• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Қараша, 2023

Қатерлі ісікті емдеудің озық әдістері

371 рет
көрсетілді

Заман дертіне айналған онкологиялық ауруға ұшырағандардың қатары жыл сайын артып келеді. Оның қармағына қылшылдаған жас та, қартайған кәрі де түсіп жатады. Жалпы, қатерлі ісіктің емдеуде толғандыратын мәселе аз емес. Осы мақсатта елордада 23-24 қараша күндері Онкологтер мен радиологтер альянсы «Қазіргі онкологиядағы өзекті мәселелер, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Жиынға Қазақстан және ТМД елде­рі­нен онкология саласындағы жетекші мамандар қатысты. Іс-шара аясында еліміздің әр өңірінен келген дәрігерлер қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға операция жасап, колоректальды, лапа­рос­­копиялық, кеуде хирургиясы, простата обырына сәулелік терапия бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сол арқылы мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Шеберлік сабағын өткізген дәрігер­лер­дің қатарында Алма­ты өңірлік көп­салалы клиникасы хирургия бөлім­ше­сінің мең­ге­ру­шісі онколог-хирург Валерий Макаров, хирург, онколог-мам­молог, Астана қаласы көпсалалы медицина орталығы кеуде хирургиясы бөлімшесінің жоғары санат­ты дәрігері Қазыбек Қара­баев, Ақтау қаласының жетекші эндос­ко­пиялық хирургі Мұхамеджан Нұрғазиев, хирург-онколог, Ас­тана қаласы көпсалалы медицина орта­­лығының №2 хирургия бөлімшесінің мең­герушісі Серік Жақыпбеков және өзге де дәрігерлер бар.

Конференцияның маңызы тура­лы Астана қаласы көпсалалы медицина орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев айтып берді.

– Бұл іс-шарада онколо­ги­я­дағы мәсе­лелер, оны емдеу жол­дары айтылды. Қа­зақ­стан­ның бар­лық аймағынан онколог дәрі­гер­лер келіп, баяндама жасады. Конференцияға тіркелген қатысушылар саны – 550. Жалпы, елде онкология саласындағы ақ желеңді жандардың атқа­рып жатқан еңбегі шексіз. Жыл басындағы мәліметке сүйен­сек, елімізде қатерлі ісікке шалдық­қан­дар есебінде 205 мың адам бар. Астана қаласы бо­йынша 14,5 мың адам есепте тұр. Жылына елімізде 13 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады, – дейді Мұхтар Есенжанұлы.

Іс-шараның екінші күні өткен конференцияда Онкологтер қа­уым­­­дас­­ты­ғы­­­ның пре­зиденті, ҰҒА ака­де­мигі, «Қаз­ОРҒЗИ» АҚ бас­қар­ма­­сының төра­ғасы, ме­ди­­цина ғы­лым­дарының докто­ры Диляра Қайдарованы сөзге тарттық.

– Осы күндері Ресей, Германия, АҚШ, Беларусь, Якутия елдерінен келген бі­лікті мамандар өз тәжіри­бе­сімен бө­лісті. Қатерлі ісік ауруы­­­ның алғашқы са­ты­сында ем­­­де­­­лушінің құлантаза жазылып ке­туіне мүмкіндік өте жоғары. Оған қажетті медициналық құрал-жабдықтар да бар. Еліміздің ме­ди­­циналық протоколы әлемдік стандартқа сай келеді. Елімізде білік­тілігі жоғары мықты хирург-онколог дәрігерлер бар. Тұр­ғын­дар­дың басым көпшілігі асқазан-ішек жолдары, сүт без­дерінің асқынған сатысында ғана дәрігерге жүгінетіні онколог-хирург дәрігер ретінде мені қатты алаңдатады. Бұл дегеніміз қазақ­стан­дықтардың өз денсаулығына нем­­құрайлы қарайтынын аңғар­тады. Әр құны 1,5-3 млн теңге тұратын иммундық препараттар онкологиямен ауыратын науқастарға тегін таратылады. Осы тұста «Қазақстан халқы» қоры­ның жұмысына алғысымды айтқым келеді. Қатерлі дертке шалдыққан науқастардың емі үшін 17 млрд теңге қаржы бө­лінген. Сонымен қатар бұл қор отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында шетелде оқу үшін қаржылай демеушілік жасап отыр. Маммография және компьютерлік томография кө­ліктері Алматы облы­сы­на қа­расты шалғай орна­ласқан елді мекендерге қызмет көр­сете бас­тады. УДЗ аппара­ты және заманауи меди­ци­налық құрал-жабдықтармен жаб­дық­талған арнаулы көлікте азамат­тар профи­лак­тикалық тексерістен өтуге үлкен мүмкіндік алып отыр. Мұн­­дай арнайы медициналық көлік Қызылорда облысының жұртшылығына қыз­мет көрсете бастады. Ал үшінші комп­лек­сті жобамыздың презентациясы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысында жүзеге асады. Мұндағы біздің басты мақ­са­тымыз онкологиялық ауру­лардың ал­дың­ғы сатысында ісікті аңғару, емдеу жол­дарын қа­рас­тыруға негізделіп отыр, – деді Диляра Радикқызы.

Саха астанасы Якутск қала­сы­нан келген онкологиялық дис­­­пансердің бас дәрігерінің орын­басары Светлана Мыреева конфе­рен­­цияның жоғары дең­гей­де ұйым­­дастырылғанын, әріп­тес­те­рінен мол тәжірибе ал­­ғанын айт­ты.

– Қазақстанға алғаш рет келіп тұр­мын. Әріптестерім жылы қа­был­дап, қо­нақ­жайлылығын танытып жатыр. Бүгінгі іс-шарада онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеудің аса маңызды мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ерте диагностика және скрининг, дербестендірілген тәсіл негізінде емдеудің жаңа әдіс­терін енгізу, онкологиялық пациент­тер­дің өмір сүру сапасын арттыру секілді мәселелер қаралды, – дейді С.Мыреева.

 

Гүлсім МҰРЫНОВА,

журналист