Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік құралдарымен жүк тасымалдауды және транзитті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша республикада жүк тасымалының көлемі 5,5 млн тоннаға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі 42%-ды құраған.
«Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда 44% деңгейінде – 2,5 млн тоннадан 3,6 млн тоннаға дейін өсім болды. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі, аталған бағыт бойынша жүк тасымалы 2 есеге, яғни, 1,5 млн тоннаға дейін артты. Сонымен қатар Қытайдан Еуропаға тасымалданатын транзиттік жүктердің көлемін одан әрі арттырудың үлкен әлеуеті бар. Ағымдағы серпінді сақтай отырып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит деңгейі 2029 жылға қарай 5 есеге артады, бұл ел экономикасының дамуына оң әсер етеді.
Теңіз арқылы жеткізілетін жүктерді автокөлікке аудару және тасымалдарда отандық операторлардың үлесін ұлғайту үшін бонд қоймаларын ұйымдастыру, өткізу бекеттерінің қуатын арттыру, ішкі автопаркті кеңейту, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын бөлудің тиімді жүйесін енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады», делінген хабарламада.
Әлихан Смайылов автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторларына оң әсерін тигізетінін айтты. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырым. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА бағыттарын айтуға болады.
«Аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызатынын, цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатынын ескертті.