• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қараша, 2023

Зорлық-зомбылық қайтсе азаяды?

144 рет
көрсетілді

Кеше Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға Президент Әкім­ші­лігінің өкілдері, Парла­мент депутаттары, Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары мен мүдделі тұлғалар қатысты.

Отырысты ашқан Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша шаралар кешені қабылданып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде көшедегі мәдениет­сіз­діктен бастап ұрлау, тонау және кісі өлтіруге дейінгі қыл­мыс­тардың барлық түріне қарсы күресті ширату қажет. Жыл басынан бері 80 адам кісі өлтіргені, өлімге әкеп соқтырған ауыр зиян келтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. 2023 жылдың үшінші тоқсанында ғана 27 мың «отбасылық жан­жалқой» әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды. Себебі биылғы 1 шілдеден бастап полиция мұндай адамдарды өз бастамашылығымен анықтау құқығына ие болды. Ал алдыңғы тоқсанда жәбірленушілердің өтініштері бойынша тек 7 мың әкім­шілік құқық бұзушы жауап­қа тартылған болатын», деді Б.Асылов.

Бас прокурордың айтуынша, жуырда Астанада Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін қо­ғам­да зорлық-зомбылық мәсе­лесі айрықша ушығып тұр. «Қазіргі таңда еліміздің 150 мың аза­ма­ты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту туралы петицияға қол қойды. Сондықтан бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, бәрімізден тізе қоса отырып күресуді талап етеді», деді Бас прокурор.

Отырыс барысында қоғамда осындай келеңсіздіктің таралуына ықпал етіп отырған бірқатар фактор бар екені атап өтілді. Әлі де отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың көп бөлігі жасырын қалып жатыр, өйткені жәбірленушілер қорқып, шаңырағындағы озбырлықты көпшілікке жаюға батылы бара бермейді.

Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева отбасылық-тұр­мыс­­тық зорлық-зомбылық оқи­ға­ларымен әр мемлекеттік ор­ган өз бетінше күресіп жат­қа­нын және өзара байланыс жағы кем­шін екенін атап өтті. «Әрбір мемле­кет­тік орган жеке талдау жасап, қандай да бір шешім қабылдайды. Алайда біз бір-бірімізбен тә­жірибе алмаса бермейміз. Тек ор­та­­лықта ғана емес, аймақтар деңгейінде күш-жігерімізді қалай біріктіреміз? Осы жұмыстардың бәрін үйлес­ті­ретін бір тетік керек», деді А.Балаева.

Бас прокуратура Қоғамдық мүд­­делерді қорғау қызметінің бас­шысы Марат Әбішев елі­міз­де 200-ден астам аудан болса, соның 85 пайызында дағдарыс орталықтарының жоқ екенін алға тартты. «2022 жылы әлеуметтік қызметтер (дәрігерге дейінгі меди­ци­налық, психологиялық, заң көмегі, оның ішінде құжат­тар­ды қалпына келтіру бойын­ша т.б.) 2 749 адамға көр­се­тіл­ге­німен, олар­дың саны 13 есеге көп болды, яғни 38 мың адамды құрады», деді Марат Әбішев.

Жиын барысында өзге де қа­ты­су­шылар сөз алып, қыл­мыс­­тың алдын алу жұмыс­тарын жетілдірудегі маңызды бағыт «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ілгерілету екенін атап өтті. Бұл ретте жазаның бұлтарт­пастығы халықтың құ­қық­тық мәдениетін арттырумен, азаматтардың ел заңдарына және бір-біріне деген құрметіне тәрбиелеумен қатар жүруге тиіс. Құқық бұзушылықтың барлық түріне қарсы ұстанымды әрбір адамның бойында ерте жас­тан қалыптастырған абзал.

Талқылау қорытындысы бо­йынша отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қыл­мыстың алдын алуды күшейту бағытында бірқатар шара ұсы­нылды.