• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Зерде 30 Қараша, 2023

«Қасірет» мемориалы

353 рет
көрсетілді

Алдымен кеңестік уезд, губерния орталығы, содан кейін облыс орталығы болған Шымкент қаласы бір кездері Оңтүстік өлкенің жазалау орталығына да айналған. Бұл жер өлкедегі кеңес өкіметіне қарсылық көрсеткендердің барлығын айыптау, тергеу, тергеусіз соттау мен ату орталығы болды. Оған куә – қазіргі кезеңде жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тағзым ету орнына айналған қаламыздың «Нұрсат» шағынауданының батыс жағын ала орналасқан, кезінде «Албастысай» деп аталған жер – жазықсыз жапа шеккен 2 мыңнан астам отандасымыздың бауырластар зираты.

Шымкент қаласындағы бұл жаппай жерлеу орны ХХ ғасырдың соңында-ақ анықталған. 1998 жылы жаппай ату жазасын орындау орнында «Қасірет» атты мемориал орнатылған. Алайда ашылғанына ширек ғасыр өткен мемориалдың өзіндік тарихы бүгінде көмескілене бастағандай. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үрдісінің нәтижесінде жаңғыртылуға тиіс тарихи жадының бір бөлігі болып табылатын бұл тағзым орнының тұмса тарихын қайтадан нақтылап жазып, есепке қосуды жөн көрдік.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бас­тал­ған жаппай ату және жерлеу орнын­ іздеу жұмысы ХХ ғасырдың 20-50-жыл­да­рындағы кеңестік жазалау орын­дары­ның қызметкерлері өздерінің сойқан істе­рінің іздерін жасыру әрекетіне кездес­кендігінің салдарынан бірқатар қиын­дық­қа ұшыраған. Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің еңбек демалысындағы қыз­меткері Азимов Абдель-Керимнің есте­лі­гінен белгілі болғандай, НКВД-ның мұра­гері болып саналатын кеңестік мем­лекеттік қауіпсіздік қызметінен (МҚК) жергілікті тәуелсіз БАҚ беттерінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының құнын қоғамдық сұраудың қарқынды басталғандығынан сол кездегі Шымкент облысы бойынша МҚК басқармасының басшысы, генерал-майор­ Есенгелді Мұста­фе­тов­тің бұйрығымен құрамы комитет қыз­мет­кер­ле­рінен тұратын шұғыл топ құрылған.

Архивтердегі істерді қайта қарау тобы­ның жұмыстарын үйлестіру МҚК басқар­ма­сының қызметкері Анатолий Ильич Коваленкоға жүктелген. Дегенмен ІІД және МҚК архивтері құжаттары арасын­да саяси қуғын-сүргін құрбандарының қай жерге жерленгені жайлы ешбір мәлімет та­был­­маған. Өйткені НКВД қызметкерлері өз­­де­рінің іс-әрекеттерін шебер жасыра біл­ген.

ҰҚК-тің «Шұғыл іздестіру тобы» архив­ материалдарынан ешқандай із таба алмағандықтан, жергілікті тұрғын­дар­ға сұрау салудың нәтижесінде ғана құрбандарды жаппай ату орнын анық­та­ған. Ондай мәліметті алғаш рет 1938 жыл­дан бастап НКВД-ның ішкі түрмесіне қыз­метке алынған Коренда Константин Никитович деген азамат берген. Оның айтуынша, НКВД-ның ішкі түрмесіне жаңа қызметке ауысқаннан кейін онымен НКВД басқармасының басшылары Демидов Федор Петрович пен оның орынбасары Костенко Григорий Александрович сұхбаттасқан екен. Арада бірнеше ай өткеннен кейін оған екі мәйітті көлікке тиеп, орыстілді тұрғындар «Түлкілі сай» «Лисья балка», ал қазақтар «Албастысай» деп атаған Бадам өзенінің ескі арнасына жерлеу туралы бұйрық берілген. Ол мәйіттер жатқан бөлмеге кіріп, оларға жабылған брезентті ашып қарағанда, НКВД-ның басшысы мен оның орынбасары Ф.П.Демидов мен Г.А.Костенко мәйіттерін көрген екен. Берілген бұйрықты орындаған Костя ағай (Коренда К.Н.) мәйіттерді көлікке тиеп, жерлеп келеді. Бұл қуғын-сүргіннің екінші толқыны басталған, «үштіктер» деп аталатындардың бір-бірін қудалап, қылмыстық жауапкершілікке тартып, асырасілтеушілікпен айналысты деп айып тағып жатқан кездер еді. Бірақ К.Н.Коренда құрбандардың нақты қай жерге жерленгенін тауып бере алмаған.

Комитеттің шұғыл тобының ізденіс­те­рінің нәтижесінде Шымкенттегі жаппай ату орнын табуға сол маңдағы ауыл­да өскен, сол замандағы 10 жастағы бала Николай Иванович Белов көмек жасаған. Н.И. Белов өздері «Түлкілі сай» деп атай­­тын қорқынышты жерді шұғыл топ ізденушілеріне көрсеткен. Сол кезеңдегі он жасар бала достарымен бірге «Түлкілі сай» жаққа жиі барып тұрғанын, мәйіттердің жерленген іздерін көргенін айтады. Оның айтуын­ша, барлығы түн мезгілінде болған. Түнде автокөлік келіп, одан адамдарды түсіреді екен де, көп ұзамай атылған оқтың даусы естіледі екен. Ол орындар қоршаулы болған, түнге қарай күзетшілер күзеткен.

Н.Беловтан бөлек, сұрапыл кезеңнің сұрқай суреттері көз алдынан кетпейтін куәгерлер қазақ балалары арасынан да табылды. Сол жылдары қозы бағып, тай қуған бала­лар – бүгінде ел ағасына айналған көнекөз қариялар Шақабай Түктібаев, Сиқымбай Татыбаев, марқұм Асқарбек Бекжігітов: «Ел басына нәубет келген жылдары біз бала едік. Ауылымыздағы қырдың аржағынан кешке қарай, түнде атылған мылтықтардың дауысы естілетін. Құлағымызға ыңырсыған, жылаған, айқайлаған үндер келетін. Әке-шеше­міз бізге естіртпеуге тырысатын және ол жаққа аяқ баспауымызды талап ететін. Аш иттер кейде ауылға адамның аяғын, қолын тістеп әкелетін. Бір күні қозы бағып жүргенде балалық әуестігіміз ұстап «Албастысайға» бардық. Биік жарды үңгір­леп қазып, өлген адамдарды төсек жина­ғандай, бірінің үстіне бірін қалап жинап қойыпты. Бетін жаппағанына қарағанда, қатары әлі де болса көбейеді деп жос­пар­ланса керек. Кейбірі атқан жерінде сілейіп жатыр. Көбін атқан бойда құдық­қа тастапты. Құдықта су орнына қан шүпілдеп тұр. Шамасы белгілі бір бай тұрған-ау, екі-үш үйдің аумағындай алаң­қай­да дүние-мүлік тіреліп тұр. «Бүлін­­геннен – бүлдіргі алма» деген емес пе, ешкім тимеген. Бірақ елді аштық жай­лап, жоқ­тық қыспаққа алған кезде иман­­­нан безген біреулердің сонда барып, иесіз қал­ған жерден атылғандардың бүтін киі­мін, кейбір мүлкін алып келе жатқанын жұрт көрген. «Қайдан келе жатырсың?» ­деген сұраққа: «Сельмагтан» деп жауап бер­­­ген. Ел әлгілерге қарғыс жаудырған. Кейін сол сұғанақ қолдардан ұрпақ қал­ған жоқ», дейді Саяси қуғын-сүргін музе­йі­нің бір кездегі директоры, ақын Х.Есен­қа­раева.

Неге жаппай ату орны «Албастысай», «Түл­­кілі сай» болуы мүмкін деген сауал ал­ды­мызға көлденең тұрады. Өйткені бұл жер революцияға дейін бір дәулетті адам­­ның меншігіндегі жайылымдық жер болған деген естелік бар. Бай түнге қарай жыртқыштар малға шаппау үшін осын­­дай үлкен-үлкен он шақты шұңқыр қазып, малды сонда қамаған. Сайдың ішкі жағында, Бадам өзенінің ескі арнасы бо­­йында құдық болған, сол жерден су шы­­ға­рып, мал суарған. Міне, осы шұң­қыр­лар мәйіттерді тастап, көмуге ыңғай­лы­­ болғандығы туралы да ауызша дерек та­­был­ған.

Осыдан кейін шұғыл топ ізденушілері қабір болуы мүмкін орын ретінде осы жер­дің рельефін бейнекамераға түсі­ріп, жиналған мате­риалдарды МҚК басқар­ма­сының бас­шы­сына баяндайды. КСРО МҚК-нің төрағасы В.А.Крючковтың бұйрығын бас­шылыққа ала отырып, жергілікті билік пен облыс прокурорының келісімдері бойын­ша 1989 жылдың 3 қарашасында «Қабір болуы мүм­кін орынның бірін жарым-жартылай ашу туралы» шешім қабылданады. МҚК бас­қар­масы басшысының кабинетінде шағын жабық жиналыс өткізіліп, ол жерде бұл жұ­мысқа кірісу үшін жүйкесі де, күші де мық­ты он шақты шұғыл қызмет­кер­ден тұра­тын топ құру туралы шешім қабыл­дан­ған.

«ҰҚК басқармасының шаруашылық бөлімінің басшысы В.В.Маймурға топты құрал-сайманмен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беріп, осы жұмыстарды атқару үшін «Беларусь» тракторы бөлінген. Істің маңыздылығына байланысты трак­тор­шының қызметінен бас тарттық, оны В.Ф.Бугаев және Т.И.Айдарбеков деген қызметкерлер жүргізді», деп еске алады шұғыл топ мүшесі, ҰҚК орган­да­рының ардагері, отставкадағы полков­ник, қазіргі кезеңде Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрлігі Аза­­мат­тық авиация комитетіне қарасты «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ Авиациялық қауіп­сіздік қызметінің басшысы болып қыз­мет­ атқаратын Владимир Николаевич Голо­вин.

Арнайы шұғыл іздестіру тобы 4 қа­ра­шада таңертеңгі сағат 6-да құрылған орынға аттанды. Топтың құрамында В.Виткалов деген қызметкер де болды. Алматы ауыл шаруашылығы инсти­ту­тының агрономдық факультетін «Топы­рақ зерттеуші» маман­ды­ғы бойынша тәмамдаған оның топырақ құрамы туралы білімінің осы тұста көп пайдасы тиген екен. Ә дегенде қай шұңқырдан бастау керектігін таңдау қиынға түскен. Ақылдаса келе, ең терең шұңқырды таңдап алып, трактордың шөмішімен қаза бастаған. Шөміш 1,5 метр тереңдікке жеткен кезде, топырақ құм сияқты суси бастаған. Бұл мәйіттің үстіне себілген әктің топыраққа әсері болуы мүмкін. Ол еттің сүйектен ыдырау үдерісін жылдамдатады әрі жағымсыз иісті жою үшін себіледі деп топшылаған топ ізденушілерінің әрекетінің негізінде 2,5-3 метр тереңдікке жеткенде 15 адамның бас сүйегі, қаңқа сүйектері, шіріген киімдерінің қалдықтары, түймелер, аяқ-киімдер, гильзалар шықты. Қазба жұмыстары сол жерден тоқтатылып, қазу жұмыстары туралы ақпарат МҚК басқармасының басшысына баяндалды. Шамалы уақыттан кейін қорым орнына облыстық әкімдік пен прокуратура­дан өкілдер келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының қабірі осында екеніне көз жеткізеді. 1989 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР-нің МҚК төрағасы В.М.Мирошникке қабірдің табыл­ғандығы және олардың жарым-жар­тылай ашылғандығы туралы ақпарат жібе­ріледі. Жиналған мағлұматтар мен алынған ақпараттар негізінде МҚК бас­қармасында Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның құқық қорғау органдары қыз­мет­кер­лерінің үйлестіру жиналысы өтеді. Бұл факті бойынша облыс прокуроры қылмыстық іс қозғап, қазба жұмыстары басқа шұңқырларда да жалғастырылады. Шұң­қыр­лардан 10 қаптан асатын адамның бас сүйек­тері мен қаңқа сүйектері табылған. 1989 жылы сот-медициналық сараптамасы өткізілген соң табылған сүйектер табыт­тар­ға салынып, 7 автокөлікпен қазіргі мемориал кешені тұрған орынға жеткізіліп, қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді.

Іс-шарада қоғам қайраткері Б.Рузанов, «Әділет» («Справедливость») тарихи-ағарту қоғамының Шымкент облысы бойын­ша филиалының басшысы В.Головин сөз сөйлеп, осы жерден ескерткіш тұр­ғы­зу туралы шешім қабылданды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте қал­ды­руда және әділеттікті қалпына кел­тіру­де­ қа­жырлы еңбек еткен куәгерлердің кей­­бірі қазір біздің арамы­зда жүр. Бұл жұ­­мыстың алдыңғы қатарында ҰҚК бұ­рын­ғы Шымкент облысы бойынша бас­қар­масының басшылары мен қызмет­кер­ле­рі: Е.Мұстафетов, В.Головин, В.Май­мур, А.Коваленко, В.Попков, О.Абдиев, А.Ма­чугин, Ю.Волков, В.Виткалов, Т.Ай­дар­бе­ков, А.Власов, В.Бугаев болған. Ал 1998 жы­лы «Албас­тысайда» саяси қуғын-сүргін құр­бан­­­да­ры­на­ арналып «Қасірет» мемо­риал­ды кешені са­лынды.

 

Жантөре ӘШІМ,

Кәмшат УТЕЕВА,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының мүшелері, тарих магистрлері

 

Суреттерде: Қайтпас-1 ауылының қария­ла­ры А. Бекжігітов, Ө. Жәні­бе­ков, Ш. Түктібаев, С. Татыбаев Албас­ты­сайда (билік құжаттарында «Түлкілі сай»); Албастысайдағы (билік құжат­тарында «Түлкілі сай») үңгір.