Қылмыс пен құқық бұзушылықты азайту, олардың алдын алу – бүгінгі күні қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл ретте өңірде тәртіп сақшылары мен тұрғындардың бірлескен қимылы арқасында атқарылған жұмыс нәтижесі айқын көрініп отыр.
Қызылорда қазір қауіпсіз өңірлер қатарында тұр. Жалпы қылмыс – 4, аса ауыр қылмыс – 19, онша ауыр емес және ауырлығы орташа түрі – 16, ұрлық – 16, мал ұрлығы 49 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындар мен көшелерде мас күйінде қылмыс жасайтындар қатары сиреген.
– Бүгінде есірткімен күрес маңызды бағыттардың біріне айналғаны рас. Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тасымалының жолын кесіп, оған байланысты қылмыстардың алдын алуға байланысты нақты тапсырма берді. Бұл бағыттағы департамент қызметкерлері жұмысын мына цифрлар дәйектеп тұр. Жыл басынан 241 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан 2 тонна 304 кг есірткі заты тәркіленді. Полицейлер облыс аумағынан есірткі өндіретін 2 фито-зертхананы анықтап, әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткі жарнамалайтын 70 сайт енгізіліп, оның 42-сі бұғатталса, қалғаны тексеріліп жатыр, – дейді облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбләзімов.
Биылғы 1 маусым – 31 қазан аралығында өткен республикалық «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер 163 құқық бұзушылықты анықтады. Осы аралықта есірткі өсірумен айналысқан 61 адам ұсталып, 24-і қамауға алынған. Талайларға қасірет әкелген қарасораның 17 мың 828 түбі жойылды.
Жыл басынан бері өңірде жол жүру ережесін бұзудың 171 мыңнан аса дерегі анықталып отыр. Осының 95 мыңнан астамы жылдамдық асыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көлік тізгінінде ұялы телефон қолдану, масаң күйде көлік айдау секілді жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Осыдан да жол-көлік оқиғасы, одан жарақат алғандар саны өскен. Сондықтан осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында күнделікті талдау жасалып, «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Елді мекендерге мобильді кешендер жұмылдырылып отыр. Аппараттық кешендер мен зияткерлік қиылыстар «МегаКамҚорғау» мобильді бағдарламасына қосылған.
Департамент басшысы бүгінде балаларының немен айналысып жатқанына мән бермейтін жұмысбасты ата-аналардың бар екендігін де атап өтті. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын балалардың жақсы тәлім-тәрбие алып, жан-жақты азамат болып жетілуі жеке адамның ғана емес, күллі қоғамның алдында тұрған міндет. Өйткені кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне көңіл бөлмеу олардың құқық бұзушылыққа қарай қадам басуына жол ашады. Сондықтан полиция департаментінің қызметкерлері жасөспірімдер тәрбиесіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес тиімділігін арттырудың түрлі шарасын жүзеге асырып келеді. Осы бағытта «Жасөспірім – Көше», «Заң – Бала – Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі қала», «Жасөспірім» атты жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Биыл балалар қолымен жасалған 46 қылмыс тіркеліп, 58 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарынан 20 мектеп оқушысы, 33 колледж студенті табылуы ойлантарлық жағдай.
Бүгінде ішкі істер органдарындағы жұмысты автоматтандыру, цифрландыру және оңтайландыру шаралары қабылданып келеді. «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» аясында жеке құрам 100 пайыз қамтылып, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергеліп жатыр. Бұл жүйе азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелеріне «Дабыл батырмалары» орнатылды. Олардан түскен дабыл дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі.
– Полиция өз ар-ожданының алдында таза болуды басты ұстаным еткенде ғана қоғамның да заңнан мәртебелі ештеңе жоқтығына көзі жете түседі. Әділетті Қазақстанның өзегі заң мен тәртіп үстемдігі екенін атап айтқан Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұрт мәселелерін терең зерделеп, оны түбегейлі шешу үшін олармен біте қайнасып жұмыс істеуіміз қажет. Осылай еткенде ғана тұрақтылық пен келісімді қорғайтын, тыныштық күзетіндегі полиция жұмысы нәтижелі болмақ. Біздің қазіргі мақсат-мүддеміз осы. Дегенмен, әр саланың өз кем-кетіктері болатыны айқын. Бар ісіміздің сыншысы – халық. Тұрғындар талап-тілегі мен ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қандай да бір кемшіліктерді жоюға тырысып келеміз. Яғни айтылар сынға да, көпшілік тарапынан түсетін ұтқырлы ұсынысқа да ашықпыз, – дейді департамент басшысы.
ҚЫЗЫЛОРДА