• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Желтоқсан, 2023

Ауыл шаруашылығына инвестиция тартуда көшбасшы аймақ

151 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Журна­лис­тер­дің облыс тыныс-тіршілігіне қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті 420 млрд теңгеден 499 млрд теңге­ге дейін өсіпті. Ауыл шаруа­шы­­лығында туындаған қиын­шы­лық­тарға қара­мастан, солтүс­тік­­қазақстандық диқандар 3,7 млн тонна астық жинап, орташа өнімділік 11,1 ц/га құраған. Бұл – аграрлы аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында біздің жұмысымыз – облыс экономикасының даму қарқынын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Солтүстік Қазақс­тан облысының әкімі қызметіне тағайындалған күннен бас­тап, барлық аудан мен кәсіп­орын­ды, әлеуметтік нысанды аралап, экономиканың негізгі салаларымен және өңірдің өзекті мәселелерімен таныс­тым» деген Ғ.Нұрмұхамбетов биылғы жылдың 10 айында жеткен жетіс­тік­тері мен кейбір қиын­дық­тарға тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 10 айдың қорытындысы бойынша эконо­мика тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруа­шылығы бойынша ойдағы көрсеткіш шамалы төмендеп, нақты көлемі 84,9 па­йызды құраған. Ал қалған салаларда оң динамика сақталыпты. Атап айтқанда, өнеркәсіпте өсім – 113%, құрылыста – 122%, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 112%, инвестиция тартуда 120,3%-ға жеткен. Бұйыртса Қызылжар өңірі жыл қорытындысы бо­йын­ша өнеркәсіпте – 105%, құ­ры­лыста – 102%, инвестиция – 105%, тұрғын үйді пайдалануға беруде 102% өсім күтіп отыр. Биыл­ғы ауа райы ақсатқан аграр­лық сектордың өзінде 77,4% дең­гейінде көрінуге үміттері бар. Бұған қоса 10 400 жұмыссыз жанға жаңа тұрақты жұмыс орнын ашатындарына сенімді.

«Биылғы жылы облыс бюд­жеті 420 млрд теңгеден 499 млрд теңгеге дейін ұлғай­тылды. Былтырғы жылмен салыс­тырғанда облыстың өз кіріс­те­рінің өсуі 27,6 пайызды құ­ра­ды (2022 жылы – 87 млрд теңге, 2023 жылы – 111 млрд теңге). Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салу, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және сумен жабдықтауға ба­ғыт­­талды. Жергілікті өзін-өзі бас­қару дербес бюджетке көш­­кен­діктен ауылдардың қар­жылық және экономикалық мүм­кіндіктері кеңейді. Сонымен қатар бюджеттің 4-деңгейін ен­гізу, халықтың сұранысын еске­ре отырып, бюджетті тиімді жос­­парлауға және пайдалануға мүм­кіндік берді. Бұл адамдардың өмір сүру жағдайының және елді мекендердің келбетінің жақ­саруына ықпал етеді», деді облыс әкімі.

Осы жылға арналған 4-дең­гей­дегі бюджет көлемі 21 млрд теңгені құрады. Салық түсім­дерінің көлемі 2021 жылмен са­лыс­­тырғанда 2 есеге ұл­ға­йып, 2,4 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы биыл­ғы қиын­дық­тарға қарамас­тан тұрақты даму қарқынын бә­сең­деткен жоқ. Он ай­дың қорытындысы бойынша жал­­пы өнім көлемі 775 млрд теңгені құраған. Биыл сол­түс­тік­қазақстандық диқандар егін жинау науқанын ауа райы­ның қолайсыз жағдайында жүр­гізгені баршаға аян. Бұл астық­тың сапасы мен көлеміне айтар­лық­тай әсер еткені тағы мәлім.

«Соған қарамастан облыс ди­­қандары гектарынан 11,1 цент­­нер өнім алды. Бұл басқа аграрлық өңірлер арасында ең жо­ғар­ғы көрсеткіш екенін айттық. Нәтижесінде, егін жинау алқабы ең аз болғанымен, 3,7 млн тонна астық жиналды. Майлы дақылдар 685 мың гектарға себіліп, орташа өнімділігі 6,7 центнерден түсіп, жалпы 458 мың тонна өнім алдық. Негізі жақсы өнім алу үшін барлық қажетті аграрлық іс-шара кешені жүргізілді. Ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығы да ерекше назарда болды. Он айда ет өндірісі 2%-ға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4%-ға өсті (603 мың тонна), 589 миллион жұмыртқа өндірілді (96,6%). Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10%-ын құрайды. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде бел­гіледі. Сондықтан біздің бас­ты міндетіміз – еңбек өнім­ділігін ұлғайту және ауыл шаруа­шы­лығын жаңғырту», деді өңір басшысы.

Бұл мақсатқа инвестиция тарту арқылы қол жеткізетіндерін айтқан ол, Республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан Солтүстік Қазақстан облысы екенін қадап айтты. «Президенттің ет, сүт және астықты түбегейлі өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару шара-құрылғылары бар. Осының арқасында өңір халқының құс етіне (16,5 мың тонна), маусымаралық кезең­де көкөністерге (3 мың тонна) қажеттілігі 100 пайызға қамта­ма­сыз етіледі. Олармен қоса сүт өндірісі ұлғаяды (45,5 мың тоннаға). «EMC-Агро» шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр», деді ол.

Өнеркәсіпте 2026 жылға дейінгі 469 млрд теңгені құ­райтын 39 инвестжоба іске асып жатыр. Нәтижесінде, 6 мың жұмыс орны құрылады екен. Биыл 15 жоба жүзеге асып, 1 мың жұмыс орны ашылған. Май экстракциялау зауыты, Германияның «Рейманн» компаниясының тірке­ме ауыл шаруашылығы техникасын шы­­ғаратын кәсіпорын, жем за­­уы­ты мен диірмен кешені, көпір жабдықтарын шығаратын, сон­дай-ақ ағашты озық өңдеу зауы­ты салынып жатқан көрінеді. Келе­сі жылы кондитерлік өнім­дер шығару жобасы басталады. Биыл облыста 300 мың шаршы метр баспана салып бітіру жоспарланған. 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Келесі жылы 26 үй бой көтереді.

«Осы жылы облыста 770 км жол жөнделді. 47 ауылдың көше­лерін жөндеуге 8,1 млрд теңге бөлінді. Облыс орта­лы­ғын­да ұзындығы 58 шақырымды құрайтын 47 көше жөнделіп, оған 8,2 млрд теңге бағытталды. Теміржолдар арқылы өтетін кө­пірдің құрылысы басталды. Сумен қамтуды қаржыландыру 1,9 есеге өсті. Жұмыс облыстағы 58 ауыл­да жүргізілді. Орталық­тан­дырылмаған ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету аясында 25 елді мекенге жаңа нысандар салынып, 149-на кешенді блоктік модульдер орнатылады. Ал топтық су құбыры жобалары арқылы 46 ауылға су жеткізіледі», деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Білім беру саласында мате­риал­дық-техникалық база 4,4 млрд теңгеге жаңартылған. Мек­теп­терге 55 пән кабинеті және 29 мектеп автобусы сатып алыныпты. 48 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілген. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына 2 мектептің құрылысы салынып біткен. Сондай-ақ тағы бір ауыл мектебін салу жоспарланып отыр.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 300 орын­дық түзету мектебі, 50 орын­дық мектеп-интернаты салынып жатыр. Оқушыларға орын тап­шы­лығын азайту үшін тағы 900 орындық 2 ауылдық мектеп салуды жос­парлап қойдық. 3 жыл ішінде Петропавлда «Жайлы мек­теп» ұлт­тық жобасы аясын­да 2 700 орындық 4 мектеп са­лы­нады. Петропавлда 420 орынға ар­налған 2 балабақшаның құры­лысы басталғалы тұр. Бұлар бала­лардың 95 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүм­кіндік береді», деді ол.

«Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту» ұлттық жоба­сы аясында облыста 46 меди­ци­на­лық мекеменің құрылысы жос­парланған. Оның ішінде 5 дә­рі­герлік амбулатория, 2 фельд­шер­лік-акушерлік пункт және 1 медпункттің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 38 нысанның құрылысы келесі жылы басталады. Петропавлда екі емхананың құрылысы мәресіне жетсе, Уәлиханов ауданында емхана бой көтеріп келеді. Жалпы, ауруханалардағы медициналық жабдықтарды жаңартуға 5,2 млрд теңге бөлінген.

«Спорт саласында 5 дене­шы­нық­тыру-сауықтыру кешенінің, 4 жабық хоккей корты мен спортзалы бар жабық бассейннің құ­рылысы жүргізіліп жатыр. Олим­­пиадалық резерв интернат кол­леджі үшін 244 орындық жа­тақ­хананың құрылысы аяқ­талуға жақын. Сондай-ақ үстел теннисі орталығы мен мұз айдыны салынады. Биыл 6 мәдени нысанды салу және жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 13 мәдени нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд теңгеден астам қаржы бө­лінді. 2024-2027 жылдарға ар­налған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 304 ауыл­ды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған еді. Оған қол жеткізеріміз анық болып қалды. Сондай-ақ 170 мектеп «Старлинк» спутниктік интернет желісіне қосылады», деді облыс әкімі.