• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 29 Қараша, 2023

Көшпелілердің көне моншасы

295 рет
көрсетілді

Жітіқара өңірі бағзы тарихтың талай сырын бүгіп жатқаны анық. Өлкетанушы ғалымдар ежелгі Арқайым қалашығымен шектесетін Жітіқара маңында көне өркениеттің ізі бар екенін, сондықтан жүйелі археологиялық зерттеу жұмыстарына сұранып-ақ тұрғанын айтады. Мәселен, осы өңірдегі Жалтыр­көлдің жағасында кезінде көшпелілердің көне моншасы болған деседі. Өлке тарихының білгірі, ардагер журналист Қуаныш Орманов ағамыз – осы моншаға түсіп көрген адам.

Жадыдан тыс қалған ескі тарих­қа соқыр сәуле түсіретін көне моншалар көбіне оңтүстік, ба­тыс өңірлерден табылып жатады. Ғалымдар жер астында қал­ған ғимараттардың көпбөлмелі еке­нін, шешінетін, жуынатын бөл­месі, буханасы болғанын айта­ды. Жіті­­қара өңіріндегі бұл мон­ша олар­ға ұқсамайды. Шаруа­шы­лық ың­­ғайы­мен қыс – қыстау­ға, жаз – жай­лауға көшіп-қонып жүре­тін көш­пелі жұрттың тұрмыс-тір­­ші­лі­гіне қолайлы шағын ғана монша.    

Қуаныш ағаның туған жері  Мүктікөл Жітіқарадан 65 шақы­рым, ал Жалтыркөлден 5-6 ша­қырымдай жерде жатыр. Бұл ауыл­да қазір 50-60 үй түтін түтетіп отыр. 1956 жылы 6-сынып оқып жүрген бала Қуаныш Жалтыр­көл жағасындағы Қондыбай қоны­сында тұратын Қапаш жездесіне қонаққа барады.

– Ол ауылда Кенжебай деген ағай тұрушы еді. Ат арбамен бригадаға май таситын. Бір күні сол кісі: «Балам, маған серік боласың» деп ат арбасына мінгізіп алды. Көлді айналып келеміз. Шамамен бір сағаттай жүрдік те, көл жағасында тас­тан қаланған жұпыны ғана күр­ке сияқты бірдеңенің жанына тоқ­тадық. «Бұл не?» деймін. Кен­же­бай ағай: «Мұны буана деп атай­ды. Моншада суға түсесің, мұнда буға түсесің», деді. Сырты сазбен сыланған тас күркешік. Сен арбадағы киіз бен шелек-легендерді түсір деді. Содан ішке кірдік. Күркенің ортасында он шақты үлкен тас, біршама майда тастар жатыр. Бір үлкен тастың үстінде маған арабша жазылған сияқты болып көрінді, белгісіз бір белгілер бар. Күркенің ішін сыпырып, тасты сүртіп, маңайын күлден тазарттық. Су әкелдік. Ағай өзімізбен бірге ала келген ағашты тұтатып, от жақты. Оттың айналасына әлгі тастарды қалап шыққан соң, кәдімгі ошақ сияқты болып қалды. Оттың түтіндеуі тоқтап, күркенің іші ыси бастаған кезде, маған түндікті жап деді. Киізбен түндігін жауып келдім. Ағай екінші киізді алып, есікті іштен қымтап тастады да, әлгінде өзіміз әбден ыс­қы­лап жуып, тазартып қойған кішкен­тай тас­тарды қышқашпен бір-бірлеп алып, қып-қызыл жалын­ға тастады. Сәлден соң қызған тастың иісі шыға бастады. Күр­ке­нің іші қызғанда енді керемет, жаның жай табады. Тастың қызарғанын өмірімде бірінші рет сонда көрдім. Ыдыстың бәріне су толтырып қой­ғанбыз. Кенжебай ағай қызған тасқа ожау-ожау су шашады. Күркенің іші будан көрінбей кетті. Бір кезде сора-сора тер кетті. Ағай беліне бір шүберек байлап алды да, арқасын отқа беріп отырды. Мен де ол кісіден көргенімді істеп, отқа қыздырына бастадым. Ыстықтан кеңсірігім кеуіп кеткендей болды. «Мұны буана дейді. Моншада тек тәніңді тазартасың. Мұнда тәнің де, жаның да, бойың да, ойың да тазарады. Ішіңдегі зиянды нәрсенің бәрін бу тартып алады. Іш құрылысың, тыныс жолдарың, кеңсірігің тазарады. Тек шамаңды біл. Кенжекең қып-қызыл тастың бес-алтауын алып, былай қарай қойды да, үстіне су құйып біраз пышылдатып алды. Оның үстіне киіз төсеп, үстіне отырды. «Рахат-ай, табанымнан өткен ыстық желкеме дейін жетті» дейді. Біраздан кейін бір-бір ша­йынып сыртқа шықтық. Нақ бір қайта туғандай бойым сергіп, жеп-жеңіл болып қалдым. Одан көлге бір-бір сүңгіп алдық та ауылға қайттық. Жолай Кенжекеңнің: «Бұл буананың киесі бар. Осы ауыл­да мұның көне монша екенін, оның қашан салынғанын ешкім білмейді. Бірен-саран білетін­дер айтуға қорқады. Ертеректе бақсы, әулие адамдар осында келіп жуынған екен. Қатардағы жұрт келе қоймаған. Бұл – сонау есте жоқ бағзы заманның ес­керт­кіші. Естуімше, соңғы рет мұн­да Отарбай қажы шомылыпты» дегені де есімде қалыпты, – дейді Қуаныш Төребекұлы.     

Сол монша ағаның ойынан көпке дейін кетпей жүреді. Ол кезде Алматыда тұрады. Бір жылы елге демалысқа келгенде әлгі көлдің жағасына барып, арнайы іздеп көрген екен, бір тасын да таба алмапты. Тың игерушілер соқамен орнын тегістеп, тып-типыл етсе керек. Ағамыз көлдің жағасына дейін жеткен егістіктің арасынан ештеңе таба алмаған.

«Қостанайға көшіп келген жылы «История СССР» деген бір қызыл кітап қолыма түсті. Соны қарап отырсам, скифтердің мон­шаға қалай түскені, оның буы­на қалай қыздырынатыны жазылыпты. Баяғы мен көрген күрке тура сол скифтердің моншасына ұқсайды. Сосын көршілер орыс моншасы деп бөркін аспанға атып мақтанады ғой. Мен «баня» деген не екен деп ізденіп көрдім. «Баня» деген сөз жоқ. Содан бұлар скифтен қалған «буананы» «баня» деп алған екен ғой деген тұжырымға келдім. Біздің бабаларымыздың тән тазарту, тыныс жолдарын аршу әдісі ерекше болған ғой,  дейді Қуаныш аға.

 

Қостанай облысы