Алматы энергокешенін табиғи газға ауыстыру жолында кезекті маңызды қадам жасалды. Президент тапсырмасына сәйкес «QazaqGaz» ұлттық компаниясына қарасты «Интергаз Орталық Азия» ұйымы газ инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңін ойдағыдай аяқтады. Осылайша, алып шаһардың жылу және электр энергиясының негізгі көзі – 2-ЖЭО-да көгілдір отын алауы жағылып, энергетикалық қауіпсіздікке, әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей әсер ететін өзекті жоба ел өміріне жол тартты.
Жылу электр орталықтары, көмірмен жылытылатын жеке сектор, автокөлік, сондай-ақ тиісті нормаларды ескермей салынып, желдің табиғи айналымын бөгейтін құрылыс ‒ қала ауасының ластануына, сәйкесінше, тұрғындар денсаулығының сыр беруіне әкелетін бұлтартпас факторлар екені айқын. Жыл сайын атмосфераға шамамен 125 мың тонна ластаушы заттардың шығарындылары тарайды. Қоршаған ортаға автокөліктің ‒ 55%, қалалық ЖЭО мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ‒ 35%, сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлердің ‒ 10% кері әсері тіркелген. Осының бәрі қаланың таза ауамен тыныстауына барынша кедергі келтіріп отыр. Атмосфералық ауадағы (көліктен, қазандықтардан, ЖЭО-дан және басқа кәсіпорындардан) NO2 азот диоксидінің мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан екі есе артық. Ауа ластануының асқынып кетуінің негізгі себебі – жылу электр орталықтарының және жеке сектордың күлі көп көмірді жағуы. Жыл сайын жылыту маусымында 2-ЖЭО шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, 660 мың тонна күл шығарады. Ендеше, әсем Алматы қою тұмшаға бөкпеуі үшін экологиялық жағдайды сауықтыруға, түрлі салада тәуекелдерді азайтуға арналған байсалды көзқарас, ақылға қонымды іс-қимыл қажет. Осыған байланысты 2030 жылға дейін өнеркәсіптік және жеке секторларға газ тарту көзделіп, тиісті жоба қаланы дамыту бағдарламасында және Алматының жаңартылған Бас жоспарында бекітілген.
Алматының жылу мен электр энергиясына қажеттілігін ірі үш жылу электр орталығы қамтамасыз ететіні белгілі. Бүгінгі таңда барлық үш стансада жаңғырту және газға көшіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап өтсек, жалпы қуаты 225 МВт-қа дейін бу-газ қондырғыларын орнатумен стансаны кеңейтуді көздейтін 1-ЖЭО жобасы 2025-2028 жылдары іске асырылады. 2-ЖЭО-да қуаты 557 МВт-қа жететін бу-газ қондырғысы базасында қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, стансаны жаңғырту және жаңа станса салу жұмыстары жүргізілуде. Ал 3-ЖЭО жобасы бойынша жалпы қуаты 545 МВт бу-газ қондырғыларын орнатумен стансаны кеңейту жоспарланған.
Бүгінде Алматы 2-ЖЭО белгіленген электр қуаты 510 МВт және жылу қуаты 1411 Гкал/сағ біріктірілген өндіру бойынша еліміздегі ең ірі жылу стансасы саналады. Станса орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағы жылуының шамамен 70 пайызын және Алматы электр энергиясының 50 пайызын қамтамасыз етеді Барлық жылу электр орталығы «Алматы электр станциялары» АҚ-ға тиесілі. Алматы ЖЭО жаңғырту жобасын «Самұрық-Энерго» АҚ жүргізсе, газ инфрақұрылымын салумен «QazaqGaz» компаниясы жүйелі түрде айналысады. Айтулы жоба қаладағы және қала маңындағы елді мекендерде ауаның ластануын азайту арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, энергия тапшылығын жоюға бағытталған. Сөйтіп, шығарындылардың айналаға кері әсерін азайту мақсатында Екібастұз көмірімен және мазутпен жұмыс істейтін ЖЭО-2, ЖЭО-3 кезең-кезеңімен газға ауыстырылады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, табиғи газға көшу 2026 жылға қарай ластаушы зат шығарындыларының көлемін жылына қазіргі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Газ берудің қосымша көзі энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға және Алматы облысы бойынша, оның ішінде ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газдандыруды ескере отырып, Алматы энергокешені үшін газды сенімді және үздіксіз тасымалдауға бағытталады. Нәтижесінде, жалпыәлемдік стандарт деңгейінде жеткілікті таза ауаны қамтамасыз етуге қол жеткізілмек.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның 2017 жылы Алматыдағы ең көне 1-ЖЭО-ны экологиялық таза отынға ауыстыруы қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін айтарлықтай төмендетуге ықпал етті. Мысалы, 2013 жылы атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының көлемі 3 мың тонна болса, 2019 жылға қарай көрсеткіш 0,8-ге дейін азайған. Бұл ретте ЖЭО-да электр энергиясы мен жылу өндіру үшін көмірдің жануы кезінде пайда болған күл-қож қалдықтарын жоюға мүмкіндік туды. «АлЭС» АҚ дерегіне қарағанда, газ тәріздес отынға көшу кезінде оны пайдалану тиімділігін арттыруға қол жеткізілді. Сонымен бірге табиғи газға көшумен қазандықтардың жұмысындағы технологиялық ауытқушылықтар да азайды.
Сонымен бірінші кезеңге бір автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы және «Алматы-Байсерке-Талғар» мен «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбыры газ есептеу стансасымен кірді. Батыс жылу кешені автоматтандырылған газ тарату стансасына (АГТС) жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Алматы жылу электр орталықтарын газ инфрақұрылымына ауыстыру жұмыстарының бірінші кезеңін мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Бұдан бөлек, біз жылу электр орталығын газға көшірудің келесі кезеңіне өту үшін «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралдық газ құбырының екінші желісін салуды бастадық», деп атап өтті газ мамандарын ауқымды жобаның жүзеге асырылуымен құттықтаған «QazaqGaz» басшысы Санжар Жаркешов.
Автоматтандырылған газ тарату стансасы 2-Жылу электр орталығын табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған. Оның өнімділігі – 250 мың м3/сағат. «Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры, «QazaqGaz» ұлттық компанияcы мен Алматы қаласының әкімдігіне аталған жобаны жеделдетуді тапсырған болатын. Жалпы, еліміздің энергетика саласы, Алматы қаласының экологиясы, орта және шағын бизнесі үшін өте маңызды жоба деп айтсам қателеспеймін. Алматы қаласының индустриалдық аймағында орналасқан бизнес субъектілеріне үлкен көмек болады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтер бойынша тең басқарушысы Елжас Отыншиев.
Сондай-ақ «Қазақстан-Қытай» және «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралдық газ құбырлары арасындағы TIP-04 жалғастырғыш газ құбыры газ есептеу стансасымен Алматы жылу электр орталығын ғана емес, сонымен бірге Алматы және Алматы облысының тұрғындарын да тұрақты газбен қамтамасыз ете алады. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 9,6 км, ал өнімділігі ‒ 1 млн м3/сағатты құрайды. Бұдан бөлек, «Батыс жылу кешені» автоматтандырылған газ тарату стансасы «Алматы» индустриялық аймағында ірі өнеркәсіптік және өндірістік бизнес-жобаларды іске асыру үшін газ жеткізеді. «Батыс жылу кешені» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын 2016 жылы жеке мердігерлік ұйым жүргізген, бірақ сол күйі пайдалануға берілмеген. 2023 жылы «QazaqGaz» бұл олқылықты жойып, нысанды өз қаражаты есебінен жаңғыртты. АГТС өнімділігі 140 мың м3/сағ құрайды, оның ішінде стансаның екі желісі – Алматы тұрғындарына сағатына 90 мың текше метр және индустриялық аймаққа сағатына 50 мың текше метр газ таратады. «Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындары үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Президенттің өңірлерді газдандыру жөніндегі тапсырмасының аясында Алматы қаласының 2-Жылу электр орталығына арналған автоматты газ тарату стансасы (2-ЖЭО АГТС) құрылысының аяқталуы барлығымызға ортақ сәтті қадам деп санаймын. Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар аудандарында орналасқан жылу электр орталықтарын көгілдір отынға ауыстыру, облысымыздың бірнеше елді мекендерінің экологиясын жақсартып, бірқатарын газбен қамтитын болады. Аталған жоба сонымен қатар «G4 City» жобасы аясында салынатын қаланы газбен жабдықтайды», деп атап өтті Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.
TIP-04 жалғастырғышы газ есептеу стансасымен заманауи технологиялар бойынша салынған. Қазіргі уақытта барлық торап пен жабдық толық қамтамасыз етіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы магистралдық газ құбырлары басқармасы филиалының директоры Руслан Сүйіндіковтің түсіндіруінше, резервтік желілер қолданыстағы сұраныстарға толық сәйкес келеді. Нысан болашақ сұранысты толығымен жабу мақсатында 20-30 жылға есептеліп салынған. Атап өтерлігі, «Интергаз Орталық Азия» компаниясы газ саласын жаңарту мен әртараптандыру бойынша мол тәжірибеге ие. Компания елдің транзиттеу әлеуетінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында республикада орналасқан магистралдық және таратушы газ құбырларының барлық жүйесімен сапалы операторлық қызметті, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін, сонымен бірге жергілікті кадрларды дамытуды тиімді жүзеге асырып келеді.
«QazaqGaz» басшысы С.Жаркешов атап көрсеткендей, газды жыл сайын тұтыну, әсіресе оңтүстік өңірлерде, Алматының шығыс бөлігінде, Талғарда өсуде. Магистралдық газ құбырларында қысымды қажетті деңгейде ұстап тұру үшін бұл көпір шешуші рөл атқарады. Жалғастырғыш нысан жұмысының негізгі қағидасы ‒ қысымды төмендету. Өйткені «Қазақстан-Қытай» магистралдық құбыры арқылы газ жоғары қысыммен (100 кг) келеді. Ал «Алматы-Байсерке-Талғар» құбырына дейін жалғастырғыш құбырда қысым реттеліп, екі есе төмендетіледі. Ол үшін жоғары технологиялы арнайы өлшеуіш станса жұмыс істейді. Сөйтіп, газ әрбір үйге жеткенше қысым тағы өзгертіліп, тиісті қалыпқа келтіріледі. Дегенмен көпшілік қажетті қысымның болуына қарамастан, жылудың әлсіздігіне шағымданып жатады. Айта кету қажет, қазірде қызметі ешкіммен реттелмейтін жеке мекемелер қысымды ұстап тұруға, техникалық қажеттіліктерге, қызмет көрсету сапасын көтеруге әр кез қаржы бөле бермейді. Соған қарамастан олар Кәсіпкерлік кодекс, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттің бизнеске қатысуын азайту аясында жұмыстарын еркін жалғастырып жатыр. С.Жаркешовтің пікірінше, мұндай компаниялардың қызметі заңмен реттеліп, тиісті органдардың бақылауына алынуы қажет.
Сонымен қатар жылу электр орталықтарын газға көшіру шарасы жылу мен электр энергиясының құнына қалай әсер ететіні де алматылықтарды толғандырмай қоймайтыны белгілі. Бұл ретте мамандар тарифті Табиғи монополияларды реттеу комитеті бақылайтынын, белгілі бір өсім орын алғанымен, бұл бағаның күрт қымбаттауына әкелмейтінін айтады. Көгілдір отын тұрғындарға ішкі бағамен жеткізілетін болады. Әрине, газ көмірден қымбатырақ болғандықтан, тарифтің біртіндеп өзгере бастайтыны, бұл тұрғыда қандайда бір үдеріс алдағы жылдары 2-ЖЭО-ны газға көшіру жұмыстары белсенді жүре бастаған кезеңде нақтыланатыны түсінікті.
Алматы