• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 20 Қараша, 2023

Еңбек күші қаншалықты жасарды?

306 рет
көрсетілді

Қараша айында Қазақстан халқы 20 миллионға жетті. Де­мография­ның өсуі экономикамен етене байланысты құбылыс екені даусыз. Бұл ретте халықтың еңбекке қабілетті бөлігі маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.

Елімізде халықтың еңбекке қабілетті бөлігінің үлес-салмағын көтеру күн тәртібінен түскен емес. Өйткені бұл экономика мен еңбек нарығының күретамыры екені белгілі. Ресми деректерге көз жүгіртсек, елімізде еңбекке қабілетті халық саны 2010 жылға дейін тұрақты өсіп отырғаны байқалады. Өсу қарқыны жас­тарда мол. Мәселен, 2010 жыл мен 2023 жылдың деректерін салыстырғанда 15 пен 64 жас аралығындағы халық саны 9,7%-ға (1,1 млн адамға) өсіп, 12,3 млн болған. 0-ден 14 жас аралы­ғын­дағы балалар саны 48,7%-ға (3,9 млн адамнан 5,8 млн адам­ға дейін), ал 65 жастан асқан қарттар 51,4%-ға (1,1 млн адам­нан 1,7 млн адамға дейін) өскен. Бұл ретте балалар мен егде кісілер­дің саны қарқынды өскені байқалады.

Экономикалық зерттеулер институтының сараптауынша, 2023 жылдың басында 15 пен 64 жас аралығындағы халықтың үлесі 62% болған. Бұл – ел тәуел­сіздігі кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш. 2010-2023 жылдар ке­зеңінде еңбекке қабілетті ха­лық­қа жалпы демографиялық жүктеме коэффициенті 36,1%-ға өскен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2010 жылы елде 1 мың еңбекке қабілетті азамат болса, 15-64 жас аралығындағылар – 450, ал 2023 жылы бұл сан 613 болған.

«Демографиялық жүктеменің жыл сайынғы өсуі балалар мен қарттардың есебінен жүре­ді. Ал кейінгі жылдарда егде адам­дардың жүктемесі артты. Биыл еңбекке қабілетті жастағы мың адамға шаққанда демографиялық жүктеме 476 баланы (жиынтық жүктеменің 77,7%-ы) және 137 қартты (22,3%) құрады» дейді Экономикалық зерттеулер инс­титутының сарапшы маманы Анас Әбуов.

Маманның айтуынша, бұл мәселеде демографиялық ахуал­дың да әсері көп.

«Елдегі еңбекке қабілетті халық үлесінің жыл сайынғы тө­мендеуі негізінен туу көрсет­кішінің жоғары деңгейімен және халықтың жас құрылымын­дағы өзгерістермен байланыс­ты. Сон­дай-ақ өлім-жітімнің жас құ­рылымы (елдегі барлық өлім-жітімнің шамамен 40%-ы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі) және көші-қон өз әсерін тигізеді. 2016-2021 жылдар аралығында көші-қонның кері сальдосындағы 15-64 жас аралығындағы ха­лықтың үлес салмағы орта есеп­пен 66%-ды құрады», дейді ол.

БҰҰ зерттеуінше, елімізде еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуі 2027 жылға дейін жал­ғасуы мүмкін. 2040 жылға дейін өсіп, одан соң қайтадан төмендеу басталады деп болжанып отыр.

«Экономика мен демо­гра­­фия – қатар жүретін құбылыс. Елімізде еңбекке қабілетті халық­тың ең көп үлесі және эконо­­мика­лық өсу мүмкіндіктері 2000 және 2010 жылдары бай­қалды. Алайда ха­лық­тың жас құры­лымының өзгеруі және елдің әлеуметтік-эко­но­микалық жағ­дайына әсері әлі толық зерттелме­ген», дейді сарапшы.

Демографиялық дивиденд деген ұғым бар экономикада. Бұ­лай деп негізінен еңбекке қа­білетті жастағы (15 жастан 64 жасқа дейін) халықтың үлесі ең­бекке жарамсыз жастағы (15 жас­қа толмаған және 65 жастан асқан) халықтың үлесінен асқан кезде өзгерістерден туындауы мүмкін экономикалық жағдайды айтады. Экономистердің айтуын­ша, демографиялық дивиденд тұжырымдамасы алғаш рет 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жыл­дардың басында халықтың жас құрылымындағы өзгерістер мен Шығыс Азия елдеріндегі (Қы­тай, Оңтүстік Корея және т.б.) жедел экономикалық өсу ара­сындағы байланысты сипаттау үшін енгізілген. Зерттеу нәти­желері халықтың жас құры­лы­мын­дағы қолайлы өзге­ріс­тер осы аймақтағы елдер­дің эконо­микалық негізгі фактор­ларының бірі екенін көрсетті.

Қорытындылай келе, қа­зір­гі төмен көрсеткіштер де­мог­рафиялық жүктеменің ұл­ғаюынан болып отырғанын жаз­дық. Алайда сарапшылар ха­лықтың жас ерекшелігіне байланысты бұл үрдіс уақытша жағдай екенін айтады. Мәселен, қазіргі жас ұрпақ ертеңгі еңбек адамы екені даусыз.