Алматыда өткен АЭС жобасына қатысты кезекті талқылауда энергетика мәселесін шешу жолдары туралы жан-жақты сөз қозғалып, көптеген өткір тұстар ашылды. Қазақстан әлеуетті технология жеткізушілері ретінде төрт компанияны қарастырып жатыр: CNNC (ҚХР, HPR-1000 реакторы), Росатом (РФ, VVER-1200, VVER-1000 реакторлары), KHNP (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы), EDF (Франция, EPR1200 реакторы). Пікірталас осы таңдау төңірегінде өрбіді.
Реакторлардың алғашқы буыны өзін ақтады
Жиында болған «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС басшысы Тимур Жантикиннің айтуынша, қуаты 8,1 ГВт-қа дейінгі электр стансалары 2035 жылға қарай тоқтатылуы мүмкін. Нәтижесінде 2035 жылға қарай еліміз 3,2 ГВт тапшылыққа тап болады. Ал Қазақстан 2030 жылға қарай баламалы көздерден энергия өндірудің 30 пайызына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алған. Бұл міндеттемені орындау үшін 1000-нан 1400 МВт-қа дейінгі екі блоктан тұратын атом электр стансасын салу қажет.
«Қаржыландыру схемасының мүмкіндігін де қарастыруымыз керек. Өйткені мұндай ірі жобалардың көпшілігі қаржыландыру жүйесі дамымағандықтан сәтсіздікке ұшырап жатады. Бізде уран таблеткасын шығаратын зауыт бар, АЭС-ке қажет отынды сол жерден алғымыз келеді. Бұл мәселе алда қабылданатын келісімшарттарда жан-жақты талқылануға тиіс», деді Т.Жантикин.
Талқылау барасында ядролық реакторлардың ескі және жаңа буындары туралы да сөз болды. Бұл ретте сарапшы жоғарыда аталған төрт компания да іс жүзінде бірдей дегенді алға тартты.
Т.Жантикиннің айтуынша, 1950 жылдары шығарылған бірінші буын реакторларында бірқатар кемшілік болғанымен, олар өз міндеттерін орындап шықты. Бүгінде олардың көпшілігі жабылып, қолданыстан шығарылған. Реакторлардың екінші буыны 1970 жылдары салына бастады. Бұл электр энергиясын тиімді өндіруге бағытталған коммерциялық реакторлар болды. Үшінші буын қазірдің өзінде жетілдірілген реакторлар болып саналады, оларды жобалау кезінде апаттар мен оқыс оқиғалар ескерілді. Ал реакторлардың төртінші буыны әлі жобалау кезеңінен асқан жоқ. Үшінші буын және 3+ буын реакторлары, яғни Қазақстанда құрылысы жоспарланған реакторлар пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Басқаша айтқанда, қазіргі қолжетімді технологияның мүмкіндігімен жарақтандырылған. Ішкі апаттар мен сыртқы әсерлерден қорғайтын қоршау қабығы, қалыңдығы 200 миллиметр болаттан жасалған, бұл реактор ыдысынан және бастапқы салқындатқыштан бөліну өнімдерінің сыртқа шығуына жол бермейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішевтің айтуынша, эмоцияға беріліп, радиофобияны алға шығарсақ, энергетика дағдарысына тап боламыз.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Энергетиканың мүмкіндігін әртараптандыру қажет. ГЭС және жерасты энергия көздері, соның ішінде АЭС-ті қамтығанымыз дұрыс. Бұларды жүйелі түрде қолдануға бізде барлық мүмкіндік бар. АЭС жобасына қарсы топ «Жапония АЭС салудан бас тартты» деген пікірді алға тартады. Олар бас тартқан жоқ, ойланып жатыр. Энергетикалық дағдарыс ғаламдық проблемаға айналып кетті. Қарсы топ АЭС-тің экологиялық әсеріне баса назар аударады», деді ғалым.
Энергетика саласының маманы Әсет Наурызбаев АЭС-тің қажеттілігін дәлелдей алатын бірде-бір агрумент жоқ екенін, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын алу әлдеқайда жылдам, арзан және қауіпсіз екенін айтқан еді.
«Мен мұны бірнеше рет дәлелдедім және негізгі дәлелдердің бірі – Қазақстанда күн және жел көздерінен алынатын энергияның бағасы бір жерде 1 кВт/сағ Т13-16 деңгейінде болса, атом электр стансасы 1 кВт үшін Т60 шамасында болады. Яғни квт/сағат – төрт есе қымбат. Ал екі блоктан тұратын АЭС салынса, Қазақстан бойынша электр энергиясы үшін 1,5 млрд долларды артық төлейміз», дейді Ә. Наурызбаев.
Ал М.Әбішов басқаша ойлайды екен: «Біріншіден, АЭС энергетикалық көздерді жаңартады. Екіншіден, қоғам дамиды. Өзіміз де сол дамушы мемлекеттер қатарындамыз. Мемлекетті дамыту үшін қосымша көздердің бірі ретінде АЭС жоспарланып отыр. АЭС жобасына қарсылар күн, жел энергиясы арқылы АЭС-ті алмастыруға болатынын айтады. Жасыл энергия көздерінің диверсификациясы да, АЭС-те маңызды. Жалпы, радиофобия деген жақсы нәрсе емес, біз АЭС арқылы энергетикалық, уран дипломатиясының мүмкіндігін әртараптандырамыз».
АЭС жобасына қатысты әңгіме болса, атом фобиясы ресейлік компаниялармен қарастырылып, талқыланады. Ел ішінде бұл жоба таза ресейлік жоба деген де пікір бар. Бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев біздің елдің АЭС құрылысын таза ресейлік жоба ретінде қарастырмайтынын үздік технологияларды таңдайтынын айтқан. Бірақ Ресейдің ядролық технологиялары қазір қауіпсіз, тиімдірек және құрылысы арзанырақ екенін ашық айту керек екенін де жасырмаған.
Тағы да назар аударатын жайт, осы мәселе көтерілсе, «маманды қайдан аламыз» деген мәселе қоса шығатын. Сарапшылар бұл мәселе шын мәнінде, өзекті екенін айтты. Олардың айтуынша, ядролық техгологиямен айналысатын адамдар бар, бірақ олардың санын көбейту керек. Бұл мәселені «Болашақ» бағдарламасы немесе білім грантын көбейту арқылы шешуге болады. Бұл ретте 1990 жылдардан бері еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында осы саланың мамандары даярланып келеді.
Энергия тасымалдаушы жүйелер КСРО кезінде салынған
Ұлттық ғылым академиясының академигі, көмір жағу саласындағы техника ғылымдарының докторы Бірлес Алдияров кейінгі екі жылдағы пікірін қайта қарап шықты. Академиктің айтуынша, біздің елде энергияны осы қалпында өз күшімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бірақ энергия тасымалдаушы жүйелердің бәрі КСРО кезінде салынған. Біз күні бүгінге дейін сол жүйенің шырмауынан шыққан жоқпыз, ток көздерін өзімізге бейімдеп, артығын сатып алып отыратын жаңа желілер жүйесін қалыптастыра алмадық. Енді бұл міндет – уақыттың еншісінде.
Академик осы жолы бізбен әңгімесінде еуростандарттарға бейімделудің кезі келгенін, олар атмосфераға көмірқышқыл газын шығару мәселесін түбегейлі шешуді талап етіп жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, технологиялық егемендігімізді қамтамасыз етудің күрделілігін ел сезіп отыр. Ал АЭС бізді осы тығырықтан алып шығады. Қазақстың сайын даласына АЭС-те, жасыл энергетика да, көмір де керек. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында тұтынудың шарықтау шегінде біз Ресейден келетін электр энергиясына 8% тәуелді болдық. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда электр энергиясын өндіру 113 млрд кВт/сағ тұтынумен 112,8 млрд кВт/сағ құрады. Өндірістегі басым үлес әлі де көмірге тиесілі – 66,7%, табиғи газ – 21,5%, ірі су электр стансалары – 7,3%, жаңартылатын энергия көздері – 4,5%. 2024 жылы тапшылық биылғы көлемнен 10-15 пайызға артады деген болжам бар. Бұл деректер энергетикалық дағдарыстың бізге де таяп қалғанын сездіріп тұр. Басқа жол жоқ, газ тапшылығынан газ өндіруді арттыра алмаймыз, су электр стансаларынан көбірек энергия өндіру физикалық тұрғыдан мүмкін емес.
«Үлбі металлургиялық зауытында уранды өндіру және отынға айналдыру технологиялары толық әзірленген. Мұндай электр қуатын сату отынның өзінен төрт есе қымбат тұратыны белгілі және оны сататын жеріміз бар. Екіншіден, бізде атом электр стансаларын салуға дайын орындар бар. АЭС тағдыры да, оны салатын орны да әлі нақтыланған жоқ. Бәрі – талқылану деңгейінде. Мен оны Екібастұз ГРЭС-3 орнында салуды жақтаймын, басқалары еліміздегі ең жақсы көмір электр стансасы орналасқан Балқашта салу қажет дейді. Біріншіден, біз көмір энергетикасынан толық бас тарта алмаймыз, екіншіден, өзіміздің кадрлардың жоғары ғылыми-техникалық әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Ең бастысы, бізге ықшам, жылдам тұрғызылатын, озық технологиялары бар атом электр стансалары керек екеніне сенімдімін», деді академик Б.Алияров.
Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші сарапшысы Игорь Юшков осыған дейінгі Қазақстанға АЭС қажеттігін айтқан еді. Оның айтуынша, АЭС отын-энергетикалық балансты әртараптандыруды және газды шығаруды қамтиды. Басты кедергі – қоғамның саяси реакциясы. Ядролық қондырғыларға және оның қай елге тиесілі екеніне байланысты қоғамдық пікірде үлкен алаңдаушылық бар. Билік халықтың пікірімен санасатынын көрсетуге тырысып жатыр. Азаматтардың пікірі ескерілмейді деп ойламауы үшін ел басшылығы референдум өткізуді ұсынып отыр. Бұл билік пен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сипат ала бастағанын көрсетеді.
Бұл ретте ол посткеңестік кеңістікте болған адамдар кейде ірі ресейлік компаниялардың келуінен қорқатынына назар аударды. Дегенмен оның ойынша, елімізде ақпарат сауатты түрде жеткізілсе, станса құрылысына қатысты азаматтар тарапынан қарсылық болмайды.
«Ел басшылығы қоғамдық пікірмен неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, атом электр стансасын салу саяси тұрғыдан оңайырақ болады. Бірақ бұл жерде мәселеге экономикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Энергетикалық дағдарыс аяздай қарып барады», дейді сарапшы.
АЭС жобасын жақтаушылардың бүйрегі құрылысқа бір емес, бірнеше елдің қатысқанын құп көріп тұр. Мамандар шартты түрде таңдауды екі бағытта қарастырып отыр. Бюджет немесе жергілікті инвестор құрылысты, жабдықты өндіруді және жеткізуді, персоналды оқытуды толығымен қаржыландырады. Бұл жағдайда Қазақстан екі реакторы бар атом электр стансасы үшін 15 млрд долларға жуық қаражат табуы керек. Ал мемлекеттің мемлекеттік бюджеті шамамен 45-50 млрд долларды құрайды. Жоғарыда айтқан сома Ұлттық қорға да оңай емес. Екінші – жекелеген инвесторлар қарызды электр энергиясының тарифі есебінен өтейді деген шарт. Бұл нұсқада тариф, сөз жоқ, көтеріледі. Таңдау оңай болмайын деп тұр. Кез келген шешімнің құны қымбат.
АЛМАТЫ