Мамыр айы бел ортасынан ауғанда масатыдай құлпырған тау бөктері түрлі пейзажға тұнады. Шатқалдарға қараған сайын тылсым бір сұлулық өзінің әлеміне тарта түседі. Салқын самал маңдайыңды өбіп, кекіліңді тарайды. Айнала тұнған гүл мен түрлі шөптің бұрқыраған исі жаныңды рақатқа бөлей түседі. Табиғаттың шексіз сұлулығына көз салған сайын көңіл тоят табады...
Тау дегеніңіз адамның тынысын ашатыны ақиқат. Жабыққан көңілді көкке тарта түсетін бір магниті де бар ма дерсің. Шатқалдарға көз салған сайын өзің де биіктей бересің. Атқа отырса өзін таққа отырғаннан кем сезінбейтін қазақтың тау десе жаны қалмасы анық қой. Көз ұшындағы көркем бейнелер бойыңда әлдебір сезім шоғын үрлей ме, әлде шабытыңды шайқай түсе ме, қалай өзі? Ал шатқал біткеннің бетіндегі беймәлім бейнелер ше? Тылсымға толы дүние. Адам жауабын таба алмайтын жұмбақ секілді. Сол жұмбақты шешуге біз құмбылмыз ба? Әй, қайдам... Бірақ қызықтыра түседі.. Қарай бергің келеді.
Сәкен Сейфуллин де «Тау ішінде» деп аталатын өлеңін ат үстінде келе жатып шығарғанына ешкімнің таласы жоқ-ау. Кеудесін майда қоңыр самалға тосқанда шабыты шарықтай түссе керек. Беймәлім баяу әуенге сала бастаған. Биік құзарға жанарын қадаған сайын көмейіндегі ыңылмен орайы келген мәтін үйлесім таба түскен. Сол кездегі тұлғалардың мықтылығына амалсыз қол соғамыз. Академия көрмей, консерватория дегенді білмей-ақ, қазақтың жанына жақын, көңілін тербейтін, жүрегін емдейтін әдемі әндерді дүниеге әкелген. Олар көрген академияның атауы ұзын-сонар сөзден ада. Төрт-ақ әріптен тұрады. Дала ғой... Қазақтың сартап даласы мен жусанды қыры ғой оларды өсірген... Сол байтақ жазираны шарлап жүріп, қаншама ғажап дүниені өмірге әкелді десеңізші. Өлең десеңіз, сыр тұнған өлең, ән десеңіз, ғажап ән...
«Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп»,
деп басталатын алғашқы шумақтың өзі-ақ тыңдарманның көз алдына таудың табиғатын айна-қатесіз елестетеді. Алыста отырып-ақ өзіңнен-өзің тау өзенінің гүрілін, қойтасқа соқтығысқан даусын сағына бересің... Беймәлім бір аралас сезім бойыңды билей түседі. Әннің сөзі тау ішінде жаңғырып, өзіңе қайта естіліп тұрғандай болады. Алатаудың асқақ шыңдарына көз тіккің келеді. Әйтеуір жанға жайлы бір атмосфера орнығып алады.
«Ақ боз ат – менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің»,
деп келетін әннің қайырмасы жүрекке жылы тиетіні ақиқат. Ілгеріде ғұмыр кешкен сал-серілердің қазақтың байтақ даласында әндетіп бара жатқан көшін елестеткендей боласың. Солардың жүрегінде, жанында орнаған еркіндік өз бойыңда үстемдік құрғандай күй кешесің. Тіпті кейде солар ғұмыр кешкен ғасырға барғың келіп кетеді.
Әсілінде, қазақтың жанына жақын қандай ән болсын, ұлт өнерінің ортақ олжасы екеніне талас жоқ. Ұлы шығармалардың ғасырлар бойы ұрпақ сабақтастығын үзбей, түрлі дауыста шырқалуы да заңдылық. Бұл – әртүрлі буынның өнердегі үндестігі. Әрі-беріден кейін шын өнерге деген шынайы ілтипаты.
Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» шығармасын да сан түрлі әнші бебеулете орындады. Әрине, хал-қадері жеткенше шеберлігіне салды. Алайда дәстүрлі әннің дүлдүлі Қайрат Байбосыновтың орындауы өн бойыңды шымырлатып жіберетіні даусыз ғой. Оның үніндегі ұлттың болмысына тән бояу жаныңды рақаттандырады. Дауыстың қуаты мен орындаушылық шеберлік құлаққа майдай жағады. Шын таланттың шүбәсіз шеберлігіне тәнті боласың. Иірімдер өз әлеміне жетелей түседі. Бұл енді Байбосыновқа ғана тән ерекшелік.
«Ән салдым, есіп майда жаяулатып,
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Толқынды мың құбылған әнімді естіп,
Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып»,
деген өлеңнің түйіні де кісі санасын сан-саққа жүгіртетіні рас.
Әлбетте, Сәкен әнінің өзіне тән шығу тарихы бар екені анық. Әйтсе де, «Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып» деген жолдың астарында не бар екен деген ойға шомасың. Ақын көңіліндегі символикалық образ ба, әлде сағыныш самалымен астасқан ғашықтың үні ме, кім білсін.