• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Қараша, 2023

Сенаторларды алаңдатқан сан мәселе

139 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, оған еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, Үкімет мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынымына сәйкес Жоғарғы сот судья­сы Мейрамбек Таймерденовті қыз­мет­тен босату туралы мәселені қара­ды. Аталған кандидатура Сенаттың Консти­ту­циялық заңнама, сот жүйесі және құ­қық қорғау органдары комитетінің оты­ры­сында алдын ала талқыланғанын атап өткен жөн. Отырыс барысында сенаторлар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды да талқылап, соңында өз­дерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

 

Ұлттық қор қаржысы қайда жұмсалып жатыр?

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың тиімділігіне күмән келтірді. «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары қордың ақшасына сатып алынады, нәтижесінде олар тиімсіз болып шығады. Сенат спикері тәсілдің өзін емес, жобаларды іске асыру тетіктерін сынға алды.

Ұлттық қордың қаржысын жекелеген стратегиялық инфрақұрылымдық жоба­ларға пайдалану қажет. Мұндай тәжі­рибеге тыйым салынбайды. Дегенмен, Мәу­лен Әшімбаевтың пікірінше, облига­цияларға қойылатын талаптар мен ережелерді нарық қалыптастыруға тиіс. «Егер «Самұрық-Қазына» облигацияларды шығарып, оларды нарыққа берсе, олардың қаншалықты орынды және тартымды екенін нарықтың өзі бағалайтын еді. Яғни нарық баға жоғары емес пе, бәрі пысықталды ма және тағы басқа мәселелердің орынды болуын талап етеді. Біз бұл жерде «Самұрық-Қазына» облигация шығаратын, Ұлттық қор сатып алатын және қандай да бір рәсімдерді оңайлатылған түрде жүргізуге болатын тетікті көріп отырмыз. Осы жобалардың процедуралары мен пысықталуын кім бағалайды? Рәсімдер туралы мәселе Жоға­ры аудиторлық палатаға жетті ме?», деп атап өтті Сенат спикері.

Сонымен қатар мұндай қағаздарды Ұлттық қор есебінен сатып алу кезінде Парламентке хабарлау қажет болатын. Алайда олай жасалған жоқ, Сенат төрағасы осыған алаңдаушылық білдірді. Ол сондай-ақ пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесіне де назар аударды. «Егер пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын болсақ және бұл шығындарды Ұлттық қор өз мойнына алса, онда Ұлттық қор тұжырымдамасына және балаларды қолдау тұрғысынан орындалуға тиіс мін­деттерге және тағы басқа мәселелерге қайшы келеміз. Бұл – екінші мәселе.

Үшінші мәселе – есеп беру. Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырым­дама­сында «Самұрық-Қазына» облигация­ларын қаржыландыру және сатып алу мүм­кіндігі қарастырылған. Өткен жылғы бюд­жеттің есебі шеңберінде Үкімет­тің Пар­ла­менттегі есебі де көздел­ген бо­латын. Біз былтырғы бюджет бойынша есепті қараған кезде Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың осы бөлігі туралы ақпаратты көре алмадық. Ақпарат жоқ. Осылайша, бұл қаржыны пайдалану туралы есепте проблема бар», деді М.Әшімбаев. Ол Министрлер кабинетінің мүшелеріне сатып алулар бойынша депутаттар алдында есеп беруге дайын болу керектігін ескертті.

«Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңда жыл сайын Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансферт қарастырылған. Бұл респуб­лика­лық бюджеттің теңгерімділігін қамта­масыз етуге және Ұлттық қордың тұрақ­тандыру функциясын іске асыру­ға мүмкіндік береді. Құжатты қарау нәти­жесінде сенаторлар заңды мақұл­дады. Енді аталған заң қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберіледі.

 

Бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік бағытқа арналған

Сенат төрағасы атап өткендей, қарал­ған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда әлеуметтік бағытқа басымдық берілген. Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы осы салаға бағытталмақ.

«Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үш жылдық бюджеттің маңызды басымдықтары екенін атап өткен жөн. Бюджетте аса маңызды инфра­құ­­рылымдық және әлеуметтік жоба­ла­р­­ды іске асыруға қажетті қаражат та қ­арас­ты­рылған. Өңірлерді дамыту­ға 7 трл­н тең­геден астам қаржы жұм­салады. Ауылдық жерлерде кәсіп­кер­лік бас­тамаларды қолдау үшін ке­ле­сі жылы 100 млрд теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету­ге тиіс. Бүгін сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қол­дау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бір­қатар маңызды бағыт­қа қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар назар аударған барлық мәселені алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз», деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар республикалық бюджет жобасын концептуалды тұрғыдан мақұлдады. Алайда Сенат құжатқа 180 түзету енгізіп, оны Мәжіліске қайтару ту­ра­лы шешім қабылдады. Палата де­путат­тары бірқатар негізгі бағытты қаржы­лан­дыруды ұлғайтуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, ауылдың дамуын қол­дау үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масын іске асыруға қосымша 18,1 млрд теңге бөлу ұсынылды. Таза ауыз сумен қам­тамасыз етуге қатысты проблемалар­ды шешу бағытында осы салаға тағы 19,8 млрд теңге бөлу керектігі айтылды. Бұл қаражат халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда 99,5 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 97,8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Ауыл түйткілдері алаңдатарлық

Сенат спикері су ресурстары бо­йынша түйткілдер еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының шешімімен осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін арнайы министрлік құрылғанына назар аударып, алдағы уақытта депутаттар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле беретінін атап өтті.

«Бұл – өте ауқымды проблема. Сондық­тан Сенат осы мәселеге үнемі назар аударып келеді. Бұған дейін сенаторлар Үкі­метке, тиісті министрлікке бірнеше депу­таттық сауал жолдады. Алдағы Палата отырыстарының бірінде салалық мемле­кеттік органдардың өкілдерін шақырып, депутаттарымыздың сауалдарына ауызша жауап алуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде осы мәселеге қатысты нақты проблемалар көтеріліп, жан-жақты талқылау болады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесу барысында газдан­дыруға қатысты мәселе жиі көтеріледі. Осы саладағы жағдайды да жақсарту үшін депутаттар қосымша 5,1 млрд теңге қарастыруды ұсынды. Бұл тәсіл газ­­дан­дыру деңгейін 61 пайызға дейін арт­тыруға мүмкіндік береді.

Еліміз үшін тағы бір өзекті проблема – жол мәселесі екені белгілі. Сена­­тор­лар көлік инфрақұрылымын дамы­­ту­ға қосымша 13,3 млрд теңге бөлу­ге ұсыныс жасады. Осылайша, 2024 жыл­дың қорытындысы бойынша рес­пуб­ликалық маңызы бар жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі – 43 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 89 пайызға дейін жеткізілмек.

Сондай-ақ сенаторлардың респуб­лика­лық бюджетке енгізген түзету­лерінде 55 жастан бастап зейнеткерл­ік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағ­дайларында жұмыс істейтін қызметкер­лерге әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар көзделген. Оған 25,9 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек, депутаттар бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға қосымша 4,9 млрд теңге бағыттауды қол­дап дауыс берді. Айта кетейік, Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын­да 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды тапсырған еді. Бұл өсім ел бойынша әлі де 85 мың теңгеден төмен жалақы алатын 354 мың адамға әсер етеді.

 

Субсидиялау ережелеріне 50 рет өзгеріс енген

Ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан шетелден ауыл шаруашылығы өнімдерін көп көлемде импорттауды әлі де жалғастырып келеміз. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселені назарға алып, Үкімет мүшелерін сынға алды.

2018 жылдан бастап ауыл шаруашы­лығын субсидиялауға 1,8 трлн теңге бөлін­г­ен. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 2 есе көп. Төрт жыл ішінде республикалық бюджеттен 874,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 858,3 млрд теңге бөлінді. «Біз қарастырып отырған бюджетте аграрлық секторды қолдауға алдағы үш жылға 1,2 трлн теңге қарастырылған. Мұндай қаржы бөлінетін басқа саланы табу қиын. Сонымен қатар кейінгі 5 жылда бізде азық-түлік импорты да 2 есе өсті. Мұнда өндірістер бойынша белгілі бір ілгерілеушілік болғанымен проб­ле­малар әлі де бар. Бұл жағдайда ауыл шаруа­шылығында қайта өңдеу кәсіпорын­дарының көбеюін қамтамасыз ету аса маңызды міндет екені сөзсіз. Мемлекет бас­шысы біздің алдымызға осындай нақты міндеттер қойған болатын», деді Сенат төрағасы. Ол сондай-ақ жүктелген мін­детт­ерді сапалы әрі уақтылы іске асыру­ға қажетті негізгі шарттарды атап өтті.

Сонымен қатар ол азық-түлік импортын төмендетумен бірге саланы дамыту үшін бюджет қаржысын барынша тиімді пайдаланудың негізгі міндеттерін де белгіледі. «Ең алдымен – бюджеттен бөлінетін қаржыны ұтымды пайдалану керек. Біз ауыл шаруашылығына, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауға ауқымды қаржы бөлеміз. Ең маңызды мәселе – қаржыны бақылау болып отыр», деп атап өтті Палата төрағасы.

Тағы бір мәселе – үнемі өзгеріп отыратын субсидиялау ережелері. Фер­мерлер әрдайым жаңа талаптарға дайын бола бермейді, ал инвесторлар мұндай тұрақсыздықтан кейін салаға инвестиция салуға асығар емес. «Субсидиялау ережелері кейінгі жылдары 50 рет өзгерді. Бұл өндірушілердің көңіл күйіне оң әсер етпейтіні және қосымша қиындықтар тудыратыны анық. Мұндай үрдіс кейінгі жылдары жалғасып келеді. Алдағы уақытта осы бағытта белгілі бір өзгерістер болады деп үміттенеміз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы бағ­дарламалық құжаттар кейінгі жыл­дары 3 рет өзгерді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның да 1 қаңтардан бастап күші жойылады. Жаңа құжат осы бағытта болуға тиіс. Яғни егер біз субсидиялау тәсілдерін үнемі өзгертетін болсақ, бағдарламалық құжаттарды ауқымды қаржы бөлу аясында өзгертсек, мұның бәрі қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Сондықтан әріп­тестер, мұнда сенаторлар үнемі көтеретін мәселелер қамтылған және біз бұл олар­ды бақылауда ұстауды жалғастыра береміз. Бұл жерде дәйекті және болжамды мемлекеттік саясат қажет», деді М.Әшімбаев. Ол ауыл ша­руа­шылығы министріне арнаған сөзін­де алдағы уақытта ортамерзімді перс­пективаға нақты әрі дәйекті қадам болады деген үмітін білдірді.

 

Атырау облысында газ тапшы

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Әлібек Наутиев Премьер-министрдің атына Атырау облысы тұрғындарының проблемалары туралы депутаттық сауал жолдады. Облыс орталығында газ тапшы, ал ауылдардың бірі су астында қалуы мүмкін.

Депутат тұрғын үйлерді жылытуға қажетті көгілдір отынның жиі-жиі жетіс­­пей қалатыны туралы шағымдар көп­теп түсе бастағанын атап өтті. «Өткен жы­лыту мау­сымдарында газды көп мөл­шерде тұтыну кезінде газ қысымы көрсет­кіштері­нің күрт төмендету факті­лері тіркелді. Бұл мәселенің шешімі – Атырау облысы магистралдық газ құ­бы­р­ы тармағын салу. Жоба жылумен жаб­дықтау мәселесін шешу үшін Махам­бет ауданы мен Атырау қаласында тұтыну­шыларға берілетін табиғи газ көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Атал­ған жоба іске асқан жағдайда 150 мың­нан аса адамды құрайтын қаланы және қала маңындағы кенттерді газбен қам­та­масыз ету саласындағы әлеуметтік мін­деттер шешілетін болады», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар Атырау облысы Махамбет ауданы Алға ауылы территориясындағы Жайық өзенінің жаға­сының шайылуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл елді мекен тұрғындарына зор қауіп төндіріп отыр. «Осы кезеңде жағалаудағы тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 60-70 метр қалды. Көктемгі су тасқыны кезінде жылына жағалау 15-20 метрге құлап келеді. Бұл мәселенің шешімі – ұзындығы 3,2 шақырым құрайтын Жайық жағасын бекіту жұмыстары. Аталған мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, жағаны бекіту жұмыстары 2021 жылы басталған. Алайда жұмысты 2024 жылы аяқтауға қажетті қаржы келер жылдың бюджетінде қаралмай отыр. Егер ол қаржы бөлінбеген жағдайда өткен жылдардағы жасалған жұмыстарды және жеке тұрғын үйлерді көктемгі тасқын су шайып кету қаупі бар», деді депутат. Осыған байланысты Үкімет басшысына проблемаларға назар аударуды, сондай-ақ оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.

Отырыста сондай-ақ Бекболат Орын­беков Премьер-министрдің атына мемлекеттік сатып алудың сапалы жү­йесіне, Айнұр Арғынбекова ядролық ме­дицинаны дамыту мәсе­лелеріне қатыс­ты сұрақтарын жолдады.