Бақташы табу фермерлердің бас ауруына айналғалы қашан? Рас, мұның ең бір себебі – атакәсіптің кейінгі кезде абырой-беделі түсіп кеткендігінен. Еңбекақының аздығы да аталған мәселені ушықтырып тұр.
Сонымен, әңгімеміздің әлқиссасына «Еңбек» электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілердің биылғы қазан-қараша айында орналастырған мал шаруашылығы жұмыскерлерінің бос орындарын негіз етіп отырмыз. Біздің назарымызға Қарқаралы ауданы Бесоба ауылы «Құрмет» шаруа қожалығының осыдан бір ай бұрын берген хабарландыруы кезікті. 85-150 мың аралығында еңбекақы төлейміз депті. Енді қараңыз, мал соңында ат үстінен түспей ала таңнан қара кешке дейін жүруі керек. Бірақ тағайындаған жалақыға жан шыдай ма?
Келесі кезіктірген Шет ауданының Қызылтау ауылындағы «Ақмарал» шаруа қожалығы да 100 мыңның көлемінде айлық ұсыныпты. Шаруада 100 сиыр, 200 қой бар көрінеді. Бір айға жуық уақыт тұрған жарнамаға бір кісі ғана хабарласыпты.
Бұған қоса Olx.kz қосымшасындағы жұмыс берушілердің жарнамаларын бір шолып шықтық. Ақтоғай ауданының Жалаңаш ауылындағы «Сұржал» шаруа қожалығының иесіне хабарласқан едік, бұл кісілер де малшыны әлі таппағанын айтады.
– Жылда малшы іздейміз. Жиырма жыл бойы бір малшымыз бағып, өсіріп берді. Ол кісі зейнетке қалай шықты, міне, солай осы мәселемен жылда бетпе-бет келеміз. Жылқымыз қысы-жазы далада. 100 сиырымызды бағатын малшы керек еді. Мініске ат та бар, мотоцикл де бар. Шаруашылық басында жеке үй де бар. 150-200 мыңның көлемінде айлық төлейміз. Малмен де есептесеміз. Айтпақшы, алғашқыда алдап, соққандар болды. Алдын ала жолымызға деп ақша салдырып алып, ізім-қайым жоқ болып кетті. Сөйтсек, интернет алаяқтары екен. Міне, дәл осы уақытта, күздің қара суығында хабарласатындар көп. Алайда көктемге қарай қалаға сұранады да, жоғалады, – дейді фермер Ринат Түсенов.
Малшы табу мұңға айналғанынан бөлек, көктемде көп фермер тракторшы іздеп, жер-жерді кезеді. Жасырары жоқ, механизатор кезіктіру де жыл өткен сайын күрделеніп барады. Бұл сөзімізді «Qar-Agro Qoldau» Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің қауымдастығының заңгерлік қызмет бойынша жетекшісі Балғат Жұмкин былай қуаттайды:
– Малшы табуды былай қоя тұрыңыз, науқан кезінде жұмыскер таппай шыр-пыр болады фермерлер. Мардымды жалақы ұсынса да, май-май болып далада жүргісі жоқ. Ауылда тұрып, трактор жүргізу білмейді дегенге сенбейміз, рас. Бірақ таза еңбектен неге қашатындарын түсінбейміз, – дейді Б.Жұмкин.
Сарапшымыздың айтқаны да көңілге қонады. Фермерлер малшы таппағандықтан, құжаты жоқ, қараусыз қалған жандарға жүгіретінін айтады. «Олар азын-аулақ ақша беріп қойғанға мәз. Ал қауіпсіздігін өзге тұрмақ, өздері де ойламайды. Құдай бетін әрі қылсын, әлгіндегідей жандар мен фермерлер арасында түрлі жағдай болып та жатыр», дегенді айтады сарапшы.
– Ашығын айтайық, малшы таппай жүрген фермерлердің өздерінен де бар. Неге десеңіз, жұмыскерлерді ресми тіркеу дегенді мүлдем керек қылмайды. Оның зейнетақысына ақша аудару қажет. Әлеуметтік сақтандыруы және бар. Оның бәрі шаруаға шығын. Сол себепті құжатқа деген сауаттылықты арттыру керек деп ойлаймыз. Оларды да түсінуге болады. Дүниенің бәрі қымбаттағанда мал етінің құны мардымсыз болып отыр. Өздері табысқа шыға алмай отырғанда қайдан тәуір жалақымен жарылқасын? Үкімет деңгейінде шешілмесе, үмітіміз өшіп барады, – дейді Б.Жұмкин.
Ол Үкімет шаруа қожалығында заңды тіркелген жұмыскерлерді субсидияласа, жарты айлығын фермердің өзі төлесе, бұл мәселе жолға қойылып қалар деген ұсынысын да жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтады. Атакәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз жөн. Білуімізше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Еңбек Ері атағын қарапайым малшылардың ешқайсысы иеленбепті. Бұдан басқа да марапаттардан мақрұм қалып жатады.
Осы кезде ойға келіп тұрған тағы бір өзекті дүние мынау: агросаланы оқып шыққан түлектердің де ауылдағы жұмысқа қызығушылығы жоқ. Мал дәрігері болу үшін емес, атқа мініп, мал қайыру үшін емес, әйтеуір оқыды деген ат үшін дипломдарын алады, сандықтарына салады. Осыдан кейін аграрлық саланың келешегі қайдан көктесін?
Қарағанды облысы