• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 10 Желтоқсан, 2023

Қос астана дуэті

169 рет
көрсетілді

«Астана Опера» театрында бір жылға созылған «Орыс мау­сымдары» халықаралық жобасы «Қос астана дуэті» гала-концертімен түйінделді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткен фестивальдың қорытынды кешін «Астана Опера» театрының ұжымы мен Дмитрий Бертманның жетекшілігіндегі «Геликон-опера» Мәскеу музыкалық театры бірлесіп өткізді.

Бекзат өнер мейрамына Мәде­ниет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Мә­дениет ми­нистрінің орынбасары Анд­рей Малышев, Ресей­дің Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Алексей Боро­давкин, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген әртістері қатысты.

– Осы жылдың 2 наурызында еліміздің мәдени игілігі болып саналатын Қазақстанның жетек­ші театры «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өткен ғасырдың ұлы импресариосы, орыс мәдениетін дамытуға және танымал етуге зор үлес қосқан, негізін қалаушысы Сергей Дяги­левтің «Орыс маусымдары» ауқым­ды халықаралық мәдени жо­­басы басталған еді. Жыл бойы ресейлік әріптестеріміз отандастарымыздың жүрегінде өшпес әсер қалдырған мәдени іс-шаралар кешенін ұсынды. Атап айтсақ, Санкт-Петербург мем­лекеттік академиялық балет театры Борис Эйфманның гастрольдері, аты аңызға ай­нал­ған маэстро Юрий Баш­меттің жетекшілігімен Бүкіл­ресейлік жасөспірімдер оркес­трінің кон­церті, А.Чехов атын­дағы Мәс­кеу Көркем теат­рының гастроль­дері, Санкт-Петербург өнер акаде­мия­сының «Бей­нелеу өнері» көрмесі, сансыз шеберлік сынып­тары, Ресей театр өнері инс­титутының дипломдық қойы­­лымдарының көрсетілімі және тағы басқалары. Сондай-ақ 13 желтоқсанда «Қазақконцерт» сахнасында С.Зверев атындағы Саха Республикасының «Кыыл Уола» ұлттық би театры өз өне­рін ұсынады. Мұның бәрі – екі ел арасындағы берік достық қарым-қатынастың кепілі, – деген Мәдениет және ақпарат министрі өнердің әртүрлі мәде­ни топтарды байланыстырып, мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністіктің дамуына ық­пал ететін көпір екендігін атап өтті. А.Балаеваның айтуын­ша, келесі жылы Қазақстанда бел­гілі мәдениет және өнер қай­рат­керлерінің, сондай-ақ ТМД, Грузия, Балтық ел­де­рінің халықаралық театр фо­румдары, «Интервиденция» те­ле­визиялық жобасы, Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі, «Operalia» опера және балет өнері фестивалі сияқты Ресейдің жетекші шы­ғар­­машылық ұжым­дарының қатысуымен бірқатар мәдени іс-шара жоспарланған.

– Бүгін «Орыс маусымда­ры­ның» салтанатты жабы­луы аясында музыкалық өнер­ді сүйетіндер мен кәсіби маман­дарға арналған «Екі астана дуэті» гала-концертін Дмитрий Бертманның «Геликон-опера» Мәскеу музыкалық театры «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымымен бірлесіп, Валерий Кирьянов пен Руслан Баймурзин сынды екі тамаша дирижердің жетекшілігімен ұйымдастырды. Бұл кештің мәні айрықша. Өйт­кені музыкалық өнер – бойы­мыздағы ең нәзік және биік сезім­дерді оятатын, асыл үміттер мен ұмтылыстарға шақыратын үлкен күш, – деп атап өтті Аида Ғалымқызы.

«Орыс маусымдары» Қазақ­станда наурыз айында КСРО халық әртісі Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жастар симфониялық ор­кес­трінің «Чайковский-гала» бағ­дарламасымен ашылған бола­тын. Бір жылға созылған өнер думаны «Қос астана дуэті» концертімен түйінделді. Кон­цертке қос дирижер – «Геликон-операның» бас дири­жері, Мәскеу сыйлығының лауреаты Валерий Кирьянов пен «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин жетекшілік етті.

Елордадағы театр сахна­сын­да Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұ­пар Ғабдуллина, Салтанат Ахме­това, Азамат Жыл­тыр­көзов, Ме­дет Шотабаев, сон­дай-ақ Ресей­ден келген халық­аралық байқаулардың лауреаттары Юлия Щербакова, Валентина Гофер, Шота Чибиров, Максим Перебейнос өнер көрсетті.

Чайковский, Верди, Росси­ни, Даргомыжский, Бизе, Пуч­чини, Оффенбах операларынан отандық және шетелдік жұл­дыздардың дуэттері орындалды. Сондай-ақ жұртшы­лық назарына А.Жұбановтың «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Л.Хамиди мен М.Тө­лебаевтың «Біржан-Сара» операсынан дуэт пен хор және т.б. ұсынылды. Геликондықтар ал­ғаш рет қазақ тілінде ән шыр­қады.

«Мәскеу мен Астананың ширек ғасыр бойы ынтымағы жарасып келеді. Ал «Геликон-опера» мен «Астана Операны» тек жұмыс емес, достық қарым-қатынас та байланыстырады. Әртістеріміздің «Орыс маусымдары» жобасына қатысқанына шексіз қуаныштымын. Бұл жоба Астана тұрғындарына деген шексіз махаббатымызды жеткізуге мүмкіндік берді. Сол сүйіспеншілігіміздің белгісі деп қабылдасаңыздар да болады, өздеріңіз куә болғандай, геликондықтар алғаш рет қазақ тілінде ән шырқады. Қазақ тілі өте әуезді болғанымен, қиын тіл екен. Әндерді жаттауда бі­раз қиналдық. Бірақ нәти­жесі көңі­лімізді марқайтты. Көрер­мен­нің де көңілінен шықты деген сенімдеміз», деді театрдың бас директоры әрі көркемдік жетек­шісі, Ресейдің халық әртісі Дмитрий Бертман.

Сонымен қатар айтулы өнер фестивалі аясында «Астана Опе­ра» театрында «Арт-мас­карад» атты театрлық киім­дер­­дің эксклюзивті көрмесі ұйым­дастырылды. Атақты Алек­сандр Головин, Лев Бакст, Ми­хаил Ларионов және Сергей Судейкиннің жүзжылдық тарихы бар эскиздері бойынша тігілген костюмдер жұртшылық назарына ұсынылды.