• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Білім 08 Желтоқсан, 2023

PISA көрсеткіші

424 рет
көрсетілді

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 халық­аралық бағдарламасының нәтижелерін жариялады. Онда 81 мемлекеттен қатысқан 15 жастағы білім алушы­лардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланды.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, біздің оқушы­лар жаратылыстану пәні бо­йын­ша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға жақсартқан. Сол ар­қы­лы қаты­сушы мемлекеттер ара­сында ең жоғары өсімге қол жеткізді әрі математика мен оқу көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сегіз елімен бірдей деңгейде сақтап қалды. Бұл еліміздің математика және жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кіруіне мүмкіндік берді. Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-орынды (2018 жылы 54-орын), оқудан 61-орынды (2018 жылы 69-орын), жа­ра­ты­лыстану пәні бойынша 49-орынды (2018 жылы 69-орын) иеленді.

Сонымен қатар PISA-2022 нәтижелері бойынша еліміздегі қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азай­ғаны байқалады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, отандық білім саласының дамуы бірқатар факторға байланысты.

– Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсе­тіп келе жатқан жан-жақ­ты қолдауының нәтижесінде осын­дай көрсеткіштерге қол жет­кізілді. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфра­құрылымды дамыту, балалары­мыз үшін қауіп­сіз және жайлы ортаны қам­­­та­масыз ету шаралары білім са­па­сын арттыруға тікелей әсер ете­ді. Білім саласын дамытудағы мем­лекеттік ұстанымның дұ­рыс­тығы ай­қын­далды. Осы бағыттағы жұмыс­ты күшейте түскен жөн, – деді министр.

Айта кету керек, Оқу-ағарту министрлігі халықаралық тәжі­рибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу үстінде. Атап айтсақ, «Білім берудегі өзгеріс­тердің 1000 көшбасшысы» кадр­лық резервін қалыптастыру және менеджментті нығайту; 21 ғасырдағы дағдылар мен құ­зыреттерді дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңар­ту, ауыл мектептерін қол­дау жөніндегі ке­шенді бағ­дар­ламаны іске асы­ру; дайын­дық тәсілдерін жетіл­діру, пе­да­гог­тер­ді қайта даярлау және біліктілігін арттыру; «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы шең­берінде жаңа мектептер салу, қалған білім ошақ­тарын жаңғырту, инфрақұ­рылымын дамыту; Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау. Бұл ша­ра­лардың барлығы биыл Үкімет қаулысымен бекітілген мектепке дейінгі, орта, техни­ка­­лық және кәсіптік білім беру­ді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасында қамтылған.

– Қазақстан PISA халықара­лық бағдарламасының осымен бесінші цикліне қатысты. Оның ішінде екінші рет тесті­леуді компьютерлік формат­та тапсыр­ды. Аталған тестілеу 2022 жыл­дың сәуір айында өткен болатын. Оған Қазақ­станнан 571 білім беру ұйымы қатысты. 15 жас­қа дейінгі 19 769 білім алу­шы сынақтан өтті. Яғни әрбір өңір­дегі оқу­шылардың 5-9 пайы­зы қам­тылды. Тестілеу қорытын­ды­сы­на зер салсақ, 2018 жылмен салыстырғанда математика бойынша жеті мемлекет сапа көрсеткішін жақсартқан. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Біздің ел рейтингтегі орнын 2 ұпайға арттырды. 24 елдің көрсеткіші өзгеріссіз қалса, 41 мемлекеттің деңгейі төмендеген. Оқу бағыты бо­йынша да жеті мемлекеттің көрсеткіштері жақсарған. 29 мемлекеттің деңгейі тұрақты. Қазақстан да осы қатарда тұр. 35 мемлекеттің көрсеткіші ке­мі­ген. Жаратылыстану бағы­тын­да 18 мемлекет оң нәтиже көрсеткен. Бұл ретте Қазақстан 18 елдің ішінде 26 ұпайлық өсіммен бірін­ші орынды иеленді. Атал­ған бағытта 33 мемлекеттің дең­гейі тұрақты деп бағаланса, 21 ел­дің нәтижесі төмендеген. Бай­қа­ған­дарыңыздай біздің ел ма­те­ма­тика және жаратылыс­тану бағыттары бойынша жақ­сы нәтиже көрсетті. Енді алдымызда оқу көрсеткіштерін жақсарту міндеті тұр. Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұсынатын толық нәтиже қолымызға тиген соң әр бағыт бойынша егжей-тег­жей­лі жұмыс жүргіземіз, – дейді Оқу-ағарту бірінші ви­це-министрі Наталья Жұма­ділдаева.

Математика бағыты бо­йынша үздік үштікке Син­гапур, Макао (Қытай) және қытай­лық Тайбэй жайғасқан. Оқу ба­ғытында Син­гапур, Ирлан­дия және Жапо­ния алғаш­қы үш орынды өзара бөліс­кен. Жаратылыстану бағы­ты бойынша Сингапур, Жапо­ния және Макао (Қытай) оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен.