• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Қараша, 2023

«Мақыш балуан» повесі кімге арналған?

753 рет
көрсетілді

Кеңестік кезеңде қуғын-сүргіннің зардабын қазақ жұрты да аз шек­­педі. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары большевиктік-сталиндік би­лік­тің солақай саясатынан қаншама жазықсыз жан жапа шек­ті: біреуі атажұртын тастап, шет жерлерге мәжбүрлі түрде жер­ ауды, біреуі атылып кетті, енді біреуі түрмеге жабылды, ке­ле­сі бірі хабар-ошарсыз кетті. Алайда сол жандардың артында қалған ұрпақтары жадында олар туралы естеліктер қал­ды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия қолға алған жоба – «ХХ ғасырдың 20-50-жыл­да­рындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және оңал­­ту үдерістері: бірыңғай деректер базасын құру» аясында қу­ғын-сүргін құрбандары туралы архив құжаттарымен қатар әр өңір тұрғындарынан естеліктер жинастырылған. Сондай есте­лік­­тердің бірін жазушы Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ айтып­ бер­ген еді.

– Біздің Қастек жақта Омарбек Жантаев деген дәулетті болыстың ұрпағы болған. Жігіттің төресі десе болғандай, сегіз қырлы, бір сырлы жан екен. Кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылған. Жолда қашып шығып, ауылға жасырын жетеді. Осындағы үңгір­лерді тасалап күн кешеді. Омарбек Жан­таев таудың қуыс-қуысына тығы­лып, кеңес өкіметі өкілдерінен бой тасалап жүреді. Оның ізінен түскендерге ұс­тат­пай, тығылып қала береді екен. Ту­ған­ жердің әр тасына дейін білетін адам оңай­лықпен ұстатсын ба, кеңес өкі­ме­тін­ің жергілікті билік өкілдері тіпті аэроплан да жібереді, бірақ таба алмайды.

Ел аштыққа ұшырап жатқанда аң атып, құс ұстап, арасында арғы беттен мал айдап келіп, ашыққан халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмегін береді. Осылайша, бір өзі талайларды аштықтың шеңгелінен аман алып қалады.

Омарбек Жантаев бір орыннан екінші жерге тез із суытып, қуғыншыларға ұстатпай жүреді. Суықтөбе, Қордай, Долаңқара, Ақтеректің тауында, тіпті кейде қырғыз Алатауына да өтіп кетіп, бой тасалайды. Дегенмен заман қатты бұзылып, дүние тарылып бара жатқандай болғасын қасындағы серіктерін жинап алып, «енді мынадай болып жағдай күн асқан сайын қиындап барады, енді рұқсат, Қытайға кетемін дегендеріңіз болса – Қытайға барыңыздар, қырғызға сіңіп кетемін десеңдер оған да рұқсат, қайда барамын десеңіздер де кетуге болады» деп рұқсатын береді.

Омарбек Жантаев «өзім әзірге осы жерде қала тұрамын, бір айдан соң жолға шығамын» дейді. Осы кезде кеңес өкіметінің жандайшаптары Омарбек Жантаевты ұстай алмай, әбден мезі болып, ақыры араға тыңшыларын кірістіреді. Сатқындар, тыңшылар ел ішінде қашан да болған ғой. Сондай тыңшылардың бірі Омарбек Жантаевтың қайда жүргенін айтып қойып, қызыл әскерлер оны қапыда қоршап алады. Қызыл әскердің бір командирі Омарбек Жантаевтың басын кесіп алып, денесін Суықтөбені ең құзар жартасынан лақтырып жіберіпті.

Омарбек Жантаевтың арғы аталары батыр болған. Омарбек Жантаевты соңғы батыр десе болады. Ауылдастар арасынан жиналған деректік материалдар негізінде мен Омарбек Жантаев туралы, осы оқиғалар туралы «Кек» деген романымда жаздым.

Енді Мақыш Райымбекұлы туралы айтып берейін. Менің «Мақыш балуан»­ деген повесім бар. Ол қуғын-сүргін көр­ген Мақыш балуанға арналған. Бұл туынды өзі балуан, өзі әнші, өзі ақын Мақыш балуанның тағдырынан сыр шертеді. Мақыш балуанның өмірі туралы ел аузынан естіген, аңыз-әңгімелерден түйгенімді көркем тілмен қағаз бетіне түсірдім. Мақышты Қастек болысына­ атақты мемлекет қайраткері Ораз Жан­до­сов ревком қылып тағайындаған. Ұжым­дастыру кезінде, «асығыстық жасамайық, артын күтейік, бәрі жақсы болып жатса көше жатармыз», деп қарсылық жасағаны үшін Мақыш балуанды абақтыға жауып, артынан ату жазасына кеседі. Жамбылдың үзеңгілес серігі, ақын, батыр, әрі балуан Мақыш Райымбекұлының қилы-қилы тағдырын повесте әр қырынан көрсету мақсатым болды. Бұрынғы Қастек болысы, қазіргі Жамбыл ауданының тұңғыш ревкомы болған, өнерімен қазақ-қырғызға аты кеңінен танылған, кейін репрессия құрбанына айналған Мақыш балуанның өмір деректері бар мұнда.

Мақыштың түрмеде жатып жазған қоштасу хатын Сарқытбай көшіріп алған. Ал Сарқытбай мені бірінші сыныпта оқытқан ұстазым әрі өлең-қиссаларды жатқа айтатын жыршы еді. Мақыштың балуандығын ел арасындағы аңыздардан көп еститінмін. Оның қырғыздың атақты батыры Тістеуікпен найзаласып, жеңгенін ауыл ақсақалдары тебірене айтып отыратын.

Мақыш Райымбекұлы 1878-1940 жыл­дар аралығында өмір сүр­ген.­ Шапы­рашты руының екей тарма­ғы­нан. Жасынан Жамбылдың тәлімін көр­ген, Жамбылдың ауылдасы бол­ған.­ Жетісудағы қырғыз-қазақ жиын­да­рын­дағы айтыстарға түскен, жекпе-жек күреске де қатысқан. Сонымен бірге шежірені өлеңдетіп айтады екен. Қыр­ғыз манабы Шабденнің асында қырғыз балуаны Сабырмен, екінші кезекте орыс-казак балуаны Подмоговпен күре­­сіп, бас бәйгені жеңіп алыпты (30 сом, 4 жылқы). «Байга у кара киргизов по случаю смерти манапа Шабдена в Пишпекс­ком уезде, 1912 г.» деген кітап бар (авторы – С.Е.Дмитриев), бұл оқиға сол кітапта да айтылады. 1913 жылы Верный­да ұйымдастырылған Жетісудың облыстық ауылшаруашылық көрмесінде Шапы­рашты Жәпек батырдың сауыт-сай­манын киіп, қару-жарағын асынып,­ қазақ­тың сайыс өнерін көрсеткен. Көрме Романовтар әулетінің патшалық құр­ға­нына 300 жыл толуына арналған болатын. Сол көрмеде түскен Мақыш Райым­бек­ұлының суреті сақталып, бізге жетті.

Мақыш Райымбекұлы 1916 жылғы көтеріліске де қатысқан. Бекболат Әшекеұлы, Сатай Көбегенұлы сияқты қолбас­шылармен қатар жүреді. Өзі де жасақ құрып, басқарған. Қастек көтерілісінің жетекшісі Сатай Шиен маңын­­дағы шайқаста оққа ұшып, қаза тапқан. Мақыш оған «Сатай батыр» деген­ жыр арнаған, өзі елді аралағанда, осы дас­танын аузынан тастамай, айтып жүреді екен.

Мақыш Райымбекұлы «халық жауы» деп ұсталып, 1933 жылы түрмеде өлті­ріл­ді. Қастек болысының ревкомы болған. Қазіргі Жамбыл ауданының алғашқы кеңестік жергілікті басшысы. Мақыш Райымбекұлы халық жағында болған.

 

Дайындаған –

Айткүл МАХАЕВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы