Күні кеше Өскеменде ашылған «Кітап-Amanat» орталығы әдеттегі лентасы қиылып жатқан орталықтардан өзгеше. Сәнді сөреге жинақталған мәнді кітаптарға толы.
«Amanat» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалында кітап орталығының ресми ашылуына өңірдің зиялы қауымы, білім беру мекемелерінің басшылары, студенттер қатысқан. Ал шараның құрметті қонағы ретінде ақын Алмасбек Ахметбекұлы шақырылды.
Бұл орталықтың кітапханалардан бір ерекшелігі – мұндағы кітаптарды сатып та алуға болады. Делдалсыз, тікелей баспадан жеткен құнды кітаптардың бағасы қолжетімді. Келген қонақтар кітапхана ішін аралап, кітаптарды парақтап та шықты. Кітапханаға жуықта ғана «Abai» баспасынан шыққан Алаш ардақтылары Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаевтың жинақтары, классик жазушылардың повесть, әңгімелері, романдары жеткізіліпті. Шетел жазушыларының да кітаптарын көзіміз шалды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдік мәселелер айтылған Ұлттық құрылтайда кітапхана жұмысына да зор мән берілуі керектігін сөз еткен еді. Нәтижесінде, жер-жерлерде осындай орталықтар ашылып жатыр. Мақсатымыз – қоғамның кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. «Кітап-Amanat» жобасы – партиямыздың қолға алған аса маңызды ұлттық жобасы. «Ауыл-Amanat», «Жер-Amanat» әлеуметтік салаға бағытталса, бүгінгі орталық халықтың рухани қуатын жетілдіруді көздейді, – деді Шығыс Қазақстан облыстық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Осы тұста есеп үшін емес, оқырманға толымды дүние ұсынуды мақсат еткен филиал басшысы Сайрангүл Ахметкәрімқызының еңбегін де атап өткен жөн.
Ақын Алмасбек Ахметбекұлы өз кезегінде Бұл орталық адамның жан қажетін қанағаттандыру үшін жасалып отырғанын жеткізді.
– Кітапсыз ұлт – ұлт болмайды. «Ең күшті ұлт – кітабы көп ұлт, ең қауіпсіз мемлекет – кітабы көп мемлекет» дейді. Мәдениеті, білімі жоғары, кітабы көп мемлекетті жау ала алмайды. Бізде Жапониямен салыстырғанда кітап өндірісі 300 есе төмен. Еліміз бойынша «Amanat» партиясының 200-ден астам ғимараты бар. Сол жерлерден мәдениет, парасат орталықтарын ашып, кітап алмасатын жерге айналдыруды жөн санаған. Ендігі мәселе – кітап өндірісін өркендету. Әрбіреуіміздің қолымызда кітап жүруі керек, – деді.
Сонымен қатар өңірдің зиялы қауым өкілдері де жаңа рухани ортаның ашылып жатқанына құтты болсын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Бірқатар білім мекемелері демеушілердің көмегімен таңдаған кітаптарына ие болды.
ӨСКЕМЕН