елдегі бірегейлікті нығайту, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру. Салтанатты іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Сенат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.
– Тіл тағдыры – ел тағдыры. Жобаға тартылған мыңнан аса жасөспірім қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақы ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Жерінің тарихы мен тілін меңгеріп өскен ұрпақ болашақта ел іргесінің бүтін болып қалыптасуына ықпалдасады. Бұл жоба татулықтың, бірліктің бастауы. Сондықтан осы игі іске атсалысып, үлес қосып жүргендеріңізге алғыс білдіремін, – деді Марат Әзілханов.
«Мың бала» жобасы аясында барлық аймақта жыл бойы түрлі бағыт бойынша қазақ тілін меңгеруге арналған 6 мыңнан астам іс-шара мен байқау өткізілген. Оған биыл 320 мыңнан аса бала қатысыпты. Қорытынды кезеңде вокал орындаушылар, домбыра мен қобыз аспабында ойнайтындар «Өнерлі өрге жүзер», ал мәнерлеп оқитындар мен жас ақындар «Жарқыра, жас дарын!» аталымдары бойынша іріктелген. Кейін үздіктер елордада бас қосты. Іс-шарада Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетудің маңызына тоқталды.
– Кейінгі жылдары өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген құштарлығы артып келеді. Мемлекеттік тілді меңгеруде айрықша ынта-ықылас танытып, тіл білгенінің арқасында биік белестерден көрініп жүр. Осы орайда мемлекет тарапынан қазақ тілін үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған. Түрлі кітап, жинақтар мен бейнежазбалар көпке қолжетімді. Министрлік әлеуметтік желілерде этносаралық тақырыпқа қатысты сапалы қазақ тілді контентті дамытуға, түрлі әлеуметтік-мәдени топтардың жастары үшін бірыңғай мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталған жобаларды қолға алып, жүйелі іске асырып жатыр. Соның бірі – «Мың бала» жобасы, – деді вице-министр.
Жеңімпаздар арасында «Жарқыра, жас дарын!» аталымы бойынша Астана қаласынан Полина Марталер, Алматы қаласынан Шахмина Турганова, Шымкент қаласынан Дурдана Абдурахманова, Абай облысынан Александар Дуденко, Ақмола облысынан Альбина Азат, Ақтөбе облысынан Анастасия Лымарь, Батыс Қазақстан облысынан Амир Исембаев, Жамбыл облысынан Саид Айденов, Жетісу облысынан Карина Сёмкина, Солтүстік Қазақстан облысынан Айсун Асланова жүзден жүйрік деп танылды. Ал «Өнерлі өрге жүзер» аталымында озық болғандар қатарында Солтүстік Қазақстан облысынан Никита Скоба, Түркістан облысынан Дильноза Таджимет, Ұлытау облысынан Ксения Гапоненко және Ильнар Сабиржанов, Павлодар облысынан Алексанад Тарасенко, Маңғыстау облысынан Сафия Амангалиева бар. Олар іс-шарада қазақ ақындарының туындыларын мәнерлеп оқып, мәдениет қайраткерлерінің музыкалық шығармаларын нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ өнерпаздар өздері шығарған өлеңдерін жиналған қауымға паш етті. Ізбасарларына «Мың бала» жобасының 2015 жылғы жеңімпазы, Сенат депутаты Геннадий Шиповских игі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсетті. Президент тапсырмасы негізінде күні бүгінге дейін ҚХА біраз іс-шараны ұйымдастырды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі қашанда биікте. Астана төрінде республиканың түкпір-түкпірінен жиылып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сайрауы соның айқын көрінісі. Жеткіншектердің мерейі үстем, болашақтары жарқын болсын, – деді ол.