Бір өңірде әрі көршілес орналасқандықтан, Қазақстан мен Өзбекстанның алыс-берісі ешқашан ажыраған емес. Әр елдің өзіне тән экспорттық және импорттық мүддесі бар. Биыл қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,3 млрд долларды құрады, бұл былтырғыдан 4 пайызға аз.
Сарапшылардың айтуынша, тауар айналымының басым бөлігі дәстүрлі түрде Қазақстан экспортына тиесілі. 2,3 млрд доллар – мұның өзі 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 7 пайызға төмен. Керісінше, импорт 4 пайызға өсіп, 957,8 млн долларға жеткен. Еліміздің тауар айналымының жалпы құрылымында көршілес республиканың үлесі – 3,2 пайыз. Қазақстан экспортындағы Өзбекстан үлесі – 4 пайыз, импортта – 2,2 пайыз.
Еліміз негізінен өзбек ағайындарға бидай мен меслин тасымалдайды. Оның құны биыл 615,4 млн долларды құраған және бұл былтырғы көрсеткіштен 19,1 пайызға артық. Сонымен бірге тот баспайтын болаттан жасалған прокат, бидай ұны, май өнімдері және тыңайтқыштар жеткізеді. Олар бізге негізінен трикотаж киімдерін сатады. Құны биыл 36,3 млн доллар болған, сәйкесінше былтырғыдан 42,6 пайызға артық. Сонымен қатар танымал импорт санаттарына жалпақ прокат, автокөліктердің қосалқы бөлшектері, автобустар, тоңазытқыш және мұздату жабдықтары кіреді.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін 10 млрд долларға дейін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты біртіндеп дамытуға бар күш-жігерін салмақ.
2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елде Өзбекстанның қатысуымен 3 мың кәсіпорын мен филиал жұмыс істеп тұр, бұл былтырғыдан 44,4 пайызға көп. Олардың барлығы дерлік – шағын кәсіпорындар. Компаниялардың көпшілігі көтерме және бөлшек сауда, автокөлік пен мотоцикл жөндеу саласында жұмыс істейді. 904 кәсіпорын, бір жылда 23,3 пайызға көбейген.
Өнеркәсіптің жетекші бестігіне сондай-ақ құрылыс (552 кәсіпорын, 36 пайызға көбейген), көлік және қоймалау (128 кәсіпорын, 2,1 есе көбейген), тұру және тамақтандыру қызметі (123 кәсіпорын, 32,3 пайызға көбейген) және өңдеу өнеркәсібі (109 кәсіпорын, 10,1 пайызға көбейген) кірді.
Қазақстан резиденттерінің Өзбекстан инвесторлары алдындағы міндеттемелері биыл 1 шілдеде 385 млн долларға жеткен. Бұл былтырғыдан 16,6 пайызға артық. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр дәл осы кезеңде бұл 330,1 млн доллар болған, көрсеткіш бір жылда 17,8 пайызға өсіп отыр.