Белгілі дін қайраткері, ҰҒА академигі, шығыстанушы, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздің ғылымы мен біліміне қосқан үлесі мол. Көзі тірісінде-ақ аталған салалар бойынша көптеген зерттеу жүргізіп, жарыққа шығарды.
Биыл Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және таразилер (Х-ХХ ғ.)», «Әбу Насыр әл-Фараби Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» және «Забытые мыслители Великой степи (IX-XX вв.)» атты еңбектерінің таныстырылымы еліміздің бірнеше қаласында, Ирандағы Қазақстан елшілігінде кең ауқымда өтті.
Филология ғылымдарының докторы, академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі – Ислам әдебиеті мен мәдениетін терең таныған ғалым, 13 жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қызметін атқарған, ел сыйлаған тау тұлға еді. Оның көзін көрген игі жақсылар мен отбасы бір ортаға тоғысып, көзі тірісінде жазған құнды еңбектерінің жинақталған, сиясы кеппеген кітаптарының тұсаукесеріне куә болды.
Ең алдымен, мамыр айының 17-сінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған іс-шарада оның еңбектерінің көрмесі өтіп, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан марқұмның рухына құран бағыштады. Әбсаттар қажымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген, бір терінің пұшпағын илескен «Президент және халық» порталының бас директоры Марат Тоқашбаев, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов және Алматы қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов сөз сөйлеп, шығыстанушы ғалымның өмірі мен қызметінен естеліктер айтып, жарық көріп жатқан еңбектеріне жоғары бағаларын берді.
Дін және ғылым саласының өзге де белгілі тұлғалары қатысқан осындай жиын биыл 23-24 қазан күндері Түркістан және Шымкент қалаларында жалғасын тапты. Әбсаттар қажы Дербісәлінің құрметіне арналған «Бабалар аманатын арқалаған ғалым» атты тағылымды іс-шараға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы сынды өзге де елге танымал қонақтар қатысты. Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбектері, дипломатиялық қабілеті мен ұстаз ретінде шәкірттер алдындағы сыйы жөнінде кеңінен баяндады. «Өздеріңіз білетіндей, Әбсаттар қажы Дербісәлі ғалым, дипломат, дінтанушы, Бас мүфти қызметін атқарды. Осы жолда үлкен жұмыстар атқарды. Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген кезде дәстүрлі ислам түсінігі мен тәжірибесінің қайта қалыптасуына қосқан үлесі зор», деді ол.
Қаламгер Марат Тоқашбаев Әбсаттар қажының тұлғалық болмысы мен асыл мінезінен, ортақ естеліктерінен сыр шертті. Қазақ телевизиясында алғашқылардың қатарында Әбсаттар Дербісәлімен бірлесе жасаған «Қадыр түні» бағдарламасының тарихы мен оның сол уақыттардағы маңызы жөнінде айтты. Шығыстанушы ғалым туралы жылы естеліктер мен оның мемлекет үшін жасаған еңбектері, ұлт жанашыры болған көркем мінезі туралы, әр болмысына тоқталғандар қатары көп болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей де ұстазының еңбек жолын баяндады. Әрі оның артында қалдырған мол мұрасы, жаңа шыққан кітаптардың мазмұнына тоқтап, оны оқуға шақырды. Сондай-ақ «Нұр Мүбәрак» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы Әбсаттар қажының мемлекеттік қызметтегі өр мінезі, қазақ тілінің жанашыры ретінде жасаған еңбектері мен дипломатиялық шешімдерінің түпкі даналығы жөнінде оқиғалармен бөлісті.
Әбсаттар қажының жұбайы, Алматы қаласындағы «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» жеке қорының құрылтайшысы, дипломатия қызметінің еңбегі сіңген қызметкері Рафия Дербісәлиева тағылымды естелік айтып, қордың жоспарын таныстырды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Бабалар аманатын арқалаған ғалым» атты мәні зор жиында да Әбсаттар қажы Дербісәлімен үзеңгілес қызмет атқарған, ниеттес ағайын сөз сөйлеп, ғалымның өнегеге толы өмірінен сыр тарқатты.
Сонымен қатар 21 қарашада Иран Ислам Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде де Әбсаттар қажы Дербісәлінің жаңа еңбектерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. «Ғалымның хаты өлмейді» деген даналықтың мәні осында.