Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, әрбір алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма? Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстардың алын алуға қаншалықты ықпал етті? Көптің көкейіндегі бұл сұрақтарды мамандардың өзінен сұрап-білу үшін дөңгелек үстел басына жинап, мәселеге қатысты ой-пікірін білуді жөн көрдік. Басқосуға Парламент Сенатының депутаты Жанна АСАНОВА, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал СЕРІКБАЕВА, Астана қаласы әкімдігі «Үміт дағдарыс» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айгүл ШАМШАТОВА, «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының жетекші маманы Бекзат ЕРМЕКБАЕВА, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ қатысты.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:
– Қоғамдағы аса бір өзекті мәселеге арналған дөңгелек үстелге шақыртуымызды қабыл алып, уақыт тауып келгендеріңізге рахмет. Бұл тақырып «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттерінен бастап, «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін басылымдарда ұдайы көтеріліп жүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның шешімі, қазіргі күрделі ахуал бәрімізді толғандырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселе ушығып кеткен соң, ұстанымын ашық білдірді. «Отбасылық зорлық-зомбылық заңмен реттелуге тиіс және қоғам тарапынан төзбеушілік көзқарас болуы керек» екенін баса айтты. Мұны реттейтін үлкен күш – қоғам, оның институттары және заң. Жалпы, отбасын мәдени феномен деп есептесек, әрбір ел сол құндылығын көзінің қарашығындай сақтап, ұлттың болашағы осымен өлшенетінін жете түйсінуі керек.
Білім дәрістерінде бәрі идеалды негізде айтылады. Бірақ ұстаз алдында отырған шәкірттің жартысы – толық емес отбасынан немесе ата-анасы азаматтық некеде тұрғандар. «Ауруын жасырған өледі», дейді қазақ. Сондықтан біз алдымен нысанамызды бағдарлап алуымыз керек.
Қоғамды дүр сілкіндірген соңғы оқиғаларды, әлеуметтік желідегі белгілі адамдардың отбасындағы жағдайларды халық көріп, естіп, бақылап отыр. Бұрын «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп көп ретте үндемей құтылатынбыз. Осылайша, мәселе жабулы күйінде қалатын. Енді жаңа заманға аяқ бастық. Барлық нәрсенің бағасын нақты беретіндей кезеңде тұрмыз. Сондықтан отбасындағы зорлық-зомбылықты шешудің жолын тағы бір ортаға салып, талқыласақ дейміз.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН:
– Мен қалың көпшілікті бірнеше мәселе жөнінде хабардар етуге және сіздердің пікірлеріңізді білмекке келдім. «Egemen Qazaqstan» – елдің берекесін сақтауға да, қазақ елін дамытуға да, оның ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде де сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлт басылымы. Халық көкейінде жүрген мәселені көтеріп, «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясын қолдап отырғандарыңызға алғыс білдіремін. Дихан Қамзабекұлы атап өткендей, ең алдымен біз объектіні анықтап алуымыз қажет. Яғни «Кіммен, қалай жұмыс істейміз? Неге осы уақытқа дейінгі атқарылған істерден нәтиже жоқ?» деген сауалдарға баса назар аударуымыз керек. Күні бүгінге дейін жалпылама айтылғаны, тереңінен көтерілмегені белгілі. Отбасы атауын құрайтын объектілерге, жалпы адамның жан дүниесіндегі нәрселерге, қарым-қатынасқа, ортаға, сұраныс өлшемдеріне зейін қоймаймыз.
Елде жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама жасалып, ұсынылады. Зерттеулер, тәжірибе дәлелдегендей мәселе заңды өзгерту, баптарды қатаңдатумен шешілмейді. Біздің институттар осы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері саналатын зиянды әдеттер – маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындарға еліру – 55%, әлеуметтік сипаттағы проблемалар – 47%, тұрақты табыстың болмауы 29% деп бағалап отыр. Осы үш санатты қосқан кезде халықтың үлкен бір бөлігі құралады. Зерттеу барысында жүргізілген сауалдамада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – 82%, балаларға қатысты зорлық-зомбылық – 32%, егде жастағы отбасыларға қатысты зорлық-зомбылық – 11%, ерлерге қатысты зорлық-зомбылық – 10%, мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылық 5%-дан астам деп көрсетілген. Бұлардың ішінде некелік қатынаста тұрғандар – 68-69%, туыстық қатынаста тұрғандар – 31%. Көп жағдайда ер мен әйел ұрсысып, төбелеседі. Полицияға барып, арыз-шағым жазады. Кейін татуласып, қайта отбасына оралады. Бірақ проблема әрі қарай да жалғасады. Мұны шешу – қазіргі қоғамның күн тәртібінде тұрған мәселесі. Оларды тұрғындардың түрлі топтарына байланысты секторларға жіктеп, проблеманың түйінін тарқату керек. Меніңше, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық сипаттағы ахуалды жақсарту қажет.
Осы орайда Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында, жолдауларында да тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын қозғап, әр салаға жүргізілетін реформа халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеді деп қадап айтты. Бүгінде біраз іс атқарылды. Президент тапсырмасымен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Қылмыстық кодекстің 106 (денсаулыққа ауыр зиян келтіру) және 107-баптарында (ауырлығы орташа) «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деген саралау белгілері енгізілген. Егер бұрын 106-бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделсе, қазір жаза 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды.
Әкімшілік заңнамаға да түзетулер енгізілді. Татуласуға тек бір рет рұқсат етіледі. Тиісті орындар әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізуді жәбірленушінің арызынсыз қозғауы мүмкін. Бір жағынан осындай себептермен статистика өршіп тұр.
Жалпы, былтыр отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты – 942, биыл 10 айда 713 қылмыс тіркелген. Ұлттық комиссия қоғамның көкейкесті проблемасымен күресте түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып келеді. Айталық, адвокаттар мен заңгерлер үшін арнайы әдістеме әзірленді, аймақтарды аралап, түрлі тренингтер өткізіп жүрміз. Дегенмен бұл шаралар өз нәтижесін бермей тұр.
– Бұл проблема бертін келе пайда болған жоқ. Қоғамда қордаланған мәселе ұлттық комиссияның отырыстарында қаншалықты қаралып жүр?
– Кейінгі 20 жылдың ішінде дағдарыс орталықтарының барлығы Ұлттық комиссияның қолдауымен ашылды. Бастапқыда халықаралық ұйымдардың грантына ашылған еді. Қазір бұл орталықтың он бесін әкімдік өздерінің қарамағына алды. Бұған тұрақты қаржы бөлінбейді, кейде тіпті ақшасыз қалады. Соның өзінде Ұлттық комиссия жұмысының бір нәтижесі ретінде осыны айтуға болады. Бүгінде зорлық-зомбылыққа қатысты бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Айта кетерлігі, қоғамдық комиссияның мемлекеттік деңгейде мұндай жұмыстарды атқаруға шамасы келмей жатыр.
Мәселенің бір шешімі – ұлттық құндылықтарымызды балабақшадан бастап баланың бойына сіңіріп, тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана отбасылық зорлық-зомбылық деген мәселенің алдын алуға, жүйелі шешуге болады.
Жанна АСАНОВА:
– Шыны керек, көтеріліп отырған мәселе соңғы оқиғалардан кейін тіпті қызу талқыланып жүр. Қазір қоғам мүшелері де зорлық-зомбылықтың кез келген түріне реакция беріп жатқанын көріп отырмыз. Әлеуметтік желіде де азаматтық үн қосып жатқандар бар. Қоғам белсенділері де мәселенің түйінін тарқатуға назар аудара бастады. Демек, қазіргі болып жатқан оқиғалар қоғамды алаңдатып отыр. Бірақ бұл кеселмен бүгін ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұрын да болған. Өкінішке қарай, бұл – қоғамда тереңнен тамыр жіберген індет. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Қазір әлеуметтік желі пайда болғаннан кейін қоғамның бітеу жарасы ақпарат құралдары арқылы жарыққа шыға бастады. Қанша дегенмен дер кезінде емделмеген кесел әбден асқынып, тамырын терең жайып кетті. Енді не істеу керек? Қандай амал қарастыру қажет?
Бұрын Қылмыстық кодекстегі кейбір бап жұмыс істемегендіктен, Әкімшілік кодекске өткізілген еді. Осы арқылы зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан абьюзерлердің әрекетін анықтау және тергеу оңайға түсті. Бірақ Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 73-бабында көрсетілген денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің анықтамасы қылмыс жасаған адамды жазалауға емес, қылмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бапқа сәйкес жәбірленушінің басын жарып, миын шайқап, жағын сындырып, төрт тісін қағып алған адамды 15 тәулікке, ал бұл іс-әрекеті қайталанған жағдайда 25 тәулікке ғана қамауға алынады. Конституцияда ең құнды деп көрсетілген адамның өміріне қасақана зиян келтірсе де зорлық иесі түрмеге отырмайды. Сондықтан Мәжілісте қарастырылып жатқан заң жобасында осы олқылықтардың орны толтырылады деп сенемін.
Жақында Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысында кодекстің дұрыс жұмыс істемей тұрған баптарына талдау жасалды. Барлық адам заңгер немесе құқық қорғау саласында қызмет етпейді. Сол себепті отбасылық тұрмыстық саладағы заңнамаларды түсіне бермейді. Жаңа айтып өткендей, 2019 жылы елдегі тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату туралы ұсыныс қоғамның пікірін екіге жарып, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бүгінгі айтып отырған мәселе сол заң жобасында ұсыныс ретінде қарастырылды. Бірақ бізде мәселенің мәнін жете түсінбей жалған, анықталмаған ақпараттың соңынан ілесіп кету үрдісі басым.
Бәрімізге белгілі, қазір әлеуметтік желіде жеке қызығушылығы бар неше түрлі топ бар. Өкініштісі, біз осыған мән беруден қалдық. Үш-төрт адам жиналып алып заңды білмейтін халыққа арамза молда болды. Қоғам петиция мәселесін жіті түсіне бермейді. Қол қоя береді. Қазір әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты осындай түсінбеушілік бар. «Үкімет заң қабылдап жатыр. Ертеңгі күні балаңды тартып алады. Дәстүрімізді құртып, жеке өмірімізге қол сұғады» дегендер халықты заңға қарсы үгіттеу арқылы діттеген мақсатына жетті. Шын мәнінде, сол уақытта заң жобасына қарсы петицияға қол қойып жатқанын толыққанды түсінбей, ой елегінен өткізіп, қорытынды шығармай айғайға аттан қосқандар көп болды. Сөйтіп, депутаттар мен қоғам белсенділерінің, білікті заңгерлердің сөзін жоққа шығара салдық. Қазір Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына да қарсы жұмыс істейтін «арамзалардың» азғыруына жол бермеу үшін қоғам мен Үкімет тізе қосып, ауызбіршілік танытуға тиіс. Себебі қазіргі жағдайда онлайн платформа туралы заң қабылдағаннан кейін петициялардың күші бар. Белгілі бір санға қол қойылса, мемлекет халықтың қарсылығын қарауға міндетті. Ал қазір қоғам үшін қажетті заң жобасына қарсы петицияны қолдап қол қойып жатқанын өзі түсінбесе, онда біздің бұл айғайымыз да ертеңгі күні ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан біз жалған ақпаратты желеулететіндердің әрекетіне ертерек ақпараттық тойтарыс беріп, қарсы тұра алуымыз керек. Қазір кейбір журналистер де әрбір әрекеті арқылы қоғамдық санаға әсер етіп отырғанын түсінбейді. Тырнақ астынан кір іздеп, қисынсыз сөзді аңдып тұрады. Қабылдап жатқан заңдарға қатысты емес, жауапты адамдардың жеке өміріне қатысты сұрағанды құп көреді. Сөйтіп, сәл сөзден жаңылса, жерден жеті қоян тапқандай қоғамның назарын сол жаққа бұрады. Ал қоғамның өмірі үшін қажетті әрі маңызды талқыланып жатқан заң жобалары назардан тыс қалып жатады. Мысалы, өз таныстарымның арасында да күні бойы ортақ топта мемлекеттік қызметкерлердің басқан ізі туралы өсек-аяңды талқылап, бізге қатысы жоқ шетелде болып жатқан соғыс үшін бірнеше топқа бөлініп, өздерімен өздері қырқысып, итжығысқа түсіп жатқандар бар.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енгізілген соңғы өзгерістерге де «Жеке өмірге қол сұғушылық», «Әр адамның өз құқығы» деген де пікірлер айтылды. Екіншіден, егер полиция қызметкерлері хабарлама арқылы әкімшілік іс қозғай беретін болса, ашылмаған қылмыстың статистикасы күрт өспей ме? Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен қалаларда тұрғындар санына шаққанда учаскелік полицей жетіспейді, тергеуші аз. Бұл жүктемені көбейтіп жібермей ме? Заңға енгізілген бір өзгерістен бірнеше мәселе туындатып алған жоқпыз ба?
Ақмарал СЕРІКБАЕВА:
– Сұрақ өте орынды. Қазір біз кейінгі өзгерістерге сәйкес, жәбірленушінің арыз-шағымына қарамай бірден әкімшілік іс қозғаймыз. Бұрын біздің құқық қорғау қызметкерлерінің қолы байлаулы болса, қазір құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша бірден іс қозғау тетігі бар. Ал өзгеріс енгізгеннен кейін туындаған жұмыс жүктемесі, өзгенің өміріне қол сұғу мәселесі біздің алдымыздан бірінші күннен бастап кездесті. Әлі де бар. Алайда ішкі істер органдары құқықтық тәртіпті сақтаушы орган болғандықтан алдыңғы кезекте арыздың шындық екеніне көз жеткізіп барып іс қозғайды. Көршілердің айтуын жан-жақты саралап, бейнекамералардың айғақтары бойынша іс қозғалады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы «Отбасылық тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтар» деп аталады. Бұл дегеніңіз барлық тұрмыстық жанжалдарды айтып тұр. Оның ішінде құқық бұзушы жәбірленушіні жай ғана сөзбен балағаттаса да әкімшілік іс қозғалады. Ұрып-соқпаса да үйдің ішінде бір заттың сынғаны расталса, осы бап бойынша жауапкершілік қарастырылады. Заң күшіне енердің алдында қызметкерлерге арналған арнайы алгоритм дайындадық. Қазір кез келген хабарлама, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желідегі ақпарат үшін де іс қозғай аламыз. Ақпарат келіп түскен кезден бастап полиция қызметкері алдын ала дайындалған алгоритмге сәйкес әрекет етеді.
Тіркелген құқық бұзушылықтардың 95 пайызы жәбірленушілердің қоңырауы болса, 5 пайызы ғана желідегі ақпараттар мен куәгерлердің айтуы бойынша түскен хабарлама. Полиция оқиға орнына келгеннен кейін көп жағдайда жәбірленуші арыз жазудан бас тартады. Көршілердің өтініші бойынша барғанда ерлі-зайыптылар өз арасындағы жанжалды жасырып қалуға тырысады. Бірақ отбасында болған ұрыс-керісті адамның бет-әлпеті мен үйдегі көрініс көрсетіп тұрады. Өйткені полиция қызметкері адам психологиясын жақсы біледі. Мұнымен қоса цифрлық технология құқық қорғау саласында да тиімді жұмыс істеп тұр. Мысалы, қазір учаскелік полицейлер мен патрульдік полиция инспекторлары 90 пайызы бейнетіркеуішпен қамтамасыз етілген. Осы құрылғы арқылы оқиға орнындағы жағдайды немесе жәбірленушінің айтқан сөзі дәлелдеме ретінде алынады. Жәбірленуші арыз жазғысы келмейтінін айтқанымен, сол уақытта агрессор ашу-ызасын көрсетіп тұрады. Көршілердің қоңырауы бойынша жағдайды жәбірленуші теріске шығарса да, ерлі-зайыптылардың екеуінен бөлек, үйдегі 15 жастан асқандардың бәрінен түсініктеме алынады. Әрі қарай осы айтылғандар мен бейнетіркегіштегі дәлелдемелерді сот өзі көріп, шешім шығарады. Меніңше, жаңа ғана жанжал болған үйдегі жағдайды, әртіс болмаса, ештеңе болмағандай, жуып-шаю ешкімнің қолынан келмейді. Ал егер куәлердің берген хабарламасы бойынша ешқандай дәлел табылмаса, ол адамның өзін жалған ақпарат беру фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Биыл 4 айдың қорытындысы бойынша осындай 218 іс тіркелді. Жалған ақпарат бергендерге қатысты іс те біздің жеке есебімізге алынады. Қарап отырсаңыздар, бұрын 60 пайыздан астам іс бойынша жәбірленушінің құқығын қорғауда қолымыз байлаулы болды. Бәрін көріп отырсақ та ешқандай шара қолдана алмай келсек, қазір құқық бұзушылардың 98 пайызына іс қозғап жатырмыз. Сондай-ақ азаматтық некеге байланысты даулар да отбасылық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтар болып тіркеліп кетеді. Сондықтан біз беталды әкімшілік жауапкершілікке тартпаймыз. Олардың азаматтық және отбасылық жеке өміріне қол салуға құқымыз жоқ. Дәл осы себептен арызсыз іс қозғауды жүзеге асыра алмай келдік. Әйтпегенде бірқатар депутат пен ішкі істер органдары бұл өзгерісті бақандай он жыл ұсынған. Өйткені біз тіркелген істердің 60 пайыздан астамына ешқандай шара қолданылмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалғандықтан іс қайталанып, соңында адам өлімімен аяқталған қайғылы оқиғаға алып келгенін көрдік. Біз осындай статистикаға жан-жақты талдау жасағаннан кейін тиісті заңды қабылдадық.
Былтыр Президенттің тұрмыстық құқық бұзушылықтағы заңнаманы қатайту туралы тапсырмасынан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартқызудағы тәжірибенің тиімсіздігін дәлелдеп, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату арқылы қылмысты азайтуды ұсындық. Көріп отырғандай, жеке өмірге қол сұға отырып, қылмысты азайтуға мүмкіндік бар.
Қоғам тарапынан айтылып жүрген әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тартқызуды қолдаймыз. Тек бұрынғыдай жеке айыптау ісіне жататын емес, жариялық іске жататын іс болса ғана. Жеке айыптауда жәбірленушілер өздері сотқа арыз жазады. Ал ауыр немесе орташа ауырлықтағы істердің барлығын тергеушілер соңына дейін дәлелдеп, прокуратураға жібереді. Олар заңдылығын тексеріп сотқа жолдайды. Бұл жерде ішкі істер органдары жеке айыптау ісі бойынша арыз қабылдамайды.
– Куәлердің өзіне жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік қарастыру қаншалықты дұрыс? Себебі бұл біреудің мәселесіне бас ауыртпайтын бүгінгі қоғамда қылмыстың артуына әкелмей ме?
– Қоғамда әртүрлі пиғылдағы адамдар бар. Мысалы, кейбір адамдар көршісіне қастық қылғысы келеді. Енді біреулер әзіл ретінде жалған хабарлама береді. Біздің тәжірибемізде қайын жұртымен арадағы бас араздық үшін немесе мас күйінде қоңырау шалғандар болды. Көрші үйдің балалары түнде жылап немесе шулап жүрсе де «ұрып-соғып жатыр» деп хабарлайды. Дегенмен сіздер айтып отырған мәселенің де жаны бар. Мысалы, биыл жаз айында ғана Алматы қаласында бір қызды өгей анасы, бір ұл баланы өгей әкесі ұрып өлтірді. Осы оқиғаға қатысты көршілері бұл отбасында бұрын да ұрып-соғу болғанын айтқан. Егер көршілері алдын ала хабарласа, осындай орны толмас қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді. Бүлдіршіннің өлімі бойынша бір рет көршілерден қоңырау түскен. Ювеналды полиция қызметкерлері тексергенде өгей шешесі баланың денесіне тональды крем жағып, жараны жасырған. Полиция қызметкері мәселені егжей-тегжей қарамай, асырап алу органына хабар бермей, материалды жауып тастаған. Сол үшін қызметкердің үстінен Қылмыстық кодекстің 370-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тиісті жазаға тартылды.
– Сіздің жауабыңыздан шығып отыр, жеке айыптау ісінде арыз қабылданбайды. Осының өзі жариялы істердің салдарымен ғана күресу болып тұр. Себебімен күресуге кім бас ауыртуы керек?
– Расында да қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Бұл туралы айтып келе жатқанымызға 25 жыл болды. Қазіргі жағдайда бәріне полиция ғана жауапты секілді көрінеді. Шын мәнінде, тұрмыстық құқық бұзушы және жәбірленушімен жұмыс істейтін жалғыз әлеуметтік институт – полиция. Ал 2019 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заңында «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың субъектілері ретінде жергілікті атқарушы билік органдары, үкіметтік емес ұйымдар және осы елдің барлық азаматтары» делінген. Ал бізде қазір құқық бұзушылық бола қалса құқық қорғау органын ғана жауапты етіп көрсетеді. Негізінде елдегі кез келген азамат осы профилактикалық жұмыстың субъектісі екенін білмейді. Жауапкершілікті өздерінен іздегеннен гөрі кінәліні іздеумен басын қатырады. Ал біз қылмыстың алдын алып, себебімен күресу үшін қоғам болып бірге күрескенде ғана белгілі бір жетістікке жете аламыз. Тек жазалау тәсілдері арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мүмкін емес.
Бірақ жазаланғаннан кейін қылмысын қайталамауға тырысатын фактілерге де талдау жасап көрдік. Қоғам болып қылмыстық жауапкершілікті қатайту керек деп жатырмыз. Мысалы, экс-министр Бишімбаевтың оқиғасында тек танымал адам болғаннан кейін ғана резонанс туып жатыр. Ал ондай оқиғалар өңірлерде айына 3-4 рет қайталанады. Өкінішке қарай, қазір қоғамда осындай резонанс бола қалса, барлық БАҚ пен блогерлер әрі кетсе бір ай шулайды. Соңында ондай істермен әрі қарай айналысу құқық қорғау органдарының өзінде ғана қалады. Жаңағыдай кезде ғана журналистер біздерді өздерінің ток-шоуларына шақырып, бірінен кейін бірі сұхбат алып уақытша дүрбелең туғызып, рейтингтерін көтеруге пайдаланады. Кейде туыстарым салама қатысты сілтемелерді жіберіп, «Рас па?» деп сұрайтыны бар. Жақында сондай бір бейнежазбаны көріп қалдым. «Қазақстанда бір жылда 400 әйел, сонда күніне бір әйел күйеуінің қолынан қаза тауып жатыр. Біз не істеп отырмыз?» деп бір блогер бөсіп жатыр. Бишімбаев туралы сұхбат ала бергенше, осы ақпараттың растығын неге ешкім сұрамайды?
Бұл 400 деген сан қайдан шықты? 2018-2019 жылдары БҰҰ әлемдік сараптама жасаған. Сол жерде «Қазақстанда кейінгі 5 жылда 400 тұрмыстық қатынастар саласында кісі өлтіру дерегі тіркелген» деген мәлімдеме болған. Ал отбасылық қарым-қатынас саласына тек ерлі-зайыптылар кірмейді. Оған бөлелер мен жиендер, бұрын ажырасып кеткендер, тіпті жалдамалы пәтерде бірге тұратындар кіреді. Осының өзі біздің статистиканы көтеріп отыр.
Биылғы он айда тіркелген 85 қылмысқа талдау жасадық. Бөлелер, жиендер, әкелері бірге туған ағайынды жігіттер, әкесі мен баласы арасында болған қайғылы оқиға көп. Статистикадағы 38-і әйелдерге қатысты жасалған қылмыстың сегізі – кісі өлтіруге оқталу фактісі. Оқталу да бізде кісі өлтіру болып тіркеліп кетеді. Жәбірленуші 38 әйелдің барлығы бірдей күйеуінің қолынан қаза таппаған. Апалы-сіңлілі, шешесі қызын, қызы шешесін өлтіргендер де бар. Оның барлығы әлеуметтік тұрақсыздық, психологиялық ауытқушылық немесе ішімдіктен туындайды. Әрбір қылмыстың түбіне үңілсеңіз, отбасындағы тәрбиенің жоқтығын көруге болады. Сол үшін жаңағыдай резонансты оқиғаларды желеу етіп, елдегі еркектердің барлығы әйелін өлтіріп жатқан секілді көрсету дұрыс емес. Бәлен жыл бұрын айтқан 400 деген санды тонын айналдырып, интернеттен көшіріп, жұртқа дабырайтып көрсету – рухани құндылықтың төмендеуі. Былтыр тұрмыстық салада – 102, алдыңғы жылы 115 қылмыс болған. Оның 30 пайызында жәбірленуші әйел болса, барлығы бірдей күйеулерінің қолынан қаза таппаған. Бірақ кісі өлтіргеннен кейін бір адам болса да біз үшін үлкен қасірет. Сондықтан статистиканың төмендегенін жетістік деп айтуға болмайды. Себебімен күреспей, жеңіл жарақат келтіргені үшін он жылға жабу қылмыскерлердің санын азайта алмайды.
– Қазіргі таңда елімізде 40-тан астам дағдарыс орталығы бар екен. Бірақ көз көріп жүрген бір мәселе бар. Осындай орталықтарға түскен әйелдердің дені біраз уақыт өткеннен кейін арызын қайтарып алып, тиран күйеуіне қайта баруға мәжбүр. Мұндай кездері дағдарыс орталықтарының мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелмен, балалармен қай бағытта жұмыс істеуі қажет?
Ләззат СҮЛЕЙМЕН:
Елімізде 46 дағдарыс орталығы бар. Бір айта кететін мәселе, ұрып-соққан күйеуі үйінде қалады, 4-5 баласын құшақтаған келіншектер осындай мекемелерге көмекке жүгінеді. Ал күйеуіне арыз жазса, ол – жұмыссыз. Айыппұл төлей алмайды. Оны тағы да әйел төлейді. Осы мәселені шешу керек. Зорлық-зомбылық тек тұрмыстық емес, оның психологиялық, экономикалық сипаты да бар. Сондықтан заңнамалық тұрғыдан шешім қажет. Облыс орталықтарында, қалаларда дағдарыс мекемелері орналасқан. Бұл жерлерден еркектерді де көрдім. Ал аудандарда, елді мекендерде жоқ.
Мына бір мәселе де көңіл аудартады: дағдарыс орталықтарына келген әйелдермен жүргізілген сауалнама көрсеткендей, орталықтан шыққаннан кейін күйеулеріне қайтадан барғандар бар. Олар экономикалық тұрғыдан тәуелді болғандықтан осындай тірлікке мәжбүр екенін айтады.
Мен 2019 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашылардың бірі болдым. Сол заңнамаға қоғам қарсы шықты, бірқатар петиция жасалды. Онда бізді ұлттық дәстүрімізге қарсы шығып жатыр деп айыптады. Бәріміздің суреттерімізді әлеуметтік желіге жариялап, құдды бір халық жауы ретінде көрсетті. Сонымен жұмыс тоқтады, өйткені көпке қарсы шыға алмай қалдық. Ал негізі сол кезде қазіргі халық айтып, жазып жатқан ұсыныстарды алға тартқан едік. Бұл екінші жағынан, әлеуметтік желінің жетегінде кетпеуіміз керек екенінің көрінісі. Қазір отбасы орталығын құру, оны қаржыландыру, отбасына жан-жақты көмек көрсету мемлекеттің де талабы болып отыр. «Айдағаны бес ешкі, ысқырғаны – жер жарар» деген мәтелдің кейпін кимеу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті кез келген мекеме болсын, әр адам болсын бұл істе жауапты болса, шешімі болатынына сенімдімін.
– Сонда біздегі дағдарыс орталықтары дағдарыстағы әйелдерге көмек қолын ұсына алмайтын болып тұрғаны ма?
Айгүл ШАМШАТОВА:
– Біздің дағдарыс орталығының ашылғанына он жыл болды. Осы уақытқа дейін 2 305 қызмет алушы қабылданды. Оның ішінде 749 әйел мен 1 556 балаға әлеуметтік қызмет көрсетілді. Орталыққа келген әйелдердің 50 пайызы отбасы құрған күннен бастап 10 жылдан 20 жыл аралығында отбасында зорлық-зомбылық көріп келген. Орталыққа жылына 300-ге жуық әйел келіп түседі. Биылдың өзінде орталыққа 181 қызмет алушы қабылданды. Оның 51-і әйел, 130-ы бала. Осы аптада ғана екі әйел түсті. Ақтөбе облысынан келген бір келіншектің төрт баласы бар, өзінің аяғы ауыр. Ол әйелмен қазір мамандарымыз барынша жұмыс істеп жатыр. Өзім де сөйлестім. Он жеті жасында тұрмысқа шыққан екен. Тұрмысқа шыққан күннен бастап күйеуі оқуын жалғастыруға жібермеген. Жігіттің әулетінің материалдық жағдайы жақсы болғандықтан «оқыма» деген сөзін дұрыс қабылдаған. Босағаны аттаған сәттен бастап әр ісі үшін есеп беріп, басқан қадамын ескертумен ғана басатын әйел тиран күйеуімен бір шаңырақ астында он жыл өмір сүрген.
Алайда біздің орталықта жәбірленушілер бір айдан алты айға дейін ғана тұра алады. Біз тек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеміз. Көп әйелдің осы мерзім біткеннен кейін «қайда барам?» деген уайыммен жүретіні рас. Бір жылдың ішінде үш келіншек орталықтан кейін отбасына барды. Отбасына барып екінші қайтара орталыққа келгендер бар. Мысалы, жақында Алматыдан келген бір келіншекті қабылдадық. Бес баласы бар. Бесінші баласы үш айлық. Күйеуі жылдар бойы психологиялық қысым көрсеткен. «Керек емессің, қоғамда орның жоқ, сені ешкім адам демейді, әке-шешең жоқ, кімге керексің?» деген секілді рухани қысымда он сегіз жыл өмір сүрген. Сол үшін бұл мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек. Агрессор күйеулеріне қайта барып, әртүрлі жағдайда зорлық-зомбылық қайталанады. Психологтермен талдау жасағанда жәбірленушілердің көбі жылдар бойы психологиялық зорлық-зомбылықтан басылып қалған. Біздегі әйелдердің барлығы өзінің «менін» жоғалтқандар. Біз оларды психологиялық тұрғыда қалыпқа келтіргенмен, басар тауы, баратын жері қалмаған соң жәбірлеуші жолдасының қасына барады. Сондықтан саладағы жұмыс агрессорларды тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды айтудан басталу қажет. Қазіргі қоғам танымал тұлғаларға қарайды, жастар блогерлерге қарап бой түзейтін болды. Олар да хайп емес, қоғамға пайдалы іспен шұғылданып, құндылықтарды бойға сіңіруге үлес қосса деймін.
Жанна АСАНОВА:
– Бұл – өте терең тақырып. Қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Жастардың қалауы не болса, сол арқылы қоғамның санасын дұрыс бағытқа бұруға жұмыс істеуге болады. Меніңше, жастармен жұмысты үйленбей тұрып қолға алуға тиіспіз. Отбасы болудың жауапкершілігін санасына сіңіру керек. Оңтүстік өңірлерде үйлену үшін үйленетіндер көп. Қыздар оң босағада отырып қалмау үшін тойға дейін ер адамның көзқарасын елемей, көзі соқыр қалыпта тұрмыс құрады. «Үйде отырсын, бала туып, үй тірлігіне шығыссын» деп, әйелді әке-шешесіне құл ретінде алатын еркектер де бар. Сүймей алады да, көшеден қызық іздеп, соңында шаңырағындағы адамнан сұлулық таппай таяқтың көкесін көрсетеді. Жазығы жоқ әйелін өз өмірінде жолы болмаған кез келген нәрсе үшін таяқ жегізеді. Бұл өтірік емес. Ал әйел «бала туып берсем, өзгереді» деген алдамшы түсінікпен жүреді. Соңында өзін тастатып жібереді. Ал сүймеген адамды қанша тыраштансаң да тәрбиелей алмайсың. Сөйтіп, бес баласын сүйреп дағдарыс орталығынан бір-ақ шығады. Түркістанда дағдарыс орталықтарына агрессордың өзі «өзімді ұстай алмаймын, маған көмектесіңдерші» деп психолог іздеп келеді екен. Демек, қоғамда өзгеріс бар. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыра бергеніміз жөн. Дағдарыс орталықтарының жұмысын жандандырып, арнайы бағдарлама әзірлеу керек.
Ақмарал СЕРІКБАЕВА:
– Он бір жыл бойы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінде істедім. Бір жолы әйеліне зәбір көрсеткен бір еркекті үйіне азаматтық киіммен іздеп бардым. Азаматтық киіммен барсаң ашылып сөйлеседі. Психолог ретінде оның рухани әлсіз тұсын зерттеуге тырыстым. Сөйтіп, әлгі адамның рухани кемшілігін түсініп, оны молдаға бірге барып келуге үгіттедім. Әлгі еркек келесі күні молдаға өзі сұранып барғысы келетінін айтты. Діни ұстанымы басқа адамдарды ақсақалдар кеңесіне апаратынбыз. Сондықтан дағдарыс орталығына әйелдерді сүйрей бермей, агрессорлардың рухани тұрғыда тазаруына мүмкіндік бергеніміз де жөн. Өйткені отбасындағы кикілжің – бала кездегі тәрбие мен жүгенсіздіктің жауабы. Отбасындағы әкесінің теріс әрекетін көрген ер бала өскенде тиранға айналады, ал анасының жәбірленуші моделін өскенде қызы бойына сіңіреді.
Бекзат ЕРМЕКБАЕВА:
– Біздің мекеме биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндама дайындады. Баяндаманы дайындау барысында ҚҚДИ Қазақстанның 20 өңірінде, қала және ауылдық елді мекендерде 3 мың адамнан жаппай сауалнама, 10 сарапшыдан сұхбат және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан 40 тереңдетілген сұхбат алынды. Оның нәтижелері баяндама дайындауда толығымен қолданылды. Респонденттерді іріктеу әдісі квотаға (жынысы, жасы) сәйкес жүзеге асырылды. Қатысушыларды іріктеу 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы деректері негізінде мынадай параметрлер бойынша есептелді: өңір/республикалық маңызы бар қала, респонденттердің жынысы, жасы, елді мекеннің түрі (қала/ауыл).
ІІМ деректері бойынша 2018-2022 жылдар аралығында полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 765 327 өтінішті тіркеген. Бұл ретте 2018-2022 жылдар кезеңінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға өтініштердің төмендеуі байқалады.
Qamqor.gov.kz порталындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің деректері бойынша отбасылық-тұрмыстық мәселеде елімізде жылына орта есеппен мыңнан аса қылмыстық құқық бұзушылық тіркеледі.
2012 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңдегі динамикада отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген құқық бұзушылықтардың, 2018 жылдан бастап баяу түрде өскенін (+106,1%) 2020 жылы салыстырмалы түрде шарықтау шегіне жеткенін байқауға болады. Қоғамдық қауіптің сипаты мен дәрежесі бойынша отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар арасында ауыр қылмыстар – 2 170 және онша ауыр емес қылмыстар 2 137 жиі жасалады.
Баяндамада отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрылымын талдау үшін Қылмыстық кодекстің 25-бабы ескерілді, мұнда қылмыстық құқық бұзушылықтардың 85,2 пайызын адам өлтіру (12,5%), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (38,2%), денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру (34,5) алады. Сонымен қатар кейінгі бес жылда адам өлтіру санының төмендеу үрдісін байқауға болады, ал денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру фактілері салыстырмалы түрде өзгеріссіз қалған.
2018-2022 жылдары және 2023 жылғы 7 айда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық географиясын талдау нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша көшбасшы аймақтың үштігіне ШҚО (381), Қарағанды (300) және Алматы (298) облыстары кірген. Республикалық маңызы бар қалалар арасында отбасылық-тұрмыстық салада Астана (164), одан кейін Алматы (108) және Шымкент қалаларында (81) ең көп қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
– Жаппай сауалнамаға қатысушыларға «Сіздің ойыңызша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері қандай?» деген сұрақ қойылған. Бұл сұраққа берілген жауаптарды қалай сараптадыңыздар?
– Ұқсас жауаптарды таңдады. Таңдалған нұсқаға сәйкес оларды топтастырып бердік. Мәселен, әлеуметтік-мәдени аспектілер (бос уақыт): «зиянды әдеттер (маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар)» – 55,3%, «жәбірленуші/агрессор өскен отбасындағы зорлық-зомбылық көріністері» – 25%, «стереотиптік көзқарастар мен сенімдер («сүйеді, сондықтан ұрады»)» – 17,35%, «білім және мәдениеттің төмен деңгейі» – 14,8%; «отбасын дұрыс жоспарламау» – 7%; қаржылай проблемалар: «Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалар» – 47,6%, «Тұрақты табыс көзінің жоқтығы (агрессорда)» – 29,2%, «Берешек, несие, қарыздың көптігі» – 24,8%, «Жұбайына (зайыбына) материалдық, қаржылық тәуелділік» – 12,4%; отбасындағы дәстүрлер мен құндылықтар: «Туыстарының отбасы өміріне араласуы» – 10,4%, «Отбасы институты беделінің болмауы» – 3,8%. Сондай-ақ кемсітушілік тыйымдар мен шектеулер, мінез-құлықтың белгілі бір түріне мәжбүрлеу, репродуктивті саладағы бақылау болуы мүмкін. Ал сыртқы факторлар: «Қоғамдағы агрессияның жоғары деңгейі» – 10,4%; алдын алу және құқық қорғау қызметі тетігіндегі олқылықтарға байланысты проблемалар: «Отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықтың болмауы» – 13,4%, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алдын алу шараларының жеткіліксіздігі» – 6,1%, «Рухани-адамгершілік тәрбие бағдарламаларының жеткіліксіз іске асырылуы» – 4,5%; денсаулық жағдайы: «Психологиялық ауытқулар/бұзылулар» 18,6%, т.б.
Баяндама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерін және салдарын ескере отырып, нашақорлықтың (алкоголизм, нашақорлық, т.б.) алдын алу және емдеу жүйесін жетілдіру; халықты әлеуметтiк қолдау саясатын жетiлдiру: жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, халықтың жалақысын арттыру, ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымын жақсарту; отбасын қолдау орталықтарының, отбасы психологтерінің жұмысын және олардың тұрмыстық агрессорларға және әсіресе зорлық-зомбылық құрбандарына арналған тұрақты тренингтері мен семинарларын насихаттау; гендерлік білім мен құндылықтарды, жеке қауіпсіздік негіздерін қалыптастыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын енгізу; халық арасында әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар жоғары деңгейде тіркелген өңірлерде дағдарыс орталықтары, агрессорлардан қорғау шаралары туралы ақпаратты тарату ұсынылды.
Дағдарыс орталықтарына әйелдерді ғана емес, ер-азаматтарды да апаруымыз қажет. Оларға психологтердің көмегі өте қажет. Не үшін әйеліне қол көтереді? Неліктен сондай жағдайға барады? Ер-азаматтың психологиясы неге бұзылады? Неге ішкілікке, ойынқұмарлыққа салынады? Неге жұмыссыз? Осы секілді сұрақтар жан-жақты қарастырып, ер-азаматтарды да егжей-тегжей зерттесек, мүмкін басқа нәтиже шығатын болар. Өйткені біздің жұмысымыз көбіне жәбірленуші әйелдерге ғана бағытталып кеткен. Тәрбиеде де жүкті, жауапкершілік пен сынды қыз балаға артамыз. Кішкентай кезінен келін, ана боласың деп тәрбиелейміз. Ал ер-азаматтарға жауапкершілік арта бермейміз. Оларға отбасындағы қарым-қатынас ер-азаматтың тәрбиесіне де байланысты екенін ұғындырмаймыз. Жасыратыны жоқ, бәлені тілінен табатын әйелдер де бар. Айтпағым, біржақты қарап бұл өзекті мәселенің түйінін тарқата алмаймыз.
ТҮЙІН. Қоғамда қордаланып қалған өзекті мәселеге орала берудің өзіндік себебі бар. Дөңгелек үстелдің маңыздылығы да сонда – кез келген мәселені өз маманы айту керек. Себебі саладағы салғырттық қызметтегі тәжірибенің арқасында ғана жолға қойылып, қоғамға пайдалы болары анық. Ұлттық комиссиядан бастап, үкіметтік емес ұйымдардың үнқосуы, заң шығарушы органның өзекті мәселені өткір талқылауға тиіс. Себебі әлеуметтік желіден сенсация іздейтін бүгінгі қоғамда білікті мамандардың орнықты пікірі мен салмақты сараптамалары ауадай қажет.
Дөңгелек үстелді жүргізгендер –
Жадыра МҮСІЛІМ,
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Еgemen Qazaqstan»