Агроөндірістік кешен – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарындағы маңызды саланың бірі. Өйткені келешегі зор, экспорттық әлеуеті мол бұл саланың елімізге берері көп. Агроөндірістік сектор мықты болуы үшін, ең алдымен, отандық ғылым мен мамандар мықты болуы керек.
Ғылыми жаңалықтарды енгізу жағынан еліміз әлемдік көштен қалып келе жатыр. Елімізде 3 арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталық, тәжірибелік станса бар. Бұл салада 2,5 мыңдай ғалым жұмыс істейді. Бірақ осының барлығы көп пайда беріп отыр деп айту қиын. Шаруаларға керектінің көбін шетелден аламыз. Бидай тұқымын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасимыз. Жердің құнарлылығын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз.
Мал шаруашылығында да дәл осындай мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Инновациялық технологияның бәрі шетелден әкелінеді. «Сонда отандық аграрлық ғылым немен айналысып отыр?» деген орынды сұрақ туындайды. Кейінгі 20 жылдан бері бітпей келе жатқан реформалар ғана бар.
Тоғыз жыл бұрын барлық ғылыми институт пен оқу орнын біріктіретін Ұлттық аграрлық ғылыми орталық құрылды. Бірақ бұл орталыққа басшы да шақ келмеді, зерттеу институттары да анда-мында көшумен жүр. Бұл реформа емес, бұл – имитация.
Әрине, аграрлық ғылым құлдырау үстінде деп айтудан аулақпыз. Ізденіп, жаңалық ашып жатқан ғалымдар бар. Бірақ сол ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатыр. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге қарсы емеспіз. Мүмкін, бұл тиімді де болар. Бірақ жердің құнарлылығын арттыру, тұқым мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру, өз жағдайымызға бейімделген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлттық өнімдерді шығару – тек өз міндетіміз, отандық ғылымның міндеті.
Неге осы күрделі мәселелерді шеше алмай келеміз? Мемлекет басшысының Агротехнологиялық хаб ашу туралы тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
Біріншіден, ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға байланысты емес, бұл сала білікті кадрларға да тәуелді. Статистикаға сүйенсек, аграрлық университеттерді бітірген түлектердің 80 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Егер бұл дерек шын болса, онда неге ауылдық жерде агрономдар, зоотехниктер, технологтер жетіспейді? Ал ветеринарлардың орта жасы 60 жас екен. Сонда өңірлерге барып жатқан жас мамандар қайда? Жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7,5 мың маман бітіріп шығады. Бірақ неге ауылдарда механизатор, малшы, бау-бақша мамандары, техниктер тапшы? Заң шығарушы билік ретінде қай жағынан үлес қоса аламыз? Қандай заңдарды қабылдай аламыз? Осы мәселелер төңірегінде нақты әңгіме жүргізіліп, нақты істер қолға алынуы қажет.
Ғылым – қай салада болсын үлкен қозғаушы күш. Мемлекет басшысының Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріп отырғаны да жайдан-жай емес. Негізі агроөндірісті дамытуға әлеуетіміз зор. Атқаратын шаруа да көп, ашатын жаңалық та аз емес.
Тек органикалық таза өнімді экспорттаудың өзі біздің кәсіпкерлерге біраз пайда әкелер еді. Кең-байтақ жеріміз мал өсіруге өте ыңғайлы. Әсіресе жылқы, түйе өнімдерін терең өңдеп, олардың еті, қымызы, шұбатынан көп нәрсе, тіпті медициналық препараттар шығаруға болады.
Мәселен, бір тонна астық 100 мың теңге деп есептесек, сол бір тоннаны жай өңдесек, 150 мың тұратын ұн аламыз. Ал 1 тонна астықты тереңірек өңдесек, одан сироп, лизин, крахмал шығады екен. Құны – 600 мың теңге. Біз осы 600 мыңның орнына 100 мың, әрі кетсе 150 мың алып жүрміз. Бүкіл пайданы маңдай термен өсірген диқандар емес, егістік жері жоқ, далада жұмыс істемеген елдер көріп отыр.
Тағы бір мәселе. Елімізде былтыр 50 мың тоннадай жүн мен тері шыққан. Бірақ соның тек 15 пайызы ғана өңдеуге кеткен. Қалғаны иттерге жем болған, не қоқысқа тасталған. Бұл жерде ең бірінші сын – біздің ғылымымызға айтылатын сын. Жапондықтар ХІХ ғасырда әр дақылдың мықты мамандарын жинап, оларға ел аралатып, бүкіл халықты бау-бақша, мал мен құсты өсіруді үйреткен. Сөйтіп, кәсіпкерлік те дамыған, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де шешілген.
Бүгінде аграрлық ғылымның мәселесі көп. Ғылыми-техникалық жетістіктердің тек 8 пайызы өндіріске енгізіліп жатыр. Табиғаты ұқсас Канадада өсімдік өсірудің өнімділігі бізден 14 есе көп. Тіпті көршілерден де қалып келеміз. Осындай жағдайды көргеннен кейін инвесторлар да өз ақшаларын ауылға салуға аса мүдделі емес.
Бұдан басты 3 мәселені бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, аграрлық ғылымды басқару жүйесінің кемшіліктері. Екіншіден, қаржының жетіспеуі. Үшіншіден, бюрократияның кесірінен бюджеттен бөлінген қаржы мен гранттың дер кезінде берілмеуі.
Аграрлық ғылымды басқару жүйесі қаншалықты тиімді құрылған? Еліміздің аумағы үлкен, сондай-ақ әр өңірдің жағдайы әртүрлі. Ал оларға қаржы бөлуді орталыққа байлап қойдық. Жетісуда қызылша, Түркістанда мақта, Маңғыстауда түйе өсірудің қыр-сырын астаналық немесе алматылық мамандар қайдан білсін? Сондықтан нақты проблемаларды әр өңірдің өзінде талқылаған дұрыс. Мысалы, түйе өсіруді – Маңғыстауда, күріш, қауын-қарбыз егуді – Қызылордада, ірі қара мал, картоп пен бидайды – Қостанайда, жылқы өсіруді, қант қызылшасын егуді – Жетісуда, күнбағыс егуді – Солтүстік Қазақстанда, қой өсіруді, бау-бақша егуді Түркістанда жан-жақты қарастыру маңызды. Мұндағы басты мақсат – сол кәсіп көздерін тереңірек біліп, қажетті көмек көрсету.
Біз сияқты территориясы үлкен АҚШ, Канада, Бразилия аграрлық ғылым орталықтарын географиялық қағидатпен орналастырған. Қазір Бразилия тек өзін емес, біраз елді азықпен қамтамасыз етеді. Бұл жетістікке олар «Эмбрапа» деген мемлекеттік ғылыми компанияның арқасында жеткен. Мысалы, Қызылордада күрішпен айналысатын біраз құрылым бар – зерттеу институты, Қорқыт Ата университеті, колледждер, тәжірибелі шаруашылықтар. Олардың бағынатын органдары әртүрлі, бюджеттері де бөлек. Әрбірі өз бетінше, өз мақсатымен. Кәсіпкерлерді айтпағанда, бәрінің басын біріктіретін бір орган жоқ. Сол себепті болар, Сыр өңірінде кейінгі 10 жылда өндіріске толыққанды енген бірде-бір жаңа күріш сорты шықпаған. Кәсіпкерлер тұқымды Краснодарға барып, сол жақтан қымбатқа сатып алып келуге мәжбүр.
Ал өз ерекшелігі бар Бразилияда консорциум құрылған. Оған сол өңірдің жағдайын жақсы білетін заңды тұлғалар кіреді. Консорциумға бюджет бөлінеді. Осылайша, консорциум мүшелері өңірдің нақты проблемасын шешуге, кластер құруға бар күш-жігерін жұмсайды. Елімізде де ғылымды басқару жүйесін дұрыс жолға қою керек. Әрине, менеджерлерге де көп нәрсе байланысты. Олар қызметтеріне қаншалықты сай? Осы сұраққа тиісті министрлік жіті қараса деген тілек бар.
Екінші мәселе қаржыға қатысты туындап отыр. Көрші елдерде республика бюджетінің кемінде 3 пайызы аграрлық ғылымға жұмсалады. Рас, қаражатсыз ештеңе шешілмейді. Ауыл шаруашылығына қанша ақша бөлсек те, көп өнімді шетелден алып жатырмыз.
Ерекше тоқтала кететін тағы бір мәселе – қаржы мен ғылыми гранттарды уақтылы, дер кезінде бөлудегі бюрократия мәселесі. Бұл – тікелей мемлекеттік органдардың кемшілігі. Бұл мәселені министрлік өзі реттеп, бір жүйеге келтіруі керек.
Кадрларды даярлау ісіне келсек. Біріншіден, аграрлық оқу орындарына ақша аз бөлінеді. Құрал-жабдықтар мен инфрақұрылым жаңартылмайды. Оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер жетіспейді. Екіншіден, оқу бағдарламалары қазіргі заманға сай деп айту қиын. Жыл сайын агрооқу орындарын мыңдаған түлек бітіреді. Бірақ олардың көбі бәсекеге қабілетті емес. Еңбек нарығында оларға сұраныс аз. Үшіншіден, агромамандықтар жастар үшін тартымды емес. Оқу орнын бітіргендер ауылға бармайды. Барса да тек уақытша тіркеліп, диплом алу үшін ғана барады. Мықты кадрлар, әсіресе ғалымдардың елден кетуі де үлкен проблема. Жалпы, кадрлардың аздығынан аграрлық жүйедегі көптеген жақсы позициямызды жоғалта бастадық.
Кейбір көршілес елдер: «Сіздерде креатив көп. Не істеу керегін жақсы білесіздер. Бірақ соны аяғына дейін жеткізе алмайсыздар. Біз сіздерден дайын идеяларды алып, өзімізге жаратамыз», деп айтып жатады. Біздің осал жеріміздің бірі – осы. Сондықтан Парламент, Үкімет, ғылыми орталықтар күш біріктіріп, бірге қимылдауы қажет.
Жақып АСАНОВ,
Сенат төрағасының орынбасары