Елімізде 18 мыңнан аса есірткіге тәуелді адам бар. Олардың басым бөлігі Алматыда есепте тұр. Жыл басынан бері мегаполисте наркологиялық дертке шалдыққан 1 200-ге жуық азамат бақылауға алынған. Өзекті өртейтіні, нашақорлыққа салынғандар арасында кәмелетке толмаған балалар көбейіп келеді. Жасөспірімдерді бұл кеселден қалай қорғаймыз?
Қазір Алматы қаласында 16 жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр. Өткен жылы бұл тізімде 13 бала болған. Тіркеуге тұрып, ем қабылдаудан қорқып жүргендердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы есірткіге әуестік «трамадол» сынды қолжетімді препараттардан басталады. Жақында әлеуметтік желіде «Жаңа адамдар» парақшасының белсенділері жүргізген арнайы рейд нәтижесі жарияланды. Олар ықтималдылығы жоғары дәрі-дәрмек дәрігердің нұсқауынсыз сатылып жатқанын анықтаған. Белсенділер шаһардағы 16 дәріханаға кіріп, дәл осындай екі фактіні тіркепті.
«Барлық жағдай бейнекамераға түсірілді. Заң бойынша мұндай препараттардың рецептісіз сатылуына тыйым салынған. Тәуелді жастар дәрілердің жағымсыз әсері туралы біле тұра, есірткі ретінде пайдаланады. Көп жағдайда, мұндай «ләззат алу» үшін көп ақша керек емес. Кей кезде фармацевтер рецептің барын тексеруді ұмытады. Ал кей дәріханалар мұны мүлдем істемейді. Тәуелді сатып алушылар арқылы кәсіпкерлер табысын арттырып жатыр», делінген Instagram-дағы хабарламада.
Кәмелетке толмаған балалардың нашақорлыққа әуестенгенін ерте анықтау қиын, өйткені ата-ананың көбі мектептерде психобелсенді заттарды қолдану бойынша тексеріс пен зерттеу жүргізуге қарсы болады. Тіпті өз перзенттерін есірткіге тәуелді етіп қоятындары да кездесетін көрінеді.
«10 жастағы баласын туған анасы синтетикалық есірткіге әуес қылған. Екеуі бірге психобелсенді заттарды қабылдап, ақыр аяғы тәуелді болып қалған. Бұрындары мұндайды естіп көрмеп едік. Жағамызды ұстадық. Өкінішке қарай, Алматыда наркологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін емхана жоқ. Диспансер 14 жасқа толған балаларды ғана қабылдайды. Олардың өзі ересектермен бірге ем қабылдайды. Осы мәселеге қатысты ұсынысымызды қоғамдық кеңестің талқылауында ұсынғанбыз. Мұндай сұмдықтың алдын алмасақ, балалардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр», деді «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жақыпов.
Ювеналды полиция мектеп, колледждерді аралап, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмысын тұрақты жүргізеді. Алайда жауапкершілік жүгі, ең алдымен, ата-анаға жүктеледі.
«Ата-ананың қарауынсыз қалған бала есірткіге тез бой алдырады. Ата-ананың көбі жұмысбасты. Таңнан кешке дейін үйде болмайды. Бала өз бетімен өседі. Жасөспірімнің кіммен араласып, қандай әлеуметтік желілерде отыратынын білмейтін ата-ана көп. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс атқармауы» деген 127-бап бар. Бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарағандар осы баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады», деді Алматы қалалық ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Дерттен жазылып, тәуелділіктен арылуға болады. Ондай науқастар аз емес. Бірақ оған кәсіби емнен бөлек, баланың ортасы, ата-анасының көңіл бөлуі әсер етеді. Сондай-ақ есіңді есеңгірететін дүниелердің зиянын, салдарын түсіндіретін профилактикалық іс-шаралар да жиі өткізілгені дұрыс. Таяуда осы мақсатта «Жастар рухы» жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық етуі аясында бейнеконференция өтті. XXI ғасырдың басты мәселесінің бірі – нашақорлықпен күресті Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь елдерінің сарапшы мамандары талқылады.
«Біз үшін әр елдің нашақорлыққа қарсы күрестегі тәжірибесін тыңдап, оны жұмыс барысында қолдану маңызды. Сондықтан біз бұл мәселені халықаралық алаңда көтеруді шештік. Жастар қанатының «Есірткіге жол жоқ!» жобасына шетелдік әріптестер мен сарапшылардың ұсыныс-пікірлерін пайдаланып, аясын кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ 2024 жылы ШЫҰ-ға біздің ел төрағалығы кезеңінде аталған мәселені бір рет қана көтеріп қоймай, оны шешу тетіктерін жан-жақты қарастырып, басқа да шетелдік мамандармен тығыз жұмыс істейтін боламыз», деді «Жастар рухы» ЖҚ Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс басқармасының жетекшісі Сұлтан Аллабергенов.
Кездесуге қатысқан әр елдің спикерлері әлемдік медиа кеңістіктегі ақпараттың дұрыс таралуы, азаматтарға жас кезінен бастап берілетін бағыт-бағдар, орталықтандырылған бақылау ұйымдары туралы ойларын ортаға салды.
«Бұл проблемамен күресу үшін жастардың есірткінің зияны туралы хабардар болуы, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетілуі, жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, сондай-ақ есірткіге тап болғандар үшін тиімді оңалту және қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысты қарқынды жалғастыру қажет. Сондай-ақ жастар арасында есірткінің таралуына ықпал ететін жаңа тенденциялар мен технологиялардың дамуын мұқият бақылау маңызды. Себебі жаңа технологиялар заманында оларға таралатын ақпараттарды басты назарда ұстап, дұрыс бағытта дамуына көңіл аудару керек», деді БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының жаттықтырушы-маманы, пәкістандық бас психиатр Мохд Амджад.