«Egemen Qazaqstan» газетінде (2023 жылғы 24 шілде) Бекен Қайратұлының «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты мақаласы жарияланды. Автор аңдатпада Алтын орда ханы Тоқтамыстың 1392 жылы Литваның ұлы князі һәм Польша королі II Владислав Ягайлоға жолдаған жарлық-хатының көшірме нұсқасының Ұланбатырдағы мемлекеттік Орталық архивіне жеткізілгені туралы айта келіп, аталған жарлықтың тарихына қатысты деректер келтіреді.
«Бұл хатты өз кезегінде шығыстанушы-түрколог В.В.Радлов түркі-қыпшақ тіліндегі мәтіннен орысшаға аударса, осы нұсқа негізінде Д.Банзаров моңғолша тәпсірлепті. Осы нұсқаны ақын-аудармашы Сұраған Рахметұлы қазақ тіліне былай деп тәржімеледі (бұл жәдігер қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыруы да мүмкін)», дейді де, сол тәржіме нұсқаның толық мәтінін келтіреді. Құнды құжатты түсініктемесімен бірге жариялағаны үшін Б.Қайратұлына рахметімді айта келе, салыстыра зерделеу мақсатында, нақ осы құжаттың 1996 жылы тәржімеленген басқа нұсқасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Екіншісі, көне ұйғыр тіліндегі төл нұсқасының транскрипциясымен бірге «Әділет министрлігі хабаршысының» 1996 жылғы екінші нөмірінде жарық көрді. Көне ұйғыр жазуының білгірі, Ұлттық ғылым академиясының көне ұйғыр тілі бөлімін ұзақ жыл басқарған филология ғылымдарының докторы Арсен Ибатов тәржімелеген жарлықтың толық мәтіні мынадай:
«Тоқтамыстың бірінші Жарлығы
(қазіргі қазақ тілімен айтқанда)
Менің (Тоқтамыс) сөзім
Иегейлаға (А.Ибатов осылай аударған – С.Б.)
Ұлы орынға отырған жөнін білдіріп, Құтлубұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік. Сен де елшілер жіберген едің. Бұрнағы жылы Бекболат, Қожамедін бастаған бірнеше ұландар, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған бектер Едіге деген кісіні Темірге астыртын жіберген екен, ол тіл (хабар) алып келген еді. Олардың арам ниетпен хабар жіберіп, ілгері жасырын жетіп келгенін сезіп, жиылып соғыспақшы болып тұрғанда, ол арам ниетті кісілер бұрын қозғау салып, әрекет жасағандықтан ел қарсы көтеріліп, бұл істің жөні осылай болған еді. Тәңірі бізді жарылқап, дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедін, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған ұландар мен бектерді мұқалтты. Енді осының жөнін білдіріп, Асан, Тұлы-Қожа бастаған елшілер жібердік. Енді тағы болса, бізге қарасты елдердің шығындарын (салық) жинап, барған елшілерге беріңіздер, қазынаға жеткізсін. Және бұрынғы жөн-жосық бойынша базаршы серіктестерің (саудагерлер бірлестігін басқарушы адамдар) тағы жүрсін. Ұлы ұлыстың қалпында сақталып қалуына тағы жақсы сай болсын деп, алтын нышанды жарлық ұсындық (яғни таңбасы алтын). Тауық жылы, тарихтың жеті жүз тоқсан бесінде, ережеп айының сегіз жаңасында, орта Донда тұрғанда жазылған».
А.Ибатов Тоқтамыс ханның бірінші жарлығының поляк князі Иегейлаға хиджраның 795 жылы (жаңаша 1393 жылы) раджап айының сегізінде, Орданың Дон бойында тұрған кезінде түркі тілінде (орыс әдебиеттерінде «татар тілі» деп аталады) түгелдей ұйғыр әрпімен жазылғанын айтады. жарлықты алғаш рет 1834 жылы Т.А.Обаленский Мәскеудің орталық архивінен тауып, түпнұсқасы ұйғыр әрпімен жазылған себепті, араб әрпімен транскрипцияға түсіртеді. Жарлықтың мазмұнында Темірдің (Әмір Темірдің) Тоқтамыс ордасына шабуыл жасамақ ниеті бар екендігін, Орданың кейбір бектері мен оғландарының сатқыншылық жасап отырғанын мәлімдеп, Иегейламен бұдан былай да жақсы қарым-қатынас құру ниетін білдіреді. Сонымен қатар салық туралы Жарлығын жеткізеді.
Тарихи құндылығына орай, Тоқтамыстың А.Ибатов көне ұйғыр тілінен тәржімелеген екінші Жарлығын да ұсынып отырмын.
«Тоқтамыстың екінші Жарлығы
(Қазіргі қазақ тілімен айтқанда)
Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым-рақымына үміт артамын. Менің (Тоқтамыс) сөзім Қырым өлкесінің Құтлу-бұға басшылық ететін ел билеуші бектеріне, қазы, муфтиларына, әмірші машайықтарына, мекеме хатшыларына, баж алымын жинаушы, таразышыларына, әскери төре, алым-салық жинаушыларына, неше алуан тамаша құрметті адамдарына, баршаға! Бұл жарлықты ұстаушы Бек-қажыға қарасты елінің бәрі біздің сый көрсетіп, жарылқаған адамдарымыз болып, Сутқул елінен жыл сайын неше түрлі шығар шығасысын (салығын) үстеме өсімімен бәрін алмауға берілді. Бүгіннен бастап Сутқулға жан салығын салмасын, ылау, ас-су тілемесін, қамба ақы, егін ақы, ақшалай қаржы тілемесін, өлкеден еркін болып (бағынышты болмай), Қырымның ішінде, сыртында қонымдарда Сутқулға бағынышты кісілерін кім болса да (ешкім) тимесін. Баршасы бір жерге бірлесіп, шығар шығындарын (алым-салықтарын) ұқыпсыздық қылмай, қамқорлық көрсетіп, жәрдем ету үшін пайдалы тархан Жарлығы жазылды. Бек-қажыға шын ынта (ықылас) білдіріп, баршаларыңыз мүлтіксіз күш көмек көрсетіңіздер деп Темір-Болат бұлай дегеннен кейін өлке салығын, жеке салықты салғанда, қысым көрсетіп зәбір шектіргендер қорқатын болар әрине. Бірақ Бек-қажы сый көрсетіп жарылқаған адаммын деп аянышты (бишара) жарлыларға күш көрсететін болсақ, саған да игі іс (жақсылық) болмайды деп, ұстай тұру үшін алқызыл таңбалы жарлық берілді. Орда Дон Ортатөбеде қырда тұрған-ды. Тоқсан төртінші жылы, мешін жылы, зульхаад айының жиырма төртінде жазылды».
Ол алғаш Қырымда табылып, Жаңасібір мен Бессарабияның генерал-губернаторы князь Ш.Е.Воронцовтың меншігіндегі құжаттар қатарына өткізіледі, кейіннен А.Воронцовтың түсірме литографиясы бойынша жасалған Тромониннің көшірмесін Одессаның тарих және ежелгі дүние қоғамы басып шығарады. Осы жарлықты араб әрпімен транскрипциясын түсіріп, орысшаға аударған Я.О.Ярцев. И.Березин осы аудармада көптеген қателік барын көріп, қайтадан аударады. Сөйтіп, 1851 жылы жаңа транскрипциясымен және түсініктемесімен бастырады.
Тоқтамыстың бірінші Жарлығында «алтын нышанды жарлық ұсындық (яғни таңбасы алтын)», ал екінші Жарлығында «ұстай тұру үшін алқызыл таңбалы жарлық берілді» делінеді … «алқызыл таңбалы» … «алтын нышанды» ... «Алқызыл таңбалы, алтын нышанды жарлық» дегеніміз не? А.Ибатов оған былай деп жауап береді: «Мөрі алтын, алқызыл таңбалы жарлықты тек хан, Шыңғыс хан тұқымы бере алған. Бұл таңбаларды (мөрді) басқалардың қолдануға құқы болмаған. Алтын нышанды, алқызыл таңбалы жарлық мүлтіксіз орындалған.
Алтын Орда хандарының атынан рұқсат қағаз мандат ретінде берілетін алтын не күміс, мыс немесе ағаш белгілер болған. Ол жөнінде И.Березин: «Жоғары дәрежелі шендер екі жолбарыстың мүсіні бар алтын найза алған, төменгілері – жолбарыссыз найза. Әрі қарай алтындалған күміс, жай найза, ең соңында ағаш найза берілген», дейді.
Бұл найзалардың ішінде алтын не алтындалған түрлері тұран (өлке) басқарушысына және мыңбасыларына берілетін болған, ал жүзбасылар күміс найза, одан төменгілерге ағаш найза берілетін болған».
Алтын Орда дәуірі қазақ тарихындағы ең сүбелі кезең екені белгілі. А.Ибатовтың айтуына қарағанда, хандардың жазбаша жарлық беру дәстүрі сол Алтын Орда дәуірінде басталған сияқты. «ХIV ғасырдағы түркі тілді жарлықтар, негізінде Алтын Орда дәуірінде жазылған, – дейді ол. – Бұл жарлықтардың тілі орта түркі жазба әдеби тіліне жатады. Орта түркі жазба әдеби тілі қазіргі халықтар мен ұлттардың әдеби тілі сияқты жалпы халықтық тіл болмаған, ол тіл сол замандағы хат танитын сауатты адамдар үшін жазылған жазба әдебиеттердің тілі, сауатты адамдар ғана оқып, қолдана алатын жазба әдеби тіл болған. Сондықтан оны кез келген қарапайым адам, күнделікті сөйлеу тілі сияқты емін-еркін пайдалана алмаған. Онда қыпшақ тілінің элементтері көбірек сақталған».
Академик Ғ.Сапарғалиевтің «Төре бітігі-Армяно-кыпшакской судебник 1519-1594» атты құнды еңбегі туралы мақаласында заң ғылымдарының докторы Қ.Мәми да осындай ой айтады («Егемен Қазақстан», «Бабалардан қалған жауһар жәдігер», 2004 жылғы 2 маусым). ХI ғасырдан ХIII ғасыр аралығында Дешті Қыпшақ мемлекетіне, одан кейін Түркі-моңғолдар құрған Алтын Орда хандығына қараған ұлыстар мемлекеттік билікке қатысты хан жарлықтарын, өзге де заң ережелерін бірауыздан мақұлдап, қоғамдағы құқықтық қарым-қатынастың бұлжымас тәртібі деп ұққан дей келіп, Ғ.Сапарғалиев еңбегіне сілтеме жасайды. Армян және поляк тіліне алма кезек аударылып, сол елдердің жазба жәдігеріне айналған бұл көлемді еңбектің неге «Төре бітігі» деп аталғанын: «Осы ескерткіштердің арасындағы түбегейлісі 1519 жылы армян тілінен латын тіліне аударылып, поляк королі бекіткен, содан кейін Львов қыпшақ тілімен сөйлейтін армяндардың ана тіліне аударылған Заңдар жинағы – «Төре бітігі» болып саналады деп түсіндірген» дейді.
Ал А.Ибатов: «Хандар жазған мемлекеттік актілер – жарлықтар және Бітіктер болып екіге бөлінеді. Бітікке – хандардың басқа тәуелсіз монархтарға, сондай-ақ бек, мырзалардың басқа мемлекет басшыларына жазған хаттары жатады. Еуропаның кейбір ғалымдары хан жарлықтарын, Бітіктерін жинақтай келіп, «грамоталар» деп атаған» дейді.
А.Ибатовтың айтуынша, ХIV ғасырда жазылған хан жарлықтарының бүгінгі күнге жеткені бас-аяғы оншақты. Орыс тілінде жеті жарлық бар. Олар: Менгу-Темір (1342), Өзбек, Бердібек (1357), Атулақтың (1379) жарлықтары және Тайдулы ханшаның (1357) үш жарлығы ғана. Сондай-ақ ХIV ғасырдың аяқ шенінде жазылған Тоқтамыстың екі жарлығы мен Темір-Құтлұғтың жарлығы. ХV ғасырдың ішінде жазылған Шахрух пен Бабырдың атасы Абусағид ғате Бабырдың әкесі Смех-Шейхтың жарлықтары. ХVI ғасырдың алғашқы жартысындағы Мұхаммед Герей мен Сағадат Герейдің және Сақып Герейдің жарлықтары, ХVI ғасырдың екінші жартысындағы Дулат Герей мен Ғозы Герейдің жарлықтары» («Әділет министрлігінің хабаршысы», 1996, №2).
Аталған хан жарлықтарының тарихи маңызы зор. Оларды табанды түрде іздестіріп, тауып, ғылыми сараптама жасау арқылы құқықтық тарихымыздың өрісі мен өресін кеңейте түсер едік. Қ.Мәмидің жоғарыда аталған мақаласында Ғ.Сапарғаливтің аталған еңбегін «заң ғылымына қосылған үлкен олжа» деп бағалауы сондықтан болса керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Оның тарих ақтаңдақтарын ашуымызға серпінді жылдар болғаны белгілі. Сол күндерде ізденгіш журналистердің бірі Гауһар Исаева жоғарыда аталған Қазақ ғылым академиясының көне ұйғыр тілі бөлімін ұзақ жыл басқарған ғалым А.Ибатовтың бұл саладағы ізденісі туралы қызықты ақпарат айтты. «Жеті жарғы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істейтінмін. Ғалымды баспаға шақырдық, кездесуден соң ол жаңағы тарихи құнды құжаттар туралы сұхбат беруге келісті. Сұхбат баспа жанынан ай сайын жарық көретін «Әдебиет министрлігінің хабаршысы» журналында жарияланды. Г.Исаева «сұхбатты Сыртқы істер министрлігінің тиісті бөлімі сұратып алды, әзірге жауап жоқ» деп жүретін. Кейін, қызмет бабымен Астанаға ауысып кеттім де, хабарсыз қалдым. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Б.Қайратұлының мақаласы біз үшін жаңалықтай көрінген сол ақпаратты қайтадан есіме түсірді. Құжаттың өте құндылығына орай, ойымды оқырман назарына ұсынып отырмын.
Құндылығын алға тартуымның тағы бір себебі бар. Тоқтамыстың бірінші Жарлығында Асан есімі екі рет қайталанады. «Ұлы орынға отырған жөнін білдіріп, Құтлу-бұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік», дейді Тоқтамыс. «Енді осының жөнін білдіріп, Асан, Тұлы-Қожа бастаған елшілер жібердік». Біріншісінде Құтлу-бұғамен, екіншісінде Тұлы-Қожамен бірге Асан елшілікті бастап барады. Осындағы Асан белгілі жырау Асан қайғы емес пе екен? Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің Тоқтамыс өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетіні, жарлықта айтылған ұсыныстың қолдау тауып, 1410 жылғы Грюнвельд шайқасында Польша әскерін король Иагайло, Литва әскерін ұлы князь Витаутас, Алтын Орданың біріккен қырық мыңдай әскерін Тоқтамыс ханның үлкен баласы Жалеләддин басқарғаны, олардың неміс, француз рыцарьлары мен ағылшын, швейцар жалдамалы жасақтарынан құрылған Тевтон әскерін тас-талқан еткені тарихтан белгілі. Осындай ірі оқиғаларға кесек тұлғалардың тікелей араласқаны да дау тудырмайды. Оның үстіне елдік мүддені жоқтаушы Асан қайғы сияқты жыраулардың елшілікте жүргені тағы рас. Мысалы, орыс құжатында: «Досмамбет-ага азовский, по ногайским и казахским материалом известный как поэт-жырау (казахский вариант написания имени – Доспамбет; с полным титулом Азаулы (мүмкін «азулы» – С.Б.) Доспамбет-ага), посылался Ислам-Гирей-ханом на Дон для получения достоверных известий о местонахождений мятежных султанов. Досмамбет привез вести, что Сагадат-Гирей и Сафа-Гирей ушли в Большую Ногайскую Орду, а Мурат-Гирей убежал в Астрахань. Месяцем позже дошли сведения (и они также приводятся в списке вестей), что Сагадат-Гирей и Сафа-Гирей ушли к владениям шамхала на Кавказ, а Мурат-Гирей откочевал к Астрахани. Все они были племянниками воцарившегося Ислам-Гирея, детьми его старшего брата, предшествующего хана Мухаммед-Герея II» деп жазылған («История Казахстана в русских источниках ХVI–ХХ веков, I том, 497 с.).
Тарихи мұраларды ғылыми тұрғыда зерттеу жүйеге түсе бастады ғой. Алтын Орда кезеңі аясындағы зерттеу жұмыстары сол кезеңнің «әзірге тіс батпай» жүрген, аталған құнды құжаттардың да ақиқатын ашар деген үміттеміз.
Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ