• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2023

Ұлт мәдениетінің әлемдік абыройы немесе Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай орындалып жатыр?

218 рет
көрсетілді

Әр ұлт қай заманда да дәстүрімен, мінезімен, болмысымен, мәде­­ниеті­мен ерекшеленеді. Әр халықтың тарихтан тамыр тартатын ұлттық бояуы, айшықты мұралары болатыны да сөзсіз. Бұл мұралар – сол елдің мәдени байлығы.

Мәселен, бүгінде қазақтың мәдени құндылықтары күллі әлемге аян. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұл салаға ерекше назар аударылып, тарихи-мәдени мұраларымы­з­ды сақтау, дамыту, насихаттау жұмыс­тары қарқынды жүргізілгені белгілі. Мұны халықара­лық дең­гей­де жүзеге асыру мақсатында әлем­дік конвенцияларға қосылып, нәти­жесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра­лар тізімін өз мұ­раларымызбен толықтырып келеміз.

Айталық, осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізі­міне елімізден оннан аса тарихи ескерт­кіш және Адамзаттың материал­дық емес мәдени мұра­сының көрнекі тізі­міне де бірқатар рухани мұра енгізілді.

Қазіргі таңда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бо­йынша жұмыс жүргізуді басты назарда ұстап отыр. Осы орайда күні кеше ғана Парижден «жыл құсындай жаңалық» жеткенін де айта кетейік. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлім­де­уінше, еліміз 2023-2027 жыл­дар­ға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды.

«ЮНЕСКО Бас конференциясы жұмысының соңғы күні Қа­зақ­стан 2023-2027 жыл­да­р­ға Дүниежүзілік мұралар коми­те­ті­нің мүшесі болып сайланды. Құрамына 21 мемлекет кіретін Дүниежүзілік мұралар комитеті ─ ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы. Бұл комитеттің нысандарды Дү­ние­жүзілік мұралар тізіміне ен­гізуге және алып тастауға ай­рық­­ша құ­қығы бар», делінген жазбада.

Еліміздің Дүниежүзілік мұра­лар комитетіне мүше болып сайлануы, ең алдымен, бірегей мәдени және табиғи мұраларымызды сақ­тауға қатысты белсенді жұ­мы­­сымызды халықаралық қа­уым­­дастықтың мойындайты­нын көрсетеді. Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Ал­ма­­ты­дағы кеңсесіне Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Ауған­стан, Пәкістан және Иран мем­ле­кеттерін қамтитын Көп­сек­торлы аймақтық кеңсе (Бюро) мәр­тебесін беру туралы шешім қа­былданған болатын.

 

Әлқисса

Уақыт арнасынан сәл кейінге шегінсек, сонау 1972 жылы ЮНЕСКО ұйымы дүниежүзіндегі мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы қарар қабылдаған болатын. 2010 жылы бұл қарарды БҰҰ-ға мүше 187 мемлекет ратификациялады. Соның ішінде Қазақстан да бар. Содан бері жыл сайын тұрақты түрде Әлемдік мұра комитеті сессиясы өтіп, «әлем­дік мұра мәртебесін беру» мә­селесі талқыға салынады. Не­гіз­гі тізім аясында Әлемдік мұра ретінде жоғалу қаупіндегі ес­керт­кіштер бар. Еліміз бұл ұйым­ға ТМД елдерінің (Балтық бойы елдерін есептемегенде) арасынан бірінші болып енді. Яғни 1992 жылы 22 мамырда мүше болып, ЮНЕСКО-мен белсенді әріптестікке қол қойды. 1993 жылы ұйыммен өзара қарым-қатынаста негізгі бағыттарды анық­­тайтын СІМ жанынан ЮНЕСКО ісі бойынша Ұлттық ко­мис­сия құрылғанын да білеміз.

Осы ретте халықаралық қа­уым­­дастық алдындағы мін­де­тін орындау мақсатында Мә­де­ниет және спорт министрлігі «Мә­дениет­терді жақындастыру ор­та­лығы» мемлекеттік музейі» рес­­пуб­ликалық мемлекеттік қа­зы­налық кәсіпорнын құрды. Бұл орталық жұмысы ұлттық мұраны сақтау және пайдалану саласындағы жобаларды, қол­дан­балы және ғылыми зерт­теу­лерді жүзеге асыруға, ха­лық­аралық ын­тымақтастықты нығай­ту­ға бағытталған.

 

«Әлем естелігіне» нелер енді?

Сонымен, ЮНЕСКО-ның «Әлем естелігі» халықаралық құ­жат­тық мұра реестерінде Қа­зақ­станнан Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттерінің қол­жаз­басы, «Невада-Семей» ядро­ға қарсы халықаралық қоз­ға­­лысының архивтік материалдары, сондай-ақ «Арал теңі­зі­нің архивтік қорлары» бар. 2012 жылы А.Фирдоусидің «Шахнама» қолжазбасының тү­рік нұсқасы ұсынылды. Қазақ­с­тан­ның ұсынысымен ұйым «Мә­дениеттердің 2013-2022 жыл­дарға арналған халықаралық он­жылдығы» атты жоспарын қа­былдады. Елімізде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолының» қа­зақ­стандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақ­тарындағы Қойлық, Қа­ра­мерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыр­тас, Құлан, Қостөбе, Өрнек се­кіл­ді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көлдері жалпы атауының ішінде Қорғалжын және Наурызым қо­рық­тары да тізімге кірді. Ал ма­териалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күйлер, қазақ пен қырғыздың киіз үйлерін тігу шеберліктері қосылған еді. Әлемдік ауқымдағы тарихи құндылықтарға Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен «Ха­лықтардың алғашқы ұлы көш­кіні» конференциялар тізімі ен­гізіліп, ол адамдардың ғалам­шар­дағы қазіргі қоныстану ерек­шеліктеріне дейінгі кезең­ді қам­титын болды. 2014 жылғы қара­ша­да Адамзаттың ма­териал­дық емес мәдени мұра­сының реп­резентативтік тізіміне ал­ғаш­қы ұлттық өтінім «Дом­бы­ра күйін орындау өнері» және Қыр­ғыз­стан­мен бірлескен «Киіз үйді жасау машықтары» аталымы енді. 2015 жылғы 2 желтоқсанда Репрезентативтік тізіміне қазақ-қырғыз бірлескен «Айтыс/Ай­тыш, суырып салма өнері» аталымы кірді. Одан бөлек, елімізде ЮНЕСКО-ның қорғалуына алын­ған материалдық емес құн­ды­лықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» ме­рекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері, асық ату ойыны және басқа да ұлттық нақыштар енді.

Осыдан бірер жыл бұрын «Қор­қыт ата» түркі эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәде­ни мұралар тізіміне қо­сыл­­ғаны да мәлім. Бұл шешім Ма­­териалдық емес мәдени мұра­ны сақтау жөніндегі үкімет­аралық комитетінің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласында өткізген отырысын­да қабылданды. Ал биыл Алтын Емел мен Барсакелместің шөлді экожүйелері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Сондай-ақ Мароккода өткен 17-отырыста қазақтың «Ортеке» музы­калық-қуыршақ өнері мен Қожа­насыр туралы әзіл-оспақ әңгімелерін ЮНЕСКО тізі­міне енгізу туралы шешім қабыл­дан­ды.

 

Бүгін мен ертең: жоспар мен жоба

Бүгінде ел Президентінің «Әді­летті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­дар­ламасының «Қазақс­тан­ның тарихи-мәдени мұра­сы­ның бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бо­йынша» 116-тармағын іске асыру бойынша бірқатар жұмыс атқа­рылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың айтуынша, еліміз 1989 жылы басталған ежелгі Ұлы жібек жолының тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту жөніндегі ЮНЕСКО бағ­дар­ламасына бел­сенді қаты­сып келеді. Жобаға аумағы бо­йынша Жібек жолы өткен және соның арқасында Азия мен Еуропаның түрлі елдерінің экономикасы, мәдениеті және жалпы өзара тиімді ынты­мақ­тас­тығы өркендеген барлық ел қатысады. Жалпы, аталған жоба әртүрлі елдердің тарихи-мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ұсыну мақсатын көздейді.

«Министрлік 2007 жылы «Жібек жолы Орталық Азия мен Қытайда» сериялық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне дайындау бойынша жұмыстарын бастады. Мұның бастапқы нәтижесі – 2014 жылы «Ұлы Жібек жолы: Чанъаньнан Тяньшаньға дейін» трансұлттық номинациясы шеңберінде Қазақ­стан, Қытай және Қырғыз­стан тарих және мәдениет ескерт­кіштерін ЮНЕСКО тізі­міне сәтті енгізу болды. Қа­зіргі уақытта «Сырдария» өзені­нің іргелес аумағында орналасқан және Ұлы Жібек жолына «Ферғана-Сырдария дәлізі» ретінде жататын тарихи-мәдени мұра объектілері бойынша номинациялық құжат­тар әзірленіп жатыр. Бұл транс­ұлттық номинацияға 4 елден 30-ға жуық объект кіреді: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжік­стан және Өзбекстан», дейді комитет басшысы.

Сондай-ақ ол «Ферғана-Сыр­дария дәлізі» номинациясы бо­йынша еліміздің екі облысында орналасқан 6 нысан – Қызылорда облысынан Жанкент, Сығанақ қала­шықтары, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Түркістан облысынан Яссы-Күлтөбе, Сауран, Отырар қалашықтары кіретінін айтты.

«2023 жылы республикалық бюд­жеттен қарастырылған қара­жат шеңберінде Яссы-Күл­төбе, Сауран қалашықтары бо­йын­ша ғылыми құжаттамалары дайын­­далып жатыр. 2024 жылы әзір­­ленген құжаттаманы ЮНЕСКО-ның стандарттарына сәйкес­тен­ді­ру, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан объек­тілеріне барумен жалпы кар­тографиялық құжатты дайындау, номинацияны бағалау үшін ЮНЕСКО-ның сарапшылары шақырылады. Ал 2025 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының қарауына номинацияны енгізу жоспарланып отыр», деді Күміс Сейітова.

Сондай-ақ алдағы жылдары қазақтың көрнекті тұлғалары Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Ақжолтай хабарды жуыр­да ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жариялаған еді.

«ЮНЕСКО Бас конферен­циясының 42-сессиясында ЮНЕС­КО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы танымал жа­зушы Б.Соқпақбаевтың және 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Н.Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қол­дау тапты. Қазақстан, Әзер­бай­жан, Қырғызстан, Түр­кия, Түрікменстан және Өзбек­стан­ның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөзді­гінің 950 жылдығын атап өту тура­лы бірлескен ұсынысы да қабыл­дан­ды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конферен­ция­сы­ның бұл шешім­дері қазақ мәдениетінің дүние­жүзінде дә­ріп­телуіне сеп­тігін тигіз­ері сөз­сіз», деп жазды Е.Қарин.

Ұлт мәдениетінің мәйегі сана­латын тұлғалар мен еңбек­тер­дің әлемдік деңгейде баға­ланып, насихатталып жатқаны – үлкен олжа. Әлі де болса, қазақтың мың бояулы мәдени айшықтарын, ұлттық құнды­лық­тарын халықаралық алаңда таныта түсіп, адамзаттық өрке­ниет­ке қоса алуымыз қыр­уар жұ­мысты қажет етеді. Халқы­мыз­­дың рухани-мәдени жаңғыру ке­зеңі жаңа леп, жаңа тыныспен жалғаса бермек.