Қандай да бір аймақта орналасқан молалар, қабірлер және құлпытастар – сол өңірдің белгілі бір халыққа тән екенін дәлелдейтін ең маңызды ұлттық таңба. Сонымен қатар құлпытастар – әр кезеңнің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін көрсететін тарихи жәдігерлер.
Түркияның Түнжелі провинциясындағы құлпытастар Анадолыға Түркістаннан көшіп барған түркі руларының дүниетанымы мен мәдениетін паш етіп тұр. Провинцияның әртүрлі аймағында бүгінге дейін жеткен тарихи құлпытастарда мәдени дәстүрлердің сабақтастығы байқалады. Аймақтағы қошқар тәрізді құлпытастар Аққойлы (Аққойлы немесе Аққойынлы мемлекеті – Анадолының шығысы мен Иранның батысында 1378-1508 жылдары өмір сүрген мемлекет) дәуірін айғақтайды.
Түнжелі аймағындағы ескі бейіттер биік жерлер мен төбелерде орналасқан. Қабір тастарынан діни-мифологиялық элементтермен қатар дәстүрлі әдет-ғұрыптарды да көруге болады. Қошқар, қой құлпытастары аяқтарында тік тұрғызылған. Қарапайым ғана жасалған мүсіндердің кейбірінде түркілердің домбыраға ұқсас музыка аспабы бағлама, қылыш, пышақ, қалқан, қанжар, тоқыма құралдары, кәуап пісіретін шанышқы сияқты бұйымдардың бедерлі фигуралары, сондай-ақ әртүрлі жануар мен өсімдіктің бейнелері кеңінен қолданылған. Бұл суреттер тек сәндік фигура ғана емес, сол жерде жатқан адамның жынысын, әлеуметтік жағдайын және мамандығын көрсетеді. Қылыш, қалқан, ат, жебе, қошқар, мылтық, пышақ сияқты пішіндер бейіт иесінің ер екенін, оның ерлігін көрсетеді. Шам, таразы, т.б. заттар діни қызметкерлердің құлпытастарында бейнеленген. Ине, тұтқа, моншақ сияқты фигуралар әйелдерге тиесілі құлпытастарда қашалған. Құмыра мен науа сияқты фигуралар – жомарттықтың көрінісі.
Тарихи құлпытастар Түнжелінің Ұзұндал, Елдеген, Гелинчик, Мазгирт-Кале, Каябағы, Чалыөзү, Пүлүмүр, Салқымөзү, Бостанлы, Обажык аудандарында орналасқан. Мысалы, бір ғана Пүлүмүр ауданындағы Сағламташ аулы зиратында 11 қошқар мүсіні бар. Зерттеулер көрсеткендей, бұл құлпытастар бұдан 300-500 жыл бұрын жасалған. Салмағы 200-300 кг болатын мүсіндер қабірдің шетіне қойылған. Ескі қабір тастары тіркелген және қорғауға алынған.
Түнжелідегі қошқар мен қой мүсіндері Көктүркілер кезеңіне тән Моңғолиядағы қағандық кешендерінен табылған қошқар мүсіндерін еске түсіреді. Бұл ұқсастық Алтайдан Анадолыға дейін созылып жатқан біртұтас Түркі өркениетінің айнымас бір дәлеліндей болып, өз зерттеушілерін күтіп жатыр.
Нұржанат ӘМЕТБЕК,
PhD, халықаралық қатынас маманы