• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қараша, 2023

Жаңа көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол

310 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарла­масында көлік дәліздері мен логистика мәселесіне тоқталып, ауыл шаруа­шылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналатынын атап өткен болатын.

«Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет етеді. Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ транзиттік мүмкіндігімізді күшейтті. Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол арқылы ел экономикасына мол инвес­тиция тартуға тың серпін береміз», деді Президент.

Осы мақсатта транзиттік және экспорт­тық мүмкіндікті әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық бағы­тын негізгі байланыстырушы буын­ға айналдыру көзделген. Теңіз порт­тары мен флотты нығайту, Каспий теңі­зінде заманауи контейнерлік хаб құру жоспарда екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Бірақ оның дамытуда бірқатар маңызды мәселе бар. Оларды шешу  үшін кешенді іс-қимыл қажет. Рес­публи­ка­да 1 774 мың тоннаға дейін ауыл шаруа­шылығы өнімдерін (картоп, көкөніс, жемістер) сақтауға болатын мың­нан аса (2021 жылғы мәліметтер бойынша 1077) әртүрлі қойма бар. Бұл ретте инфрақұрылымның жетіспеуі 26,9 па­йызды құрайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жүйесін одан әрі дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру мақ­сатында биыл еліміздің бүкіл аймағында Агрологистикалық орта­лықтар салу жобасын жүзеге асыру бас­талды. «Азия даму» банкі бұл жобаға инвестиция салуға дайын. Өнім­дерді қайта өңдеуге арналған жаңа техно­логия­лары бар заманауи көкөніс қойм­аларын ашу жос­парда бар. Осылай­ша, дақылдарды сақтау мен өңдеуге шектеу қою мәселесін шешуге болады.

Осы орайда, Оралда төрт кәсіпкер­лік субъектісімен төрт көкөніс сақтау қоймасының құрылысына қатысты мемора­ндумға қол қойылғанын атап өткен жөн. Агроорталық жұмысы­ның артықшылығы – ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдеріне қажеттілікті қа­на­ғат­тандырады. Сол арқылы елі­міз­дегі азық-түлік қауіпсіздігі ныға­йып, экспорттық әлеует дамиды. Бұ­дан бөлек, шекара маңындағы сауда­ның одан әрі дамуына жол ашады. Агроло­гисти­калық орталықтардың ашылуы аймақ басшыларына инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыруына жағдай жасап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.

Көлік саласына келсек, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі халықаралық көлік дәліздеріне әсер етті. Баламалы логистикалық дәліздерді пайдалану саланы құрылымдық қайта құрудың бастамасы саналады. Бұрынғы бағыттардағы жүк тасымалы шектелді. Салдарынан бақылау бекеттерінде үлкен кезектер пайда болды. Осыған байланыс­ты цифр­ландыру мәселелері бірінші орынға шығады. Әрине, жөндеу және жаңа жолдар салу әлі де маңызды. Бірақ бұл көліктердің кептеліс пункттеріне тезірек келуіне әкелуі мүмкін.

Бұл мақсаттағы жұмысты жетілдіру­дің бір парасы – БҰҰ келісімдеріне сәйкес жұмыс тәртібін енгізу және жүктер мен құжаттарды тексеру үдерістерін автоматтандыру қажет. Шекаралар­да «Жасыл жолақтарды» енгізуге негіз­делген шешімдер де көмектесе алады. Бұл өзгерістер тасымалдау кезіндегі шығындардың төмендеуін анықтайды, олардың негізгі бөлігін бақылау пункттері құрады. Мәселен, биылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «Бидай» автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.

Электронды кезек жүйесін отандық әзірлеушілер мен «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисінің мамандары жасап, жүргізді. Қызмет «Qoldau.kz» цифрлық платформасы негізінде жү­зеге асырылады және оны пайдалану тегін. «CarGoRuqsat» электрон­дық кезек жүйесінің міндеті – тасымал­даушыларға кезекті алдын ала брондау және ақпараттық жүйелерде қажетті құжаттарды тексеруді автоматтандыру мүмкіндігін беру.

Өкінішке қарай, ауылшаруашылық өнімдерін тіркемей тасымалдау әлі тыйылмай отыр. Бұған жол бермес үшін бірқатар шара қабылданды. Енді кем дегенде жүк көлігі мен жүргізуші куәлігі бар кез келген адам көліктік, логистикалық немесе экспедиторлық қызмет көрсету үшін заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алатындай жағдай қалыптасты. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасына да айтылатын сын бар. Өйткені мерзімі өткен сайын тасымалданатын жүк бұзылады не жарамсыз болып қалады.

Бәсекелестікке бағынбайтын тасымалдаушылармен күрес үшін көлік компаниялары иелерінің тәуелсіз бірлес­тігін құру және лицензиялау енгізу ұсы­ны­лады. Бұл ретте жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер лицензиясы бар экспе­ди­тор­лық компаниялармен шарт жасасу­ға міндетті болады. Бұл ретте экспе­ди­тор­лық қызметті лицензиялау кәсіп­орын­­ның айналымымен, салық шегерім­дері­мен, негізгі қорларымен, капиталы­мен, кәсіпқойлық деңгейімен және ұйым­ның байыпты және сенімді компа­ния ретінде өміршеңдігін дәлелдейтін бас­қа да талаптармен қатаң реттелуі керек.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау­алды бағдарламасында, Жолдауларында көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен орындалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Ең бастысы, атқарылған шаруа­лар халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған.

 

Жасұлан ЖАҒЫПАРОВ,

«Kazlogistics» Қазақстан көлік одағы бас директорының орынбасары