• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Ауыл 19 Қараша, 2023

Өткелдің арғы беті, бергі беті

241 рет
көрсетілді

Тасқала – аудан орталығы. Аудан орталығы болғандықтан, тұрғындардың көп тоғысқан жері.

Жергілікті халық ауылдың батыс бөлігін элеватор жағы деп атайды. Оның себебі аудан­дық орталықтандырылған ауру­хана­ның қасымен өтетін өткел элеватормен жалғас­тыра­ды. 2021-2022 жыл­дары ауыл­іші­лік жолдарға асфальт төсел­генде өткелге күрделі жөн­деуден өткі­земіз деп, бұрынғы са­лын­ған жіңішке темір трубалар­ды алып тастап, диаметрі үлкен 11 темір труба салды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2021 жылы 28 ауыл­ішілік көшелер күрделі жөн­деуден өтетіні анықталып, конкурс қорытындысы бойынша жоба мердігерлері болып «Айдана» ЖШС мен «Ануш Құры­лыс» ЖШС анықтал­ды. Күр­делі жөндеуге анау-мынау емес, республикалық және об­лыстық бюджеттен 1 779 121 000 теңге қарастырылғанын есті­ген аудан тұрғындарының қуаны­шында шек болмады.

Жыл сайын жаз бен күз айларында жаңбырдан, жазғытұ­рым қар суынан зардап шегетін жағдайды ұмытатын болармыз деп армандаған еді...

Ескі өткел болған шақта ауыл малының су ішуіне, қаз-үйректің еркін жүзуіне арнаның суы жетпей жататын. Элева­тор­мен жал­ғас­тыратын көпірдің үстімен өтетін күрделі жөндеу тізіміндегі 28 көшенің бірі осы еді.

Жоғарыда жазғанымыздай, су толып тұратын өткелді бұзып, жаңа су жүретін темір сақиналар салды емес пе? Не себепті екені белгісіз, темір сақиналардың су ұстау биіктігі төмен түсірілді. Сол себепті жазғытұры жиналатын қар суы Деркөл өзеніне ағып ке­тіп жатты.

Бос қалған су арнасының орнына қамыс қаулап өсті. Қамыс­ты шауып, арнаны тазалау жөнін­де тиісті орындарға тұрғындар атынан арыз-шағымдар жазылды. Бірақ шара қолданып жатқан басшы жоқ.

Жазғытұры гүлдері, күзде үпе­лектері ұшып мазаны қашы­рады. Күшті жел тұрғанда, ық жағын­дағы үйлерді аппақ түсті «қар» басып, ұшқан үпелек­тері адамның дем алуына кесі­рін ти­гізіп, мұрындарын тұм­ша­лай­ды. Әзірше өткелде жа­сал­ған күр­делі жөндеудің сиқы осындай.

Су арнасында қалмай ағып кететіні былай тұрсын, салын­ған 11 темір сақинаның түптері цементтеліп бекітілмеген. Со­ның салдарынан жаңбыр мен қар суы өткелдің үстінен жан-жа­ғ­ына ағып, машиналардың қозғалысына қауіп туғызып отыр.

Қазір трубалардың суағар жағындағы бос топырақ өт­кел­дің орта беліне дейін  мүжіліп, қауіпті жағдайда тұр. Оның үсті­не жаяу жүргінші­ге арналған жол жоқ. Әрлі-берлі ағылған маши­налардан қарсы келе жат­қан адамдар қалай қашарларын білмей дал. Балалар үшін де, үлкендер үшін де өте қауіпті.

Ауылдың күншығыс теріс­кей жағында колледж, аудандық орталықтан­ды­рыл­ған аурухана, бірнеше бала­бақша, сауда орындары бар. Сон­дықтан сол тұстан ертелі-кеш кісі үзілмейді. Жаяу жүретін тұр­ғындар үшін де, мектепке баратын оқушылар үшін де, әсіресе машина жары­ғы ша­ғы­лысқан түн мезгілінде ­өту қауіпті екенін кімге айтып түсін­діреріңді білмейсің...

«Ауыл – ел бесігі» мемлекет­тік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға сәйкес автокөліктерге арнал­ған тасжолдармен қатар кейбір көше­лерге жаяу жүргіншілер­ге арнал­ған жаяужолдар да салы­наты­ны айтылған болатын. Енді, міне, бәрі ұмытылып, ес­керу­сіз қал­ған­дай. Көзге кө­рін­­ген осындай ол­қылықтар мерді­гер­лер­дің кем­шілігі екені айтпаса да түсінікті.

Ауыл тұрғындары үшін ма­ңыз­­­ды мәселенің бірі – су.

Осы өткелдің қақ түбінен шығып жатқан тұп-тұщы бұлақ суы бар. Бұл бұлақты кеңес өкі­меті тұсында сол кездегі ауыл басшысы айналасын темір тор­мен қоршатып, дәнекер­леп, оның үстіне цемент сақи­на орнатып, су алу үшін әдейі ыдыс қой­ды­рыпты. Кейінгі тоқырау жыл­дарында жарық болмай қал­ған уақытта ауыл тұрғындары осы бұлақты пайдаланып, біраз қажет­іне жаратыпты.

Қазір сол жер астынан шы­ғып жатқан бұлақтың қорша­ған темір қоршауы ғана қалған. Цемент сақинасын жұлып алып лақтырып тастаған. Бұлақ­ты қал­пына келтіру жөнінде ауылдың бұрынғы және қазіргі округ әкімдеріне ауызша да айтылып, жазбаша да өтініштер беріл­ген еді. Амал қанша, тұр­ғындар талабы ескерусіз қалды. Осы мәселені жергілікті билік өкілдерінің есіне тағы бір мәрте салып қойған­ды жөн көрдік. «Темір трубалар­дың екі жа­ғын цементтеп берсе, өткелдің не­гізгі бөлігін кеңейтіп, жаяу жүргіншілерге арнап жаяужол салынса, бұрынғы бұлақ қалпына келтірілсе» деген тұрғындар өтініші аяқсыз қал­маса екен.

Тасқалалық тұрғындар ауылдың элеватор бөлігіне өте­тін өткелдің және бұлақтың қа­жеттігін мәселе етіп көтеру­ден танған емес. Таяуда аудан әкімі қызметіне кіріскен Талғат Шәкіров үміт­кер ретінде аудан әкімдігіне кандидат болып тір­келіп, аудан тұрғындарымен кездескенінде тұрғындарды толғантқан өзекті мәселелерге бар күш-жігерін салатынын айт­қан болатын. Сол уәдесіне сай өт­кел мен бұлақ мәсе­лесі толық ше­шімін табады деп үміттенеміз.

 

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы,

Тасқала аулы