• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 22 Қараша, 2023

Өлеңдегі өзіндік өрнек

212 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ лирикасы және Марфуға Бектемірова поэзиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Белгілі ақын һәм аудармашы, публицист марқұм Марфуға Бектемірованың шығармашылығына арналған рухани іс-шарада қазақ жырының өрісі, тәрбиелік мәні мен танымдық сипаты туралы тақырыптар қозғалды.

Конференцияда университеттің әлеу­меттік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова сөз сөйледі, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар баяндама жасады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің ақын шығармашылығының мәні мен маңызын ерекшелеген құт­тық­тау хаттары оқылды. Филология ғылы­м­дарының докторы, профессор, ақын Жанат Аймұхамбет баяндамасында ақын шығар­машылығына жан-жақты тоқталды.

«Марфуғаның сыршыл да нәзік жанды ақын санасында орныққан аяулы ұғымдар оның өлеңдерінің тамыры болып бүлкілдеп, арманы мен аңсарын, өмірлік ұстанымын, өзіндік болмысын айқындайды. Әсіресе тазалықты, мейірімді, адалдықты тоғыстырған мөл­дірлік – Марфуғаның ақындық табиғатын аңғартатын поэтикалық бейнеге айналған. Ақынның әлемі елеусіз ғана аққанымен, өзгелерді өзіне еріксіз тартатын мөп-мөлдір бұлақ тәрізді», деп түйіндеді ол баяндамасын.

Жазушы, публицист Бақыт Рүстемов, Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ер­бол Тілешов жылы лебіз білдіріп, Жазу­шылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы ақын­ның өлең өлкесіндегі өрнегіне назар аударса, Қырғыз Республикасының И.Арабаев атындағы мемлекеттік универ­сите­тінің профессоры Аида Эгембердиева онлайн қатысып, баяндама жасады.

Ақын шығармашылығын кезінде Ақселеу Сейдімбек: «Жай сезім емес, поэзияға айналған сезім. Азапты ақылға жеңдіру, ақылды Алла атымен ұштастыру поэзия мәртебесін одан сайын биіктетіп тұр. Мұндай поэзия жаныңды жадыратады, рухыңды асқақтатады. Марфуға үшін аяулы сезім мен асқақ рухтың тұғыры туған жер, атамекен, қазақтың қадір-қа­сиеті», деп бағалағаны белгілі.

Ақмола облысында дүниеге келген Марфуға Бектемірова соңына аз мұра қалдырмаған. «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Ақ­қуым, менің қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақ­тарының авторы. Шығармалары бірнеше ұжымдық жинақтар мен анто­логияларға енген. Орыс ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін аударған.

Іс-шара ақынның жары, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лау­реаты Есенгелді Сүйіновтің сөзімен қоры­тындыланды.