• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 30 Қараша, 2023

Мал азығын дайындау мұңы

189 рет
көрсетілді

Кейінгі он бір жылдың бедерінде мал азығын дайындаудың қиямет-қайымға айналып, шаруа қожалықтары мен тұрғын­дардың баяғыдан бері қажетінше шөп шауып алып жүрген шабындықтарының көзден бұл бұл ұшуы асқынған мәселе болып отыр. Осы өзекті мәселе жөнінде туған ауылым Қызбел тұрғындарының қынжылысын, талап-тілегін Үкімет назарына жеткізу мақсатымен қолыма амалсыздан қалам алдым.

Бұрынғыдай малына жеткілікті шөп дайындай алмаса, қоңыр тір­лікте не береке қалар дейсің. Жа­сы­ратыны жоқ, осы ушыққан жағ­дайға Жанкелдин ауда­ны­ның Қыз­бел ауылымен қатар Албарбөгет шаруашылығы да тап келіп, мал азығын дайындауда әр маусымда бағзыдан тиесілі шабындықтарынан шөп шаба алмай, ыңыршақтары айналып, дәрменсіз күй кешуде. Мұндай келеңсіздік әрі қарай жал­ғаса берсе, малдан бас­қа ырыздығы кемшін күйде қалың отыр­ған құйқа­лы жұрттың бере­кеті қашып, жан-жаққа босып кетуі әб­ден мүмкін-ау. Сонымен, мұндай ашық күнгі алаң­даушылықтың, кеспірлі келең­сіз­діктің сыры неде болып отыр?

2012 жылғы 26 қарашадағы №1496 Үкімет қаулысына сәйкес Жанкелдин ауданы Қызбел ауыл­дық округіне қарасты Сарықопа жер көлемінің 52 286 гектары «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына кіріп кеткен. Оның ішінде 31 456 гектар қорық режіміне қарасты болып, былайғы 20 830 гектары буферлік (аралық) аймаққа кірген. Бұл жерде Аманкелді ауданына қатысты жер бөлінісін есепке алмай отырмыз. Ол жағы – бөлек әңгіме.

Қызбел ауылдық округінің жер көле­мі – 71 947 гектар. Елді мекен саны – 4 (Саға, Ұзынқарасу, Ошағанды, Бидайық). Халық саны 800 адамға жуықтады. Аула саны – 140. Ауылдың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. 39 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр округ бойынша ірі қара саны 6 679 болса, биыл 8 274-ке дейін өсіп отыр. Оның шаруа қожалықтарына тиесілісі – 4 577, жергілікті тұрғын­дар­дың үлесі – 3 697. Жылқы саны – 1 784, ұсақ мал 4 527-ге жетті. Қыстан қысылмай шығу үшін жылда шаруа қожа­лық­тарына – 6 мың тонна, ал жеке тұрғындарға 5 мың тонна көлемінде шабындық шөбі қажет.

Ауылдан 8-10 шақырымдағы 20 830 гектар құрайтын шабындық және жа­йылым жерлері «Алтын дала» резерватына кіріп кет­кен­діктен, қорықшаның қызмет­керлері дер уа­қытында шөпті шаптырмай кедер­гі келтіріп жатады. Ауыл, аудан әкім­шілігі болып бұл меке­ме бас­шы­лығына хат жолдап, шөп шабуға рұқсат сұрап, жалбырынады да жүреді. Содан олар оң қабақ та­ныт­қанша, піскен шөп сарғайып, құна­ры кеміп, амалсыздан ағарған шабын­дықтан өз қажеттерін әрең өтеп алып жатады.

Сонымен, халықтың талабы мынадай жалғыз сұрақ: негізгі күнкөрісі мал шаруашылы­ғы болғандықтан, Қызбел ауылы­на қарасты Сары­қопаның 20 830 гектар буферлік аймақ­тағы ша­бындық жерлері жергі­лікті ха­лыққа қайтарылуға тиіс. Бұл тұр­­­ғысында «Аmаnаt» партия­сы Қостанай облыстық филиалы жанын­дағы «Жер аманаты» ай­мақтық комиссиясы жина­лы­сы­ның хаттамасына сәйкес Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары Б.Бейсенғалиев пен Е.Смыш­­­ляе­ваға «Алтын дала» мемле­кеттік та­биғи резерваты шекарасын өзгертуге жәрдемдесу жөнінде өтініш те жіберілген еді. Дегенмен нақты нәтиже кешеуілдеп отыр.

Біздіңше, шаруалардың мал азы­ғын дайындаудағы қолын матап-байлап отырған аталған Үкі­мет қаулы­сын­дағы: «Қоста­най облысының әкім­дігі Қазақстан Республикасының заңна­ма­­сын­да белгіленген тәртіппен меке­ме жерлері төңірегінде күзет айма­ғын белгілеп, осы аймақ шегін­де эколо­гиялық жүйелердің жай-күйіне және оларды қалпы­на келтіруге келеңсіз әсер ететін кез келген қызметке тыйым салсын және (немесе) шектесін», де­ген мәтіннің мазмұнын ауыл тұрғын­дарының мүддесіне орай, жұмсартқан абзал болар ма еді?

Келесі жылы бұдан да сорақы­сы күтіп тұр екен. «Алтын дала» мем­ле­кеттік табиғи резерваты тара­пынан Қызбел ауылының тұрған­дарына мүлде шабындық жерден шөп да­йындауды тыятын шаралар жүзеге аспақшы дейді. Сонда не болмақ?

Солай бола қалған жағдайда ел малынан айырылады, жан-жаққа амалсыз қоныс аударып, жан сауғалап кетпек. Аштық зобалаңы қысқан сонау топалаң жылдарда да нулы-сулы Сарықопа өңірін паналап, табиғи нәрін талғажу етіп, аман қалған қалың жұрт, әлгіндей жайсыздық жал­ғаса берсе, мал-жансыз қаңырап қалмасына кім кепіл?

Мұның бетін аулақ қылсын десек те, жанды мазалайтын бұл көкейкесті мәселелерге дереу көңіл аударып, түйт­кілдің түйінін шешуге тез арада кіріс­кеніміз жөн болар еді. Қалың қар­дың астынан мал ырыздығы – шөп қылтиятын кез де жетіп келмей ме?!

 

Қайсар ӘЛІМ,

Президент сыйлығының лауреаты, журналистика ардагері

 

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы,

Қызбел ауылы