Ол – әлем чемпионы, әскерилер арасында өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы. Қазақстан чемпионатында 5 рет жеңіске жетті. Азия чемпионатының алтын медалін де иеленді. Ол ұлттық құрама сапында 15 жылдан бері айқасқа қатысып келеді. Теміртас Жүсіпов 36 жасында Қазақстанның жазғы Спартакиадасында чемпион атанды. Даңқты боксшыдан келешектегі жоспарын сұрап, аз-кем тілдестік.
– Теміртас, жеңіс құтты болсын. «Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді» дейміз. Байқауымызша, бокстан өткен жазғы Спартакиада ойындарына қатысқан спортшылардың ішіндегі жасы үлкені өзің ғана.
– Дұрыс айтасыз, қатысушы боксшылардың жасы өзімнен әлдеқайда кіші. Тіпті 16-17 жас кіші таланттар да қатысты. Олардың физикалық қуаты, шеберлігі өсіп келе жатқаны қуантады. Тәжірибеміздің толысып, талай додаға қосылғанымыздың нәтижесінде жеңіс маған бұйырды. Финалдық жекпе-жекте астаналық Асхат Жүсіповтен басым болдым. Екеуміз бұған дейін де бірнеше мәрте жекпе-жекте айқастық. Оның жұдырықтасу стилін жақсы білемін, ол да мені зерттеп алғаны айқын байқалды. Бапкерлерімнің бағыттауы бойынша қателікке ұрынбай айқастым.
– Өзіңнің еншіңде Азия чемпионатының алтыны, әлем чемпионы сынды айтулы атақ, дәреже бар. Ұлттық құрама сапында 15 жылдан бері жүрсің ғой. Бірақ жазғы Спартакиаданың алтыны осы күнге дейін бұйырмаған екен.
– 2011 жылы жартылай финалда сүрініп, жазғы Спартакиаданың қола медалін місе тұтқан едім. 2015 жылы «Астана арландары» кәсіпқой клубының сапында жекпе-жекке түскендіктен, жазғы Спартакиадаға қатыспадым. 2019 жылы Азия чемпионатында қола медаль алғандықтан, жазғы Спартакиада ойындарына қосылмай демалыс алдым. Өзіңіз айтпақшы, ұлттық құрамада 15 жыл жүріп, төрт жылда бір айналып соғатын жазғы аламанның алтын медалі осы жолы бұйырды.
– Енді жетпей тұрғаны – Олимпиада медалі. Бірақ келесі жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында боксшылар 7 салмақта қатысады. Сен 48 келіде сынға түсіп жүрсің. Париждегі додада ең жеңіл салмақ 51 келі. Енді жоспарың қандай, олимпиадалық салмаққа өтесің бе? Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да ауысты емес пе?
– Менің де арманым жазғы Олимпиада ойындарынан олжалы оралу. Бірақ бұған дейін 51 келіге өтіп көрдім, өзімнің салмағым емес екен. Бойымның тапалдығы, қолымның қысқалығы бірден байқалды, күшім де жетпейтінін аңғардым. Санжар – жалындап тұрған, жастар арасынан ересектер қатарына енді өткен боксшы. Дене тұрқы да маған қарағанда сидам, қолы ұзын. Физикалық әлеуетін күшейтсе, 51 келіге қалыптасып алады деп ойлаймын.
2009 жылдан бері ұлттық құраманың белді боксшыларының бірі саналып келемін. Жазғы Олимпиада ойындарында өзімнің әлеуетімді сынап та көргім келеді. Бірақ бұйыртпаса бекер ғой. Кім біледі, 2028 жылы өтетін жазғы Олимпиада ойындарында боксшылардың салмағы 48 келіден басталуы мүмкін. Дәм тартса, жолымыз түсер, үміт үзбеймін. Әскерилер арасында әлем чемпионы атандым, 2021 жылы әуесқойлар дуында да әлем чемпионатының алтын медалі бұйырды. Ендігі мақсатым – алда болатын әлем біріншілігіне, басқа да құрлықтық, халықаралық турнирлерге қатысу үшін әзірлікті күшейту. 51 келіге ауысатын жоспар жоқ. Қазақ боксының тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанған әзірге Серік Сәпиев қана. Сол межеге жету жолында барымды саламын. 2025 жылы Жапонияның Осака қаласында құрылатын рингте әлем чемпионатының алтын медалін олжалау – басты мақсатым.