• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 07 Желтоқсан, 2023

Еріктілердің елеулі еңбегі

158 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында 5 мыңға жуық волонтер бар. 12 ерік­тілер ұйымы қызмет көрсетеді. Осы ұйымға мүше жас­тар шаһардың түрлі әлеуметтік іс-шараларына белсене атсалысады. Қоғамды жақсартуға, ізгілендіруге өз тараптарынан қолдау білдіреді. Еріктілер адам күші қа­жет ететін түрлі іс-шаралар мен акциялар, бастамалар үшін таптырмас көмек. Сол үшін оларды мемлекеттің көмек­шілері, қарапайым халықтың қызметшілері десек жарасады.

Сондықтан да Шымқалада көптеген мереке, айтулы іс-шара, қайырымдылық акция­сы волонтерлердің қаты­суын­сыз өтпейді. Осы ретте нағыз патриот, қызметі үшін ешқандай ақы алмай­тын, халыққа жасаған қызметін міндетсінбейтін, рухани қоз­ғаушы күші жұрттың алғы­сына бөлену, бата алу болып табылатын ерікті жастарға алғыстан басқа айтар тілек жоқ-ау, сірә.

Бұл орайда мегаполис­те Халықаралық волонтер­лер күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ізгілікте жары­сайық» қайырымдылық қоғам­дық қорының бастамасымен «Шымкент қалалық волонтерлер» форумы өтті. Қор басшысы Қайрат Дәрібаев форумның негізгі мақсаты туралы айтып берді. Ол – көшбасшы, бəсекеге қабілетті волонтер жастардың санын арттыру, олардың бойындағы жан-жақты қабілеттерді ояту. Сондай-ақ жиында волонтерлік топтар қалай құрылатыны, оны басқару қалай болатыны, жоспарлаудың, бюджет тарту мәселесінің не екені тегіс айтылып, түсіндірілді.

«Шымкент қаласында ха­лықаралық волонтерлер күнін қал-қадерінше атап өтіп жатырмыз. Осыған байланысты «Шымкент қалалық волонтерлер» форумын жоғары дең­гейде ұйым­дас­тыр­ғанымызға қуанып отыр­мыз. Бізде мақсат – біреу. Ол «ерікті» сөзін жастар ара­сында көбірек насихаттау, оның ұғымын тереңірек түсін­діру. Бүгінгі қоғамға білімді, мейірімді, бойына барша құн­дылықтарды сіңірген жас­тар керек. Әншейін құрғақ сөзбен айта берген жарамайды, біздің қоғам сондай жастарды тәрбиелеп шығаруы қажет. Жастар осы форум аясында жоспарлауды үйренді, топпен жұмыс істеуді меңгерді. Көшбасшылық қасиетке қалай жетуді игерді, волонтерлік өмірде қуаныштар мен қиын­дықтар қатар жүретінін білді. Смарт стратегиясы жөнінде ақпарат пен көп мағлұмат ал­ды», деді «Ізгілікте жары­сайық» қайырымдылық қоры­ның басшы Қ.Дәрібаев.

Осы аталған волонтерлер форумына қаладан 50-ден аса жас шақырылып, олар түр­лі спикерлердің еріктілер қоз­­ға­лысының бағыттары бойын­­ша оқу-семинарларына қатысты.

Бұдан бөлек Шымқалада «Мен донормын» акциясы бастау алды. Жоғарыда атап өткеніміздей, аталған ак­ция тікелей ерікті жастар­дың қатысуымен өтті. Ал осы­­нау іс-шараның ұйым­дасты­­ры­луына қалалық ішкі сая­сат және жастар істері жөнін­дегі басқармасының «Жас­тар ресурстық орталығы» ұйыт­қы болды. Жастар айтқан уақыттан кешікпей «Нұрсат» шағын ауданында орналасқан қалалық қан орталығына жиналды. Бас-аяғы елу шақты жас. Олардың бәрі – қан тапсыруға өз еркімен келген қаланың жас волонтерлері. Акция аясында мамандар қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып қалуға болатынын, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік туатынын жастарға тәптіштеп түсіндіріп берді.

Жастар ресурстық орта­лығы қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Ақерке Сұлтанның айтуынша, аталған акцияға ерікті жастар мен Жастар ре­сурстық орталығының қыз­мет­керлері қатысып, тиісті мөл­­шерде қан тапсырды, сөйтіп, төтенше жағдайда керек болатын қанның қорын молайтты. Әлбетте алдымен донорлардың денсаулықтары толық тексеруден өткізіледі, сосын қан мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түр­лі ауру белгілерінің бар-жоқ­тығы зертханалық жолмен анықталып, содан кейін ғана қан тапсыруға рұқсат берілді.

М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гумани­тарлық инситутының бірінші курс студенті Мардан Орынбай қан орталығына келіп, жыл сайын қан тапсыратынын айтты. Сауапты іс жасаудан жалықпаған ол игі бастамаға достарын да ерте келіпті.

«Өмірде түрлі оқиға болады. Осындай кезде кейбір жандарға қан керек болып қалатыны аян. Сондықтан өзгелердің өмірін сақтап қа­лу үшін қолұшымды созу ме­нің азаматтық парызым деп бі­ле­мін. Осылайша, Жастар ресурстық орталығының бас­тамасымен қолға алынған «Мен донормын» акциясына өз ер­кіммен келіп, қан тапсырып, өзге жанға үміт сыйлағым келді. Менің қан тобым І топқа жа­татындықтан абсолютті донор бола аламын», деді ерікті жас.

Айта кету керек, жоға­ры­да аталған орталық Түр­кістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 42 медици­на­лық мекемені қан компонент­терімен қамтамасыз етеді. Мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 26 мың азамат осы мекемеге келіп қан тапсырған.

 

ШЫМКЕНТ