Атом десе, ат-тонымызды ала қашатын жөніміз де бар. Олай дейтініміз, қазақ даласын дүр сілкіндірген Семей ядролық полигонының зардабын күні бүгінге дейін тартып отырмыз. Сонау Чернобыльдегі АЭС-те болған алапат апат та елдің есінде. Дей тұрғанмен, жасыл энергияға көшудің тиімді тұстары да бар екен. Ол туралы энергетика, атом саласының мамандары айтып берді.
Күні кеше атом электр стансасын салу жөнінде Өскемен қаласында жария талқылау өткен. Шығыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянс заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Аяужан Әшімова ұйымдастырған шараға энергетиктер мен атом саласының мамандары қатысып, ауқымды жобаның тиімді тұстарын тарқатып айтты. Иә, АЭС – ең әуелі электр қуатын өндіретін станса. Мамандардың пікірінше, күн, жел көздерінен алынатын қуат тұрақсыз. Ал тас көмірдің шығыны көп. Оның үстіне қолданыстағы стансалардың 70 пайызы тозған. Айналып келгенде, ең тиімдісі – атом деседі. Атом электр стансасы салынған жағдайда, қоршаған ортаға бәлендей кері әсері болмайды екен. Тіпті зиянды сәулесі күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген заттарға қарағанда төмен. Салыстыратын болсақ, жылына табиғаттан 2,5 миллизиверт, тұрмыстық техникалардан 0,001, медициналық аппараттардан 1,4 миллизиверт көлемінде радиациялық сәуле алады екенбіз. Ал атом энергетикасының сәулесі жылына 0,002 миллизиверт ғана. Егер ғалымдардың осынау теориясы рас болса, АЭС Қазақстан үшін тиімді болмақ.
– Президент Жолдауында АЭС салыну-салынбауы халықтың талқысына түседі деді. Бірақ талқыламас бұрын халыққа Қазақстан үшін тың саланың тиімді-тиімсіз тұстары түсіндірілуі керек. Ал өзімнің жеке пікірім, атом электр стансасы қажет деп ойлаймын. Өйткені энергия жағынан көрші мемлекеттерге тәуелді болмауымыз керек. Оны шешудің бірден-бір жолы – Қазақстанда АЭС салу. Оның артықшылығы туралы мысал келтірейін: бір килограмм уранның энергия бөлу сыйымдылығы 100 тонна сапалы тас көмір немесе 60 тонна мұнай жағумен тең. Екіншіден, уран өнімін регенерациядан өткізіп, әрі қарай да қолдана беруге болады. Органикалық отындардан қалатын шлак пен күлді қайта пайдалана алмаймыз. Атом электр стансасының экологиялық тұрғыда да артықшылығы бар, – деген, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Мұратбекұлы АЭС-тің тиімділігін қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
Тиімділігін түсіндіргенімен, көпшілікке АЭС деген сөздің өзі қауіп төндіріп тұрғандай естіледі. Бірақ зерттеушілер апат болған Чернобыль, Фокусимо-1 атом электр стансаларындағы реакторларға графитті ескі технологиялар қолданғандығын айтады. Ал қазіргі кезде бұрынғы апаттарды ескере отырып жасалған жаңа реакторлар қолданылады екен. Олардың қауіпсіздігі өте жоғары деседі. Сондай-ақ жоғарыда атап өткендей экологиялық жағынан ұтымды. Мәселен, қазіргі таңда елімізде булы газдың көлемі шекті мөлшерден шығып кеткенге ұқсайды. Органикалық отын жағу кезіндегі көмірқышқыл газының өзі 81 пайызға жетіпті. Метан 12,4 пайыз, азоттың шала тотығы 5,6 пайызды құраған.
– Халық келісімін берсе, АЭС салудың бірнеше сатысы бар. Алдымен орны бекітіліп, жобалау жұмыстары басталады. Жобалаудың өзіне 5 жыл уақыт қажет. Әзірше тұрғындардың көбі пайдалы жағын түсіне қойған жоқ. Бірақ АЭС ертелі-кеш елімізге келеді. Біздің тараптан атомнан өндірілетін энергия көзі, түсетін табыс, экологиялық жағынан зиянының бар-жоқтығы сараланады. Мұның барлығын «Атом туралы» заң аясында халықпен талқылаймыз. Қолдау тауып, жобасын жасап алсақ, құрылыстың өзі бес жылға созылады, – деді Ұлттық ядролық орталықтың атом-электр институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев.
Оның мәліметінше, Қазақстанда бұл жұмысты ойдағыдай жүзеге асыратын мамандар жеткілікті. Бұған Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығынан мысал келтірді.
Қазіргі таңда дамыған бірнеше мемлекет атомнан энергия өндіріп отыр. Алақандай ғана Чехияның өзінде – алты, Бельгияда бес атом реакторы жұмыс істеп тұр. Сол секілді табиғаты төрткүл дүниені тамсандырып отырған Швейцарияда төрт бірдей реактордан өндірілетін атом энергиясын пайдаланып отыр. Мамандардың мысал етіп көрсеткен әлемдік картаға зер салсақ, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Электр энергиясы жағынан өзге мемлекеттерге тәуелді болмауымыз үшін АЭС салынуы тиімді. Мәселен, осыған дейін көршілес елден сағатына 426 млн киловатт электр энергиясын сатып алып отырдық. Осыны өзімізде өндіруіміз керек. Бізде тиісті зерттеу реакторлары жеткілікті, – деді Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мурсалова.
Айтқандай, елімізде АЭС салу үшін екі орын таңдалып отыр. Ол туралы «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС директоры Тимур Жантикин айтып берген. Анықталғандай, АЭС салу үшін төрт мемлекеттен техникалық-коммерциялық ұсыныс түсіпті. Атап айтсақ, Оңтүстік Корея, Франция, Қытай және Ресей елдерінің 6 вендоры тәжірибесімен бөлісуге әзір көрінеді. Егер халықтың талқылауынан өтіп, қоғам болып қолдап жатса, атом электр стансалары Абай облысының Курчатов қаласына және Алматы облысының Үлкен елді мекенінде салынады. Себебі бұл аймақтардың географиялық орналасу жағынан да әлеуеті атом электр стансасын салуға қолайлы деп тапқан мамандар.
Қауіпсіздік үшін заманауи атом электр стансалары екі тізбекті жүйемен жұмыс істейді. Екі тізбек те бір-бірінен гидравликалық түрде оқшауланған және тек жылу алмастырғышпен өзара байланысады. Контурлардағы су ластанып кетпеуі үшін үнемі бақылауда болады. Бірінші тізбек ядролық реакторды салқындатуға және ондағы жылуды тасымалдауға арналған. Екінші тізбек генератордың роторын жұмыс істетіп, бірінші тізбектің жылуын пайдаланады, суды буға айналдырады. Содан соң оны турбина қалақтарына береді. Генератордың роторы қозғалған кезде электр энергиясы пайда болады. Ал конденсатор турбина буын қайтадан суға айналдыру үшін қолданылады. Балқаш көлінің суы конденсаторды салқындату үшін ғана қарастырылған. Конденсаторларды салқындатуға арналған су тікелей көлден емес, арнайы тоғаннан келеді. Сөйтіп, халықтың әлеуетін арттыру үшін әрі экологиялық тиімді болғаны үшін атомды бейбіт мақсатта қолдану көзделген.
Әрине, жария талқылау жиынында ел аумағында атом электр стансаларын салуға қарсылық білдіріп келген топ та болды. Олардың пікірінше, құрылыс жұмыстарында сапа болмаса, соңы үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Десе де, атом, энергетика мамандары шетелдік тәжірибелерге сүйенетіндіктерін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы