Қазіргі жаһандану заманында әр түрлі мәдениет өкілдерімен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығы артып келеді.
Осы мақсатта шетелдік Fulbright бағдарламасының стипендиаты, Шығыс Каролина Университетінің докторы Джейми Лейбовиц Маңғыстаудағы Yessenov University студенттеріне Global Understanding («Жаһандық түсінік») жобасын таныстырды. Жобаның жергілікті координаторы болып «Туризм және тілдер» факультетінің «Әлем тілдері» кафедрасының ағылшын тілі пәні мұғалімі Замира Пулатова тағайындалды. Бағдарлама аясында ол шетелдік әріптесімен студенттерді даярлау және сауатты қарым-қатынас құру туралы жобаны талқылады.
Джейми Лейбовицтің айтуынша «Жаһандық түсінік» жобасы әлемдік деңгейде іске асады. Ол тек студенттерді ғана емес, оқытушыларды да қамтып отыр.
- Қазақстанда талқылаған жобамыз екі тарапқа да қызық болды. Себебі мұнда жобаға қатысушы жастар өте алғыр, шапшаң, ағылшын тілінде анық, терең сөйлеуге құштар екен. Мұндай зерек жастарды ауқымды жобаларға көбірек тартып, мүмкіндіктерін ашуға қолдау білдіру керек, – деді Д.Лейбовиц.
Жобаға қатысушы студенттер Солтүстік Каролина штатындағы Гринвилл қаласында орналасқан Шығыс Каролина университетіндегі (ECU) студенттермен Zoom арқылы тікелей байланыс орнатып, бірлесе жоба қорғап шықты. Екі елдің студенттері түрлі тақырыптарды зерттеп, маңызды мәдени тұжырымдамаларды салыстыруға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсатына негізделген мәселелерді қамтитын жобаны қорғады.
БҰҰ тұрақты даму мақсаттары: кедейлікке, аштыққа жол жоқ, мықты денсаулық пен бақуаттылық, сапалы білім, гендерлік теңдік, таза ауыз су және санитария, табиғи, қолжетімді энергия көздері, лайықты жұмыс және экономикалық өркендеу, өнеркәсіп, инновация және инфрақұрылым, теңсіздікті азайту, тұрақты қалалар мен қауымдастықтар, жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруіне қарсы шаралар, су астындағы және құрлықтағы өмір, бейбітшілік, әділеттілік және күшті институттар, мақсаттарға жету жолындағы серіктестіктер.
Студенттер инклюзивті білім беру және life long learning яғни өмір бойы іздену, климаттың өзгеруі, Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, жоғарыда аталған екі елдің табиғатты аялаудағы жауапкершілігін арттыру жолдары, су астындағы өмірді қорғау, босану кезіндегі ана өлімін болдырмау сынды мәселелерді зерттеп, шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ олар америкалық құрдастарымен достық қарым-қатынастарын жалғастыру үшін GPS Connect желілік платформасын қолданды. Екі аптаға созылған жоба нәтижесінде студенттерге естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
Жайна МОЛДАҒАЛИ