Исламның ойлау жүйесі мен дүниетанымының Хақ (Истина) хақындағы қағидаттарының поэтикалық құрылымын (калам), пәлсапалық қисынын (логикасын), діни заңнамалық дәлелін (фиқһ-Fiqh) түсінбей – Абайды түсіну мүмкін емес. Ұсынылған мақалада Еуропа философтарының Жан мен Тән, Жанның тегі мен түрлері туралы пікірлері мен Абайдың философиялық ойларының арасындағы байланысы салыстырыла сараланады. Сонымен қатар Жан мен Тән және Жанның түрлері туралы неміс ғалымы Фридрих Эдуард Бенекенің әйгілі «Тәрбие мен оқытуға арналған жетекші нұсқау» атты философиялық-психологиялық тақырыпты қамтитын философиялық-психологиялық трактаттарымен Абайдың таныс болғаны осы мақала арқылы ғана ғылыми ортаға белгілі болып отыр. Бұл – абайтану ілімінде бұрын мүлдем қаперге алынбаған дерек көзі.
Тән мен жанның баламасы болып табылатын «Мен» мен «Менікі» (Абай)] мәселесі – дүниетанымды талдаған әлемдегі барлық философиялық, психологиялық, биологиялық, теологиялық еңбектердің таусылмас тақырып азығы. Соның ішінде, тақырыпқа байланысты Абайдың Батыс Еуропа философтарымен арасындағы байланыстары туралы М.Әуезов:
«Ол кездегі білім, өнерлердің мол қорда, үлкен бесігі Батыс Еуропа екенін аңғарып, сол жақтың ақындары ғана емес, неше алуан философ, білімпаздарын да зерттейді. «Еуропаның есею тарихы», «Ескі шығыс мәдениетінің тарихы» сияқтыларды да сол Батыс Еуропа ғалымдары арқылы оқып біледі. Еуропа философиясын зерттеу ретінде Спенсер, Спиноза, Декарттарды оқиды. Беріде Дарвинге де қызығады. Қиыр Шығыс тарихынан Будданың да жайын біледі. Кейін кітапқа салынып, уақиғалы шығармалар іздегенде Батыс Еуропада орта ғасырда болған дін соты – инквизиция сотының зұлымдықтарын көрсететін романдарды да көп тексереді», – деп мағлұмат береді.
Мұнымен қатар Абайдың Шопенгауэрдің, Гегельдің, Бокльдің, Дрэпердің, Гамильтонның, Канттың, Бэконның, Спинозаның, Дж. Мильдің, Люистің, Стюарттың, Фриздің, Берклидің, Махтың, Бенекенің, Ницшенің, Шәкәрімнің «Үш анық» атты тән мен жан, сана, түйсік туралы философиялық-метафизикалық трактатындағы мағлұмат бойынша Дольнның, Камила Фламмарионның, Герберт Спенсердің, Стуармельдің, профессор Фонтельдің (Шәкәрімнің транскрициясы бойынша) философиялық трактаттарымен таныс болғанын анық байқаймыз. Әсіресе сол жылдары жарық көрген Фридрих Эдуард Бенекенің әйгілі «Тәрбие мен оқытуға арналған жетекші нұсқау» атты философиялық-психологиялық тақырыпты қамтитын философиялық-психологиялық трактаттарымен таныс болғаны енді белгілі болып отыр. Шәкәрімнің «Үш анығында» аты аталмаған, Абайға қатысты ешқандай философиялық-психологиялық ғылыми еңбектерде сілтеме жасалмаған неміс философы Фридрих Бенекені неге қадағалап, сеніммен айтып отырмыз? Себебі оның да себебі бар. Себебі...
Абайтану ілімі пайда болғаннан бергі жүз пәленбай жыл болғанына, Абайдың тек қана философиялық-психологиялық көзқарасына қатысты отыздан астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалғанына қарамастан олардың бірде-біреуі Абай айқындаған «жан қуатын» – «подвижной элемент», «сила притягательная однородного», «впечатлительность сердца» – деп үшке бөлген анықтаманы кім жазғанын, бұл түйінсөздерді қайдан алғанын, онда не айтылғанын көрсетіп бере алмаған.
Зады, философ ғалымдар дәйексіз сөзден дәрмені таусылып, шарасыздығын мойындаған сияқты. Яғни жоғарыда аталып өткен қуаттың үш түріне нақты анықтама берілмеген. Бұл үш терминнің-түйінсөздің төркінін таппастан, онда Абайдың философиялық, психологиялық көзқарасы туралы қандай пікір талдауы болуы мүмкін? Философтардың бір ауыздан: Абай – философ емес, исламист, жай ойшыл – деп қысқа қайыра салғандарына біз де түсінбей келіп едік. «Түгел сөздің төркінін білмей», қалай ғылыми диссертация қорғап, оқулық жазып, академик атанып, мемлекеттік сыйлық алуға болады? Мүмкін, бұл біздің осы уақытқа дейінгі абайтану іліміне араласқаннан бергі ең басты жаңалығымыз да шығар. Соңы болмасын. Бұған да тәубә.
Тек жоғарыдағы үш ұғымның әрқайсысының анықтамасын дербес талдаудың еншісіне қалдырдық. Сонымен қатар қайталап айтамыз, абайтану ілімінің жүз жиырма бес жыл тарихында ешкім бойламаған бұл жаңалығымызды, ізденуші ретінде кәдімгідей мақтаныш етеміз.
Сонымен «Зинһар (бұл арада: назар салыңыз – деген мағынада)», Еурпадағы педагогикалық қағидаттардың (теориялардың), психологилық ілімдердің негізін қалыптастырғандардың бірі:
«Бенеке (Beneke) Фридрих Эдуард (17 ақпан 1798, Берлин – 1 наурыз 1854, сонда) деген ғұлама... Неміс философы, эмпирикалық бағыттағы психологизмнің өкілі. Галл мен Берлинде философия мен теологиядан тәлім алған. Берлинде (1820) және Геттингенде (1822 жылдан бастап) дәріс берген. Профессор (1827). Неміс идеализмі бағытындағы философтарымен (әсіресе Берлинде өзімен қатар дәріс берген Гегельмен) пікір таластарған». Ресейлік психолог-профессор В.А.Мазилов «Психология деген атпен танымал болған жүйке туралы іргелі ғылымға 500 жыл» атты мақаласында:
«Бұл ілімнің негізін салушы адам – қазір мүлдем ұмыт болған неміс психологі және философы Фридрих Эдуард Бенеке (1798-1854). Ол: философия – эмпирикалық психологияға сүйенуі керек – деп есептейді. Оның бұл пікірін қостаған В.Вунд: «Өйткені психология субъектің (адамның) тәжірибесін тікелей зерттейтін бірден-бір ғылым саласы, сондықтан да, ғылыми танымды зерттеудің негізіне осы сала ғана лайықты жауап береді» – деген дәйек ұсынды. Сөйтіп, олардың бұл ұстанымы психологизм деген атпен ғылымда орнықты», деп жазды.
Демек бес жүз жылдан бері руханият атаулыдағы ең күрделі көркем әдіске айналған психологизм ұғымының негізін қалаған, Гегельмен пікір таластырған Бенеке ұмытыла қалатындай бекер тұлға болмағаны. Оның бір кепілі, Бенекенің еңбектері Германияда да, Ресейде де оқу орындарында пән ретінде оқылған. Сол пәнге орай оқу құралы ретінде: 1. И.Г.Дресслерь құрастырған «Психология мен логика негіздері. Бенеке бойынша. Оқытушылар мен өз бетінше білім көтерушілерге арналған жетекші құрал. СПб, 1871; 2. И.Х.Вессель құрастырған «Д-р Бенекенің Тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау-құрал. СПб, 1875»; 3. М.Троцкий құрастырған «Осы ғасырдағы неміс психологиясы. Тарих-сыни зерттеу. СПь, 1875» атты энциклопедиялық еңбектердің орыс тілінде аударылып басылуы Бенекенің ғылымдағы орнын толық танытады.
Абайдың да, сондай-ақ Шәкәрімнің де осы үш кітаптың үшеуімен де таныс болуы мүмкін. Аттарын атап, сілтеме жасамағандықтан да, кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ ол еңбектердің ішкі мазмұнын сүзгіден өткізіп, ой сарасын саралап, мәтіні мен мазмұнын салыстыру барысында «Д-р Бенекенің Тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау-құралындағы» Тән мен Жан туралы пайымдаулары Абайдың «Қырық үшінші сөзіндегі» тәфсірлеумен бір құралыптас, ойлары сарындас, талдаулары бірізді екеніне көзіміз анық жетті. Тек Бенекедегі күрмеуі қиын бұрмалар мен түсініктер барынша қазақы ойлау жүйесіне сай, шығыс ғұламаларында кездесетін «жибили, кәсіби т.б.» деген сияқты ғылыми түйінсөздер мен ұғымдарды қолдана отырып, қарапайым тілмен баяндала мазмұндалған. Тіпті пікірлеріне тиек ретінде қолданылған:
«Бұл қабілеттер көпқырлы» (Бенеке) – ««Жан қуаты дейтұғын қуат ‒ бек көп нәрсе» (Абай);
«Тәрбие арқылы... оның мақсатына сәйкес келетін өзіне тән бастапқы қабілеттерін дамытып, байытып және соны нығайта ретке келтіруі керек» (Бенеке) – «Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады» (Абай) – деген сөйлемдердегі сөз құрамы әртүрлі болса да, ой орамы бірдей, дәлме-дәл келеді.
Сондай-ақ жан қуатын зорайтатын психологиялық амалдарды: «1. Сила притягательная однородного; 2. Подвижной элемент; 3. Впечатлительность сердца» – деп жіктеуі де бірдей және оны Абай сол Бенекенің аудармасының негізінде орыс тіліндегі нұсқасын қолданған. Олардың әрқайсысына берілген түсініктер де мазмұндас. Демек Абайдың өзінің «Қырық үшінші сөзіне» осы «оқу-тәрбие құралындағы» психологиялық-философиялық пайымдауларды ой желісі етіп алған деп толық сеніммен айтуға негіз бар – деп есептейміз.
Иә, ХІХ ғасырдың орта тұсына дейінгі орыстың философиялық терминдері толық қалыптасып болмаған тұста тәржімаланған күрделі, «айнымалы» жансардың (жан ұясы) қуатын қаншама түпнұсқаға жақындата отырып, мағынасын ашуға тырыссақ та, бүгінгі қазақ тіліндегі аудармасы қарабайыр бұлдырлау болып шықты. Оның үстіне, Бенеке қолданған философиялық ұғымдардың бүгінгі терминдері де басқаша. Ал Абай осындай түсініксіздіктен қашып, оны барынша қарапайым халықтық ұғыммен баян еткен. Сондықтан да біз, үлгі үшін түпнұсқаны бір мәрте жарыстыра келтіруді мақсатты және мәжбүрлі қажеттілік деп таптық.
Ф.Э. Бенеке: «Ұйқы кезінде адамның жанында (бастапқы ұйытқымен пара-пар, Бенекеде – тождественные с первичными) тың күш (Абайда – қуат) пайда болады, соның әсерінен келер күні таңертең бұрынғы әсерлер (Бенекеде – воспоминание, естеліктер) есіңде өз еркімен сақталып, жадыңда жаңара жаңығырып тұрады. Бұл тың күш (қуат) немесе ұйытқы (Бенекеде – основы, негізі) өткеннің әсерімен (Бенекеде – след, із, мүмкін, қазақтың жанның ұясын – жансар деп атағанда, осы «ізді» меңзегені шығар) жалғаса ұштасса да, бірақ та онымен (след, жансармен) бірігіп кетпейді, олар айнымалы: кәдімгі еркін, (Бенекеде – бродячие, мағынасы бойынша – ауыспалы, аумалы-төкпелі көңіл ауаны) әсер сияқты жылжымалы қуат (Бенекеде – подвижные элементы) болып табылады».
Біз аударған бұл тәржімадан Абайдың «Қырық үшінші сөзіндегі» ой желісін нақты тану да қиын. Ал жоғарыдағы мәтіннің орысша нұсқасы мынадай:
«Во время же сна в душе образуются новые силы (тождественные с первичными), вследствие чего на другое утро произвольное воспоминание опять вполне удается. Эти новые силы или основы, хотя и примыкают к следам, но не соединяются с ними, они такое же переносные, подвижные элементы: как и свободные, бродячие впечатления».
Екі нұсқаның да өзінше кемшілігі бар, алдыңғысында – ұғымдар жаймаланып баяндалған, екінші тәржімада сөз бе сөз аударылған мәтіннің астары түсініксіз тартады. Сондай-ақ «кезбе» – «бродячие» деген сөздің нақты баламасы болғанымен де, мұндағы мәселе – адамның жаны, көңіл күй ауаны туралы болғандықтан да, кезбе көңіл дегеннен гөрі «еркін, аумалы, аумалы-төкпелі көңіл ауаны» деп алған түпнұсқаның мазмұнын барынша жанға жақын ұғымда ашады. Мысалы, «із» дегенді – жад, жан ұясы, жансар, ес, әсер», ал «күшті» дегенді – «жан қуаты» деп бірден қабылдай қою қиын. «Іздің» толық мағынасын Бенеке:
«Із (жад, жансар) дегеніміз – көңіл ауанының құбылуы кезіндегі өзаралық өтпелі құбылыс, мысалы, әсерді сезіммен қабылдау (чувственным восприятием) және оны түлете түрлендіру (воспроизведение)» немесе сол әсерді жадта жаңғырту. Бұл екі алмасу да (акт) жанның табиғатына тиесілі, сондықтан да «із» (жад) ешқандай да затиялық сифатқа ие емес. Біз: Оның (іздің, жадтың) орны қайда? – деп сұрай алмаймыз (оның қайда екенін білмейміз). Жанның өзі сияқты, оның мұқым бөлшектері де ниһаят (непротяженны, тұтас, бөлінбейтін бүтін), өйткені сана – жүйкелік (зейіндік) танымның бірден бір түйсік көзі болып табылады, ал ол өз бетінше әлдебір жеке кеңістікке ие емес. Сондай-ақ іздің (жадтың, естің) қандай да бір дене мүшесімен байланысы жоқ; оның кеңістікпен байланысы және құбылуы жүйке жүйесімен қатарласа жарысып жүзеге асады, бірақ та ол (жад, ес) ешқашанда олардың (кеңістіктің, жүйкенің) негізі болып табылмайды».
Демек осы сілтеменің ұзына мазмұнынан аңғаратынымыз, Бенекенің «след» – із деп отырғаны жанның есте сақтау қабілеті, яғни жад немесе ес. Қазақы тіркесте, «ақыл-ес» дегенге саяды. Ол – жанның сыр сандығы, бір-бірінен ажырап та кетпейді, онда мизая болар ек. Бір-бірімен қосылып та кетпейді, онда кешегі мен бүгіннің әсері араласып, қойыртпақ елеске айналар еді. Әрі дербес, әрі серіктес, тумысынан тұтас ағзалар. Табиғи түрде түрленіп, түлеп отырады. Яғни Абай атап өткен жибилли қасиет.
Тән мен Жанның құбылыстары туралы жалпы түсінік бере келіп, жоғарыдағы бұл ұғымды Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды», – деп қарапайым тіршілік қаракетімен жеткізеді.
Анық және нақты өмірлік шындық. Мұндағы Абай көрсетіп отырған «ішсем, жесем, ұйықтасам» демектің мағынасын – Бенеке қағидаттардың қасаң тілімен түсіндірген: «чувственным восприятием и воспроизведением», «припоминанием этого восприятия» – дегеннің адам өміріне айналдырғандағы тәфсірлік мазмұны. Тәнге қорек беру, көргенді қызықтау, тынығу сезім жүйелері арқылы көңіл ауанына, тәбетіне байланысты (нечто промежуточное между душевным актом) табиғи түрде жүзеге асады. Жанды марқадам таптыратын да осы табиғи тәбеттер. Ал «изменения происходят лишь параллельно психическим, но вовсе не служат им основаниями» дегеннің балама ұғымын – «бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды» деген сөйлем толық жеткізеді. Өйткені жан-тәннің құрамдас бөлшегі емес, тек «қонағы».
Жоғарыдағы мәтіндердегі «із» «кезбе», «Ұйқы кезінде жанда жаңа күштер», «қозғалмалы элементтер» деген ұғымдарды таратып талдағандағы кәдімгі мағынасы осы Абай сөзіне сайма-сай келеді. Қазақта: «Ұйқыдағы адам өлгенмен тең» – деген мәтел бар. Демек ұйықтап тұрдың деген сөз – өліп-тірілгенмен бірдей деген сөз. Мұны қазіргі кванттық теорияның зерттеушілері де растайды. Бірақ, оянғанда кешегі, одан бұрынғы көрген-білгендерің есте-жансарыңда сақталады. Сол есте тұтқандарыңның әсері «жадқа» сақталу арқылы үзіліп қалмай, бүгінгі тіршілік қаракетімен жалғасады, ертеңгі күннің қам-қаракетіне ұласады.
Жан туралы өзге ойшылдардың қағидаттарын талдап, салыстыра келіп жанның қызметін Бенеке:
«Бір сөзбен айтқанда, толық елестету (қиялдау, ойлау – воображения) қабілеті бір тектесс қуаттардың (қазіргі ғылыми тілде – нейрондардың) өзара тартылуы (Бенекеде – взаимного притяжения однородного) заңымен және тану (Бенекеде – сознавания) заңдылығы (Бенекеде – законами сознавания) арқылы толық түсіндірледі, біздің қиялымыз бір нәрсемен ғана шектелмейді, қанша құбылысты елестете аламыз, соның бәрін қамтиды» , деп түсіндіреді.
Қағидаттық тұрғыдан алғанда қисынды тіркестер. Тәнге біткен жанның табиғи негізі мен түйсікке жүгініп, тәжірибе жинақтау арқылы табиғи түрде өсіп-өнуін, ішкі қалыптасу заңдылықтары мен жан қуатының молаюын, оның адам ойымен бірге қанаттаса ұшатын ұшқырлығын, есте сақтау жадын, түрленуін ғылыми терминдер арқылы баяндап берген. Ал Абайдың оқырманының дүниені қабылдау әсері мен ойлау жүйесі, тілдік-ұғымдық түсініктері мүлдем басқа болатын. Сондықтан да түпнұсқадағы түпкі мағынаны барынша қанықтыра түсіндіру үшін философиялық астармен күрмелген бұл ұғымдардың мағынасын Абай қарапайым тілмен әуелі:
«Адам ұғылы (баласының ағзасы) екі нәрседен (тұрады): бірі ‒ тән, бірі ‒ жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибилли (табиғи, туа бітеді, түйсік арқылы дамиды), қайсысы кәсіби (ізденіспен, еңбекпен, тәрбиемен, үйренумен келетін қасиет) ‒ оны білмек керек», – деп айтар ойын жіктеп алады.
Қағидалық сықиған қисындар мен жадағайлап баяндаған тіршілік түйсіктерінің сөз құрамы басқа болғанымен ой орамы орайлас.
Мысалы, Бенекедегі: «Қабілеті бір тектесс қуаттардың өзара тартылуы» – дегеннің мағынасы – Абайдың сөзіндегі: «Ұнамдысы – ұнамды қалпыменен, ұнамсызы – ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі» (Абай);
Бенекедегі: «тану (Бенекеде – сознавания) заңдылығы (Бенекеде – законами сознавания) арқылы толық түсіндіріледі», – дегеннің мағынасы Абайдың сөзіндегі: «Бағанағы бес нәрседен (бес сезім мүшелері) нәрседен көңілге жақсы әсер хасил (үлгі, нәтиже, пайда) болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил» болып түседі» – деген ой орамымен сәйкес және мазмұндас.
Ал Бенекедегі: «Қиялымыз бір нәрсемен ғана шектелмейді, қанша құбылысты елестете аламыз, соның бәрін қамтиды» – деген сөйлемнің мағынасын – Абайдың: «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол ‒ көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын ‒ бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады», деген сөйлемі толық жеткізіп тұр.
«Ақылға сиымды философия» дегеніміз осы. Өйткені мұнда құрғақ қисын мен қағида, бұратылған бұрылымды ұғымдар жоқ. Жан иесінің, яғни адамның, тән мен жанының қозғалысы табиғи түрде баяндалған. Көзге көрінбейтін жанның орнына жан иесінің өзі дәйекке алынған. Ал жибили мен кәсіби түйінсөздері-терминдері шығыстық пәлсафаның терминдері екені анық. Оның түбірі «жибили қуат» деген терминнің урду тілінде бар екенін таптық. Зады, психология профессоры Қ.Жарықбаевтың «Әл-Фарабидің көзқарастарымен астарласып жатады» – дегенде меңзеп отырғаны да осы ұғым болуы мүмкін. Ашып талдамағандықтан да, сенімді түрде кесіп-пішіп айта алмаймыз. Бірақ та, «ақылға сиымды философияның» ұстанымы мен Бенеке жүргізген тәжірибенің мәтібі соған саяды. Яғни Абайдың өзі айтқандай: «Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз».
Сонымен, ең басты қорытындымыз, осы уақытқа дейін Абайды «философ емес», «себебі, еуропалық деңгейдегі нақты философиялық еңбекке жүгінбеген», «сондықтан да ол жай ислами ойшыл» деген дүмбілез домбытпаларға тосқауыл қоятын ғылыми дәлел табылды. Ол адам – немістің атақты философ-психологі Фридрих Эдуард Бенке. Ендігі абайтану ілімінің жаңа арнасы осы бағытта өріс алатыны анық.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Сұлтан ЫБЫРАЙ,
ақпараттық технология маманы