«DataReportal» жаһандық сараптамалық платформасының биылғы статистикасына үңілсек, еліміздегі 18 миллионға жуық отандасымыз интернетті тұрақты пайдаланады. Әсіресе 12 мен 24 жас аралығындағы азаматтар TikTok пен Instagram-ды жиі қолданатын көрінеді. Ал осы жүйелердің тікелей эфирінде бақсы-балгер, құмар ойынды, жат ағымды насихаттайтындар өріп жүр. Желіде жеңіл пайда табуға шақырып, «аз ақшаңды көбейтуге көмектесемін» дейтіндер де баршылық. Қайтпек керек?
Қазіргі балалар digital әлем ұсынған ақпарат тасқынының тұтқынына айналды. Қырағылар көзқарасы қалыптасып үлгермеген ұрпақтың санасын улап жатса, жанашырлар көкжиекті кеңейтудің жолын іздеп әлек. Осынау проблеманы негізге алып, депутат Аманжол Әлтай Мәжілістің бір отырысында «жасөспірімдердің тәрбиесіне салғырт қарамауға міндеттіміз» деген еді.
«Ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп-тамыры тереңде. Нақтырақ айтсам, мәселе – өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда, қоғамдық, әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте», деді ол.
Ішкі істер министрлігі ұсынған деректер мәселенің мәнісін аша түседі. Айталық, былтыр құқық қорғау орындары заңға қайшы мазмұндағы 16 мың интернет-ресурсты анықтапты. Ал қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік желі пайдаланушыларын құмар ойынға үгіттеген 177 аккаунтты бұғаттағанын мәлімдеген. Осыған орай депутат ұялы телефонға телмірген ұрпақтың санасын сақтаудың бір жолы жасөспірімдердің TikTok-ты пайдалануына тыйым салу деген еді. Бірақ бұл көптің көңіліне қонбады.
«Қазіргі таңда әлеуметтік желі халықтың санасын түрлі дезинформация мен қажеті жоқ ақпаратпен толтырып жатыр. Блогерлер байлығын, әншілер әдемі өмірін паш етіп, пайдасыз посттар ұсынады. Десек те, меніңше, проблема TikTok болсын, басқа да әлеуметтік желілерді бұғаттаумен, шектеу қоюмен шешілмейді. Ол үшін ата-ананың, биліктің жауапкершілігінен бөлек, бірлесе жұмыс жүргізуіміз қажет. Әр адам қазақ қоғамының өркендеуіне қай тұста пайдалы бола алады, сол жағынан атсалысса құп. Мәселен, өз басым TikTok-тағы 100 мыңнан аса, Instagram-дағы 200 мыңға жуық оқырманым арасында танымдық бағытта пайымды әрі пәлсапалы мағлұмат бергенді жөн санадым. Осылайша, көшеде кезіккен азаматқа сұрақ қойып, дұрыс жауап бергеніне сыйлық беріп, контент жасап жүрмін. Сауалдарым ұлттық мәдениетіміз, құндылықтарымыз бен нар тұлғаларымыз жөнінде. Бүгінде әжептәуір қаралым да бар», деді TikTok қолданушысы, кәсіпкер Жанбол Нұрмұханбет.
Жанбол секілді TikTok пен Instagram-да өткенге көз салып, болашақ иегерлерінің сауатын арттыруға зейін қойғандар да жетерлік. Бірақ жаман әдет адамға тез жұғады демекші, біз сенген ұрпақ жұмысшыдан гөрі шетінен блогер болғысы келеді. Өткен ғасырдың 90-жылдары сұранысқа ие болған қарапайым дәнекерлеуші, механик, инженер сынды мамандардың салмағы бәсеңдеді.
«Қазіргі таңда жастардың көбі электрик, сантехник секілді мамандықтарды таңдамайды. Өйткені аталған саланың бәсі төмен, мәртебесі биік емес. Бұл мамандықтарды насихаттау ісі де дұрыс жүргізілмей жатыр. Мәселен, кеңес заманы комбайншы Кәмшат Дөненбаева, шопан Жазылбек Қуанышбаев, күрішші Ыбырай Жақаев секілді адамдардың есімін елге танытып, мәртебесін көтерді. Қазірде еңбек адамдары насихатталып жатыр. Десек те, белгілі бір деңгейде ғана. Жалпы, еңбек адамдарының өзге мамандар тәрізді арнайы мәртебесі жоқ, атқаратын қызметтері – нағыз қара жұмыс. Сол себепті де, бұл іске көп жас қызыға бермейді», деді филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы.
Спикердің сөзіне қоғам белсендісі Тоқтар Болысов та үн қосты. Айтуынша, елге қажет мамандар қатарын толықтыру үшін digital әлемінің әлеуетін пайдаланып, насихат жұмыстарын күшейту керек.
«Бүгінде ата-аналардың көбі «менің балам депутат, президент болады» деп, жастайынан сәбидің құлағына, санасына аталған сөздерді құяды. Естігенін сіңіріп өскен жасөспірімнің мамандық таңдаудағы шешімі көзі көрген, құлағы естіген дүниеден басталады. Ашығын айту керек, қазір мектеп бітіруші түлектердің басым көпшілігі механика саласын ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен ұпай жинағанына байланысты ғана таңдайды. Сайып келгенде, бұл мамандықты жан қалауымен таңдап, жақсы игерген адам мемлекеттік қайраткердің жалақысынан да жоғары көлемде өз нәпақасын таба алады. Өйткені қазір сантехниктің бір 10-15 минутта тындыратын жұмысы кемі 5-10 мың теңгеге бағаланады. Бұл – бір ғана мысал. Сондықтан атаулы салалардың артықшылықтарын жастарға дұрыс жеткізе алуымыз қажет», дейді жастар жанашыры.
Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 4-курс студенті