• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Қараша, 2023

Өмірдің өрген өлеңін

211 рет
көрсетілді

Қазіргі қазақ жырының ақсақалы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сейфолла Оспанов сексен бес жасқа толды. Жаратқанның жақсылығы болар, ақын ағамыз осынау мазмұнды ғұмырының алпыс бес жылын қазақтың қасиетті өнері – өлеңге арнады. Сыр бойының түлегі болғасын, оның ақын болмауға қақы жоқ сияқты болып көрінеді. Сыр сүлейлерінің сан алуан көшінде, әр кезеңнің белестерінде ұлтына ұлық сөзін ұзатқан, тереңнен тауып терме өрген, тамырдан тартып шерленген, тұрлаулы сөзді өңгерген, тыңдарманға дем берген, тарихтың тарауын таңдайға құйып меңгерген, таланттардың көзін көріп, қолдарына су құйған, батасын алып, пұл жиған, көкірегіне құйылған таң нұрындай таза сөзді жүрегіне жазып ержеткен Сейфолла ағамыз алғашқы өлең сапарында адамгершілік пен адалдықтың ақ туын сол алдыңғы аға ұрпақтың көңіл қайнарынан құйылып жеткен ұлағаттан тауып, өмір бойы осы ұстанымнан айнымай келеді. Сондықтан да ақын өлеңнің өрісіне түскенде «Жыр – ана» деген имани кодекске қол қойып, сертсөздің сілтемесін тұғыр етіп ұстайды.

Әдетте, «Әдебиет – ардың ісі» деген қабдоловтық қағидаға қол қойсақ, Секең қазақтың хас өнері, ұлттық болмысының ұраншысы қара өлеңді «анам» деп қадірлеп, жүрек жайнамазына салып, ақиқат сәждесіне маңдайын тигізеді. Өлеңге тән ырғақ пен мазмұнның ара­жігінде ойдың тереңіне ұмтылғанда қара өлеңнен ақ өлеңге өтіп кететін жерлері болғандықтан, оқырманға сазында селкеулік бардай көрініп қалуы да мүмкін, бірақ осы жерде парасатты пассионар, пікірі жүрдек әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың: «Асылы ақынды жақсы түсіну үшін, ең алдымен, ақын жанын толғантқан, тебіренткен жайлар сенің де жаныңа жақын болуы керек пе дейміз. Онсыз жерде ақын шығармашылығының пафосын тап басу, өлеңдеріндегі идеялардың мән-маңызын терең түсіну оңайға соға қоймас…Ол – ақын өлеңдеріндегі азаматтық позиция айқындығы дер едік. Автор қандай тақырыпта қай тұрғыдан ой айтуға тырыссын, соның бәрінен ақынның азаматтық айқын позициясын, адамгершілік кредосын көрмеу, сезбеу мүмкін емес» деп Секеңнің серт сөзінің астар-тысын айқара жайып салыпты. Тегінде, адамгершілік ұстаным қай-қайсы ақынның да темірқазық тұғыры ғой, бұл тұрғыдан келгенде ақын ағамыздың алғаусыз сыры мен аршын мұңы үзеңгі қағысып, адамгершілік па­йым алғы шепке шығып отырады.

«Адал тапқан табысқа,

Сөздің сұғы тимесін.

Тисе өзі алысқа,

Апара алмас күймесін.

 

Ажары асқан сұлуға,

Көздің сұғы тимесін.

Ем табылмас бұл уға,

Мәңгі сұғар инесін.

 

Оймауыт ой шешенге,

Көздің сұғы тимесін.

Соңы айналар кеселге,

Жаны босқа күйгесін.

 

Жайсаң жанды адалға,

Сөздің сұғы тимесін.

Басқан құтты қадамға,

Бәлекетті үймесін», деп жырлаған ақын өмір мен көңіл­дің өрімін жымдас­тырып, адал­дық пен арамдықтың тара­зысы басындағы тағдырын пейіл парасатына жетелейді. Өлеңге ой керек, образ астасуы қажет деген теориялық бай­ламдардың қарапайым қа­ғидасы қарапайым көрінетін осынау шымыр шумақтарда шуақ шашып, ақындық алғаусыз ниеттің оң қабағын ашып, сол қабағын басып тұрады. Осы ретте ақынның: «Мен – халықпын, халық – Тәңір, білемін» деуінде қазақ поэзия­сында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәс­түрлі арналар мен көркемдік са­бақтастықтың тіні тамыр тартады. Бала болып ойнаған, бо­лашағын ойлаған кейіпкердің монологі былайша өріліп келсе, бұл да ақынның халық алдын­дағы өз жауапкершілігі мен шымылдығын ашқан шын­дық­тың ақын жүрегінде шымырлап бойға, шығандап ойға жайылуы болар:

«Үлкенге ғажап таңғалам,

Байлықтар көзін арбаған,

Жауыздық істеп танбаған,

Баянды іске бармаған,

Өзін де құртып жалмаған,

Дананың алдын болжаған,

Қайғысын тартып болмаған,

Көзіне көлгір дұшпанға,

Байланып елім сорлаған,

Жағымпазданып, жалбақтап,

Тілінде жаттың сайраған,

Қалайша мен де алданам,

Дініңді жойып арбаған,

Санаңды жайлап сарнаған,

Сілкінген жанды тентек деп,

Қарасын құртпай қоймаған,

Өзімнің байлық, бағыма,

Өзімді жегіп жалдаған,

Тозаққа қалай төзгенмін,

Албастыларға арбаған».

Бұл өлеңнің жазылу уақытын білмеймін, бірақ осы бір ақи­қаттың ащы даусы қалың оқыр­манның назарын аударып, азат жылдардың арзуы секілді болып жаныңа ұялайды. Оқып отырсаң, бәрі рас, өзіміз де осынау отыз жылдық кезеңде көзіміз көріп, құлағымыз естіген, көңіл тезінде көкіректі ашытқан, көңіліңді жасытқан, ашуыңды тасытқан жағдайлар емес пе? Өз байлығымыз өзгенің қалтасында, өз бейнетіміз халқымыздың ар­қасында, қомағай мен қанағат­сыздың қалқасында болып кел­ген, әлі де дүдамәлі көп, шү­бә­ла­ры жетерлік жағдайдың жа­ғымсыз жарнамасы жон арқаңды мұздатады, жаныңды сыздатады.

Ақынның: «Қайран, менің қазағым» деген өлеңінің тұ­жырымы: «Бойға сіңіп, ойды алған, тауқымет қой бұл жалған, ештеңе де өнбейді, жалған айтқан сырғақтан, біткен кезде қазынаң, бірге бітер тілің де, содан кейін базынаң та­йып түсер ырғақтан» деп ақиқатқа базына айтқан өлең жолын оқып отырғанда еліміздің алып өнеркәсіп орындарында болып жатқан неше түрлі қайғылы оқиға мен адам тағдыры арзандаған жағдайлар көңіліңе қаз-қатар келе қа­лып, осыны оқитын, төрде отырған оқырманның арасында жұртымызға жанашыр жан бар ма екен деп сарыуайымға салынып, сарсаң боласың. Әрине, ақынның үш томдық құнарлы жинағының ішінен мұң мен қайғының пернесін басқан жырларын теріп алып отырған жоқпыз, біз тек қазіргі уақыт жағдайындағы түйткіл мен түйінді елдің есіне салып отырмыз. Шахта жарылып, шыңырауда шаңды газ жұтқан бауырларымыздың құнын кімнен сұраймыз деп жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қараймыз.

«Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан Сейфолла Оспановтың үш томдығын па­рақтап қарап, адақтап оқығанда, негізінен ақынның өлеңдеріне барынша тоқталдық. Әйтпесе, осы жинақтардағы дастандар мен толғаулар, төрттағандар мен топтама термелер, жұмбақтар, балаларға арналған жанрлық бояуы сан алуан өлеңдер, аудармалар мен сүлейлік сүрлеуді жалғаған қайырымдар мен тәлімгерлік айырымдар, 599 ой бүршіктері, қанатты сөздердің қара өлеңге айналған қағидалары, әсіресе мыңдаған оқырманның көңіл зердесінде, жадының жазбасында қалған «Мың бір түннен» және шығыс шайырларынан аударған он екі мың (12 000) ғазал­дар мен бәйіттер оның қа­лам­­герлік қазы­на­сынан мол хабар береді.

«Мың бір түн» атты мыңжыл­дық тарихы бар ұлық шығарманы қазақ қадым заманнан бері қа­зынадай малданып, түн баласы ал­данып, сыр айтқанда қам­данып оқып келе жатыр. Бірақ соның ішіндегі ғазалдар мен бәйіттерді ана тілімізге кім жет­кізді және қалай жеткізді деген оқырман сұрағы қойылған емес. Кезінде жазушы Қалмақан Әбдіқадыров аударған «Мың бір түн» мен қазақ сөзінің қара жорғасы Қалтай Мұқамеджанов аударған сегіз томдықтың ішін­дегі, өлеңдер деп ала берейік, аударған ақынның жанкешті ең­бегін біреу білер, біреу білмес, бірақ осы аудармаларға дендеп қарап, жөндеп көз салсақ, Ша­харизада айтқан шырғалаң шын­дықтың өлең түріндегі демеуі мен кенеуі уақыт тынысына сай жаңа көркемдік деңгейден сөйлейді десек, артық айтқандық болмайды.

Ақынның осынау оқырман үшін қызықты да қажетті ау­дар­­маларын оқып оты­рып, оның қаламгер ретіндегі жан-жақ­ты­­лығына назар аударамыз. Сейфолла Оспан – ақын, драматург, кино­аудар­машы, публицист, фельетоншы, очеркист, аудармашы, әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы, сарапшы, мұрағатшы, ең бастысы, адам бала­сына болсын деген ақ ниетті аға, ақылға жүгінген азамат. Сыр бойының сүлейлерінен келе жатқан ұлттық үрдісті азамат ретінде ұстап, ұстаз ретінде кейінгі толқынға жалғастыруда ағалық мінберден сөз ұзатып, қара сөзбен де жырлап, өлең сөзбен өріп келе жатқан ақындық ұстанымы және құрметке лайық. «Мың бір түннің» мақамын қазақы қағидаға сала отырып аудар­ған туындылары өз алдына әңгіме жасауға сұранып тұр. Ақынның шығармаларын оқыр­ман көзімен қарағанда оның поэ­ти­касы алыс жолдан коңырауы күмбір қағып, асықпай келе жат­қан күймелі керуеннің жүгі бар жолау­шысының жүрісі­нен де хабар береді.

Ақынның үш томдық жыр жинағын оқу барысында оның туындылары туралы жазған көрнекті ақындардың пікірлері мен әдеби пайымдары назар аудартады. Оның бәрінің сөз ләмі ақынның азаматтық лирикасының уақыт тынысына сай түзілуі мен заман болмыс-бітімін бедерлеудегі ақындық табысынан хабардар етеді. Жалпы, қалыптасқан бір қағида бар, қай ақынды да өз заман­дастарының мойындай қабылдауы. Бұл тұрғыдан келгенде ақындар ағасы атан­ған Әбділдә Тәжі­баев­тың, қы­ңыр тарт­паса көңілі көншімейтін, тұл­пар талант Өтежан Нұрғалиевтің, аз жаз­са да саз жазатын, көңіл күй ли­ри­ка­­сының көкмойнақ шебері Қуан­дық Шаңғытбаевтың Сей­фол­ла Оспан­ның ақындық қол­таң­басы туралы жаз­ғандарын әдеби сараптамалық көз­бен қарағанда, Секеңнің ақындық болмы­сының ракурстарын дәл анықтап, деректеп баяндайды.

Ақын қайраткерлігі деп айтып қал­дық, бұл жай ғана қо­шемет сөз емес, Секең сек­сенінші жылдардың басынан бастап күні бүгінге дейін уақыт, заман, қоғам тынысының әлеуметтік, руханияттық, сын­дар­лық, сыншылдық бағыттары мен қоғам дамуының қым-қуыт кезеңдері туралы, өз тұстас­тары мен жас толқынның әдеби-мәдени қол­таң­балары, мә­дениет майданындағы маза­сыз мәселелер, жастар бойындағы жа­ғымсыз әрекеттер мен жан дүние құбы­лы­сындағы жарқын жақсылықтар жайында үзбестен жазып, үлгі көрсетумен ке­леді.

Сейфолла ағамыздың бірне­ше көкей­кесті мақалаларын ке­зінде өзіміз де жас­тар газеті – «Лениншіл жаста» жария­лап, оларда айтылған ойлар мен пі­кір­лерді, ұсыныс-тілектерді жа­дымызда тоқып, ойға батып оқып, қалам­герлік белсенділігі мен ұлттық ұста­нымдағы көз­қа­расына әбден тәнті бол­­ғанбыз. Өтпелі кезеңдерде, тарих­тың толқынды тоғыстары мен алқынды ағыстарында қа­­ламгердің өз жұртының алдын­дағы жауапкершілікті сезіне отырып, ұлт тағдырының ұрымтал тұстарын тереңнен толғап сөз еткен, таныммен талдап өзектес еткен, бірде қара сөзбен толғаған, бірде қара өлеңмен қозғаған жазбалары қашанда уақытқа қызмет етеді. Осы тұрғыдан келгенде ақындық әлемі азаматтық әлеммен қабысқан, ойлары мен пікірлері жұрт көкейімен та­бысқан, сыни сөзбен қағысқан, кейде фельетон болып ащы сөзге барысқан жағдайларында Секең қаламы суымайтын қаламгерлер қатарында қалғымастан келе жатты. Ақындықтың қуаты әр жанрда танылған, әр тақырыпта жазылған бұл кезең Сейфолла Оспан­ның туындыгерлік тағ­дырында қазақ жүрегіне жол тарт­қан қара жол болып сайрап жатты.

«Ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым», дейді телегей Төлеген. Бұдан асы­рып айтамын деп дауыс көтер­месек те, ерте сөнген, аққан жұлдыздай Айбергеновтің ақындық кредосы бар­лық ақынға берілген ұлттық құ­жат сияқты қабылданады. Сек­сен бес жыл­дық ғұмырында қиындық көр­меді, қағанағы қарық, сағанағы сарық болды деп Секең туралы айта алмаймыз. Әр ақынның тағдырындағы қиын­шы­лықтар мен күрделі кезеңдер оның жан жүрегінен жыр болып жарып шығады, сыр болып ағып шығады. Бұған ақын Сейфолла Оспанның үш томдық жыр жинағын оқып отырғанда анық көзіңіз жетіп, көңіліңіз құбылады. Бірақ оның өлеңдерінің ішкі қуатындағы шуақ пен жігер ақынды мұңшыл емес, сыршыл етіп, шыншыл етіп көрсетеді.

Ақындар ағасы атанған, «ашу­­­лы Грозный патшадайын» деп мұзбалақ Мұқағалидың жан дүние­­сін тебіренткен, Сыр елінің топы­рағында туып, Секеңе жерлес аға, жүректес пейіл болған Әбділ­дә Тәжібаевтың ақын туралы тұжы­­­рымды түйінін сөз қа­йырмасына салып, назарға бер­сек: «Өзі де, өлеңі де қа­рапайым, «түрім осы, қарапайым тұл­ғам бар, әдетім жоқ өп-өтірік қыл­маңдар, кейде бірақ өз-өзіме сыймаймын, өтіне­мін, жаман­дыққа бұрмаңдар», дейді. Жаза­ры­ңыз таусылмасын, жақсы аға, жырларыңыз халқыңыздың жү­ре­­гін тербей берсін.

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты