• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Желтоқсан, 2023

Балуандар бабында емес

134 рет
көрсетілді

Дзюдодан Токиодағы «Grand Slam» турнирі өз мәресіне жетті. Жылдың қорытынды жарысында 20-ға жуық мемлекеттің өкілдері жеңіс тұғырына көтеріліп, өз жанкүйерлерін қуантты. Сонымен қатар әлемдік рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып, Олимпия ойындарына тағы да бір табан жақындай түсті. Дзюдо күресін бүге-шігесіне дейін меңгерген алпауыттарды айтпағанда, спорт саласы тұралап қалған Түрікменстан, алақандай Молдова мен Тайпейдің түлектері де бір-екі медальді қоржынға салды. Өкінішке қарай, қанжығасы май­ланғандардың қатарында еліміздің бір-бірде балуаны жоқ.

Жырақтағы Жапонияға Қазақ­станның 20 дзюдошысы аттанды. Араларында Олимпия мен Азия ойындары, әлем және құрлық чемпионаттарында атой салған саңлақтар да болды. Басқа балуандарды да осал деп айта алмаймыз. Олардың барлығы – ұлттық құрама сапында талай байрақты бәсекеде бақ сынап, үлкен тәжірибе мектебінен өткен тастүлектер. Соған қарамастан сенім артқан тұлымдылар мен бұ­рымдыларымыздың ешқайсысы да сенім үдесінен шыға алмады. Сөзіміз салмақты болу үшін төмендегі деректерге назар ауда­райық.

Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Асқар Нарқұлов (73 кг), Абы­лайхан Жұбаназар (81 кг), Айдар Арапов пен Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Бекарыс Сәдуақас (100 кг) және Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) тұсауксекер кездесулерінде тізе бүкті. Ғұсман Қырғызбаев пен Нұрзат Сәлімбаев (66 кг), Дания Шамшаев (73 кг), Руслан Мұсаев (81 кг) және Нұрлыхан Шархан (100 кг) екінші белдесуінде сү­рінді. Ал Елдос Сметов (60 кг) бразилиялық Мишель Аугусто мен түрікменстандық Айбек Өміровтен басым түскенімен, италиялық Карлино Андреодан айласын асыра алмады. Ерасыл Қажыбай (+100 кг) да дәл сол межеге жетті. Алыптармен айқасқан қандасымыз америкалық Филип Хориучи мен ирандық Яш Ган­гасты жыққанымен, әлем және құрлық чемпионы, Еуразия ойын­дарының жеңімпазы, ресейлік Инал Тасоевтан жеңілді.

Қыздарымыз да қарық қыл­мады. Алғашқы айналымда Әбиба Әбужақынова (48 кг) тайпейлік Лин Чен Хаодан, Екатерина То­карева (70 кг) ресейлік Мәдина Таймазовадан, Назгүл Маратова франциялық Корали Хаймнан (+78 кг) ұтылды. Екінші кезең­де Ғалия Тынбаева (48 кг) Фран­цияның дзюдошысы Бландин Понға, Ес­­мигүл Куюлова (63 кг) ре­сей­лік Камила Бадуроваға есе жі­берді. Бұрымдылар арасынан ең тәуір нәтижеге Кәмила Бер­­ліқаш қол жеткізді. Ол жұ­баныш бәсекелеріне қатысып, осы жарысты жетінші орынмен қорытындылады.

Жалпы командалық есепте ерлер арасында Жапония құрамасы алдына жан салмады. Жарыс қожайындары 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді олжалады. Екінші орында – Ресей. Олар 2 алтын мен 4 қоланы қоржынға салды. Төртінші және бесінші сатыға Оңтүстік Корея (1+1+0) мен Әзер­байжан (1+0+2) жайғасты. Үздік бестікті Грузия (0+1+1) тү­йін­деді. Әйелдер сайысында да Күншығыс елінің (4+3+2) қыз­дары қарсылас шақ келтірмеді. Екінші орынды Бразилия (1+1+0) иеленді. Үшінші және төртінші орынды Канада мен Нидерланд (1+0+1) өзара бөліссе, Франция құрамасы (0+2+0) бесінші сатыға тұрақтады. Ал Токиода тас-талқан болып ұтылған Қазақстанның балуандары қалың топтың арасында қалып қойды. Отандық дзюдошыларымыздың жапон жерінде өткен жарыстағы кү­ресіне қарап, олардың жер-жа­һан­ның мықтылары жиналған дүбірлі додаларға даяр емес екенін аңғардық. Дәл осындай жігерсіз әрі сүреңсіз өнермен алысқа бармайтынымыз анық. Ал Париж Олимпиадасының басталуына бар-жоғы жеті айдан аса уақыт қалды. Бұл мәселе ел спортының басшылары мен республикалық федерацияның тізгінін ұстаған азаматтарға ой салуға тиіс. Әйт­песе, Францияның астанасында да жер сипап қалуымыз әбден мүмкін.

Токиодағы «Grand Slam» турнирі жапон балуандарының жеңісімен аяқталғанын жоғарыда айттық. Мәселен, екі салмақ дәрежесінің бас жүлдесін жер­гілікті дзюдошылар өзара сарапқа салды. Ақтық сында әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері Рюдзю Нагаяма (60 кг, ерлер) Токио Олим­пиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, төрт дүркін әлем чемпионы Нао­хиса Такатоға тізе бүктірсе, Мику Такаши (63 кг, әйелдер) Кирари Ямагучиден басым түсті. Ал 60 кг салмақта Олимпия ойын­дарының жеңім­пазы, төрт дүркін әлем чемпионы Хифуми Абе қарсы келгендерді қоғадай жапырса, 52 кг салмақта сайысқа түскен оның туған қарындасы Ута Абе де алтыннан алқа тақты. 23 жастағы Утаның қол жеткізген табыстары ағасынан еш кем емес.

Әзербайжан құрамасына жал­­ғыз алтынды сыйға тартқан Хидаят Гейдаровқа да арнайы тоқтала кетсек, еш айыбы жоқ. Себебі 26 жастағы балуан бізге бөтен емес. Ол Қара­ған­дыда дү­ниеге келді. Ғасырлар тоғы­сында әке-шешесі тарихи отанына қоныс аударды. Каспий жаға­лауында жүріп, дзюдоның қыр-сырына қаныққан Хидаят уақыт оза көптеген биік белестерді бағындырды. Оның әлем чем­пионатының үш дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, Еуропа ойындары мен Дүниежүзілік универсиаданың жүлдегері деген атақтары бар. Сонымен қатар қазіргі кезде Гей­даров 73 кг салмақ дәрежесі бо­йын­ша дүниежүзілік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр.