• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 11 Желтоқсан, 2023

Қытайдың атом энергетикасы немесе қисапсыз қуатты қайнар көзге айналдырған ел

2364 рет
көрсетілді

Адамзаттың асыл арманына айналған арзан энергия қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Оны алудың оңтайлы жолын іздеп, оңай тәсілін тапқандар бүгінде бәрінен оқ бойы озық тұр. Ра­сында аста-төк қуат алудың қай амалын қам­дамадық десеңізші? Оттан да, судан да, күннен де, желден де, тіпті жер астына жасырынған қазба байлық­тарын да қопарудан тайынбадық. Тірші­лігі түгел соған тәуелді болған соң тартын­шақтаудың да ретін таппайды екенсің...

Жыл санап өсіп жатқан Жер тұр­ғындары үшін жарық пен жылу – өте өзекті мәселе. Шақпақ соғып, шоқ үрлеген ықылым замандардан бүгінге дейінгі аралық энергия алудың эволюциялық даму жолы іспеттес. Қоршаған ортадан қуат алу барған сайын қиындап, күн өткен сайын күрделеніп барады. Ғалымдардың жадында пісіп-жетілген жаңа технология да бір орнында тұрақтап тұрған жоқ. Алға басқан адамзат көшімен бірге ілгері адымдап, өрлеп барады...

Сондай мемлекеттің санатына жататын ел – санғасырлық тарихы бар шы­ғыс­­тағы алып көршіміз Қытай Халық Рес­пуб­ликасы. Дәл осы ел Қазақстанда АЭС салуға техникалық-коммерциялық ұсыныс берген 4 мемлекеттің бірі атанып отыр. Жуырда сол елге бір топ журналистің жолы түсті. 

 

Атам заманнан атом заманына дейін...

Арғы тарихты ақтарған адамды бей­біт атомның бастауы Екінші дүние­жү­зілік соғыстан кейінгі жылдарға қарай жетелейді. Ал біздің ата-бабаларымыз атомның сырын әу бастан-ақ аңғарған болса керек. Сыр бойында «Ұйқысай» деген сай болған деседі көнекөз қариялар. Бұл сайдың бір ерекшелігі оның ішіне түскен тірі жан атаулыны қалың ұйқы қысады екен. Сырына сол күйі қаныға алмай кеткен сиқырлы сайдан кейіннен уранның мол қоры табылыпты. Маңайлағанның бәрін маужыратып әкететін мырза сай кейіннен мықты бір өндіріс ошағына айналса керек...

Атомнан алғашқы энергия 1948 жылы алынды. Дәл осы жылы АҚШ-та сол энергиядан электр лампасы жа­рық берді. Ал әлемдегі алғашқы АЭС-ті кеңес одағы 1954 жылы салған, Ол Обнинск АЭС-і болатын. Сол кездегі оның қуаттылығы  5 МВт-ты ғана құрайтын еді. Содан бергі жыл­дар ішінде атом да дәстүрлі энер­ге­тиканың бір түріне айналып үлгер­ді. Таза энергетиканың бұл түрімен бүгінде әлемнің 32 елі айналысады. Жер бетінде өндірілген энергияның шамамен оннан бір бөлігі осы салаға тиесілі.

Атом энергиясы жөніндегі халықара­лық агенттік (АЭХА) ұсынған дерек бо­йынша қазір әлемде белгіленген қуаты 370 170 МВт болатын 412 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ белгі­лен­ген қуаты 60 207 МВт болатын 58 ядро­лық реактордың құрылысы қызу жүр­гізілуде.

Ал салынған стансаның саны жөнінен көштің басын әлемдегі ірі өндіруші ре­тінде АҚШ мемлекеті бастайды. Бұл елдегі атом энергетикасының үлесі 20 пайызға жуықтайды екен. Одан кейінгі орында елдегі энергияның 70 пайызға жуығын осы саладан айырып отырған Франция келеді. Ал үздік үштікті ядро-энергетикалық бағдарламаны барынша жедел дамытып жатқан Қытай Халық Республикасы түйіндейді. Адымы алшаң Қытай елі алдағы бір он-он бес жылда салынған блок санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Сөйтіп, АҚШ пен Фран­цияны артта қалдырып, топ басына көте­рілуді көздейді.

 

Атын атоммен шығарған алпауыт

Ел астанасы Бейжіңге келгендегі алды­­мен ат басын бұрған мекемеміз – CNNC (Қытай ұлттық атом корпорациясы). Бұл – Қазақстанда салынатын атом стансасының құрылысына қаты­суға үміткер корпорацияның бірі. Компания бас директорының орынбасары Чжан Хунцзюньның айтуынша CNNC – атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін ең ірі қытай­лық компания. Уран кен орындарын геологиялық зерттеуден бас­тап, оны өндіру және байыту, ядролық отын дайындау, атом электр энергиясын өндіру, Қытайда және басқа шет мемлекеттерде атом электр стансаларын жобалау және салу, ядролық реакторлар мен түрлі энергетикалық жабдықтарды әзір­­леу, ядролық қалдықтарды қайта өң­деу және кәдеге жарату, ядролық физика саласындағы ғылыми зерттеулер сияқ­ты толып жатқан шаруалармен шұ­ғыл­данады. Компания басшылығы Қытай Мемлекеттік кеңесіне тікелей есеп бе­ре­ді. Ал штаб-пәтері Бейжіңде орна­лас­қан.

Қытай елі энергетикалық кешенді, оның ішінде ядролық энергияны пайдалану арқылы әртараптандыруға және осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салады. 2035 жылға қарай ҚХР АЭС-тегі электр энергиясын өндіру үлесін жалпы энергия балансының 10% на дейін ұлғайтуды көздейді. Алдағы уақытта әр жыл сайын 6-8 энергоблокті пайдалануға беруді жоспарлаған жайы бар. Қазіргі уақытта Қытайда 21 АЭС жұмыс істеп тұр. Олар белгіленген қуат 53 181 МВт болатын 55 энергоблоктан тұрады. Белгіленген қуаты 22 724 МВт болатын 22 жаңа энергоблок салынып жатыр. Мәселен, былтыр қытайлық АЭС-тер 417,8 миллиард кВт/сағ электр энер­гиясын өндірді. Дайын қуат өз өнер­кәсібін дамытуға жұмсалады.

 

Қытайдағы алғашқы АЭС

Бейжіңдегі белгіленген жұмыста­ры­мызды бітіріп, ұшақпен шырайлы шаһар Шанхайды бетке алдық. Он­дағы мақсат алғашқы АЭС-ті өз көзімізбен көріп, жұ­мыс барысымен егжей-тегжей танысу еді. Айтпақшы, жолшыбай атом энергетикасына арналған музейге арнайы ат басын бұрдық. Бастаған қай нәрсесіне де құнттылықпен қарайтын қытайлықтар бұл жерде де ауыз толтырып айтарлықтай берекелі іс тындырыпты. Салынған бүкіл стансаларының кішірейтілген макетінен бастап, әлемдік атом энергетикасындағы алар орындарына дейін керемет таблица-диаграммалармен тәтпіштеп көрсетіп, зал-залға бөліп қойған. Айтары мол алып мұражайды аралай жүріп, ұлттың бойына біткен ұқыптылық пен ұлтжандылық осындай сәттерде көрініс табады екен-ау деп ой түйдік.

Басын бірден ашып алайық, ҚХР атом энер­гетикасы жөнінен әлемдегі жас мем­ле­кет­тер­дің бірінен саналады. Алғашқы реакторы 1991 жылы 15 желтоқ­сан­да Чжэцзян провинциясының Цзясин қа­ла­лық окру­гінің Хайян округіндегі Шығыс Қы­тай теңізінің жағалауында орна­лас­қан Циньшань атом электр стансасында пайдалануға берілді. Оған 350 мВт-тық CNP-300 атом реакторы пайдаланылыпты. Ол бүгінгі күнге дейін электр қуатын сәтті өндіріп, ел экономикасына өзінің елеулі үлесін қосып отыр.

 

Үміт артқан үшінші буын реакторы

Шанхайдан шығып, Сямын қаласын артқа тастап, Фуцзянь провинциясына қарай бет түзедік. Ол жерде тың технологиямен салынып жатқан Чженчжоу атом электр стансасының құры­лыс жұ­мыс­тарымен таныстық. Бұл Фуцзянь провинциясындағы жаңа станса, онда қатарынан 6 Хуалун-1 блогі салынып жатыр. Құрылыс басына келгенде «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов өз таңданысын жасыра алмады: «Мынау енді мақтауға тұратын дүние ғой. Осыдан екі ай бұрын келгенімізде тап осы жерде қазылған қара жер ғана жатқан болатын. Енді, міне, қараңыз, блок орналасатын аумақ түгелдей арматура темірлермен шегенделіп, бетонын құюға әзір тұр. Бұл – бағалай білгенге өте үлкен еңбек. Жарайсыздар!», деген еді.

Расында да, жаңадан салынып жатқан АЭС аумағында қайнаған қызу еңбек. Сол жердегі қытайлық мамандардың айтуынша мұнда 17 мыңдай адам еңбек етіп жатыр екен. Оның 12 мыңы таза осы саланың негізгі жұмыстарымен шұғылданады. Диаметрі 60 метр болатын реактор орналасатын блок қауіпсіздік үшін 2 бетон жабындысымен қапталады екен. Оның бірінің қалыңдығы – 1,8 метр болса, екіншісінікі 1,5 метрді құрайды. Ішкісі іштегі дүниені сыртқа шығармауға қауқарлы, сыртқысы – сырттан болатын қауіп-қатерден қорғаушы қабат. Тіпті үлкен ұшақ келіп соқтығысқанның өзінде қыңқ демейтін қалыңдық.

Өзіндік ғажайып философиясымен эко­номикасы қарқынды дамып бара жат­­қан бұл ел қазіргі уақытта атом энер­­ге­тикасында да жетекші орынға ие бо­лу­ға күш салады. Осы жолда небір ғы­лы­ми-зерттеу институттарын ашып, қан­ша­ма ғылыми орталық құрды. Соның арқа­сында 2018 жылдың мамырында HPR1000 реакторлық технология дүниеге келді. Үкілеп үміт артқан үшінші буын «Хуалунг» немесе «Қытай айдаһары» деп аталады.

HPR1000 – Қытайдағы әртүрлі реак­тор­дың үлкен паркін жобалау, салу және пайдалану кезінде алынған дәлелденген технологияларды қолданатын 1200 МВт-қа дейінгі электр қуаты бар жетілдірілген 3+ буын реакторы. Қытай дәл осы мақтаулы реакторды шет мем­лекеттердегі тұңғыш жобасы Пәкіс­тан­дағы «Karachi» атом электр стансасында сәтті пайдаланды.

 

Қытай стансалары қаншалықты қауіпсіз?

2011 жылы орын алған Фукусима апатынан кейін бүкіл әлем АЭС-тердің қауіпсіздігі мәселесімен тіке­лей айна­лы­сып кетті. Соның нәтиже­сін­де белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің жаңа түрлері ойлап табылды. Пассивті жүйелер – төтенше жағдай туындаған жағдайда ядролық реакторлар адамның қатысуынсыз қауіпсіз жұмыс режіміне ауы­сатын (өздігінен өшетін) жүйелер. Қазіргі заманғы ядролық реакторларда қауіпсіздік жүйелерінің құны жалпы жоба құнының шамамен 40%-ын құрайтын көрінеді. Фукусимадағы жағдайға дейінгі алдыңғы 10% бен салыс­тырғанда бұл – үлкен өрлеу. Адам­заттың атом энергетикасының қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету жолындағы табы­сының ілгерілегендігінің дәлелі. Осын­дай ықтиятты еңбектің нәтижесі шығар, 2011 жылдан бері әлемде бірде-бір төтенше жағдай тіркелмеген екен. Барлық АЭС-те болып жатқан технологиялық бұзылушылықтар мен қалыпты жұмыстан ауытқулар уақтылы тіркеледі және штат­тық режімде жойылады. Бұл үдерістің барлығын энергетика саласындағы ұлттық рет­теушілер де, дүниежүзілік МАГАТЭ сарап­шылары да мұқият бақылауда ұстап отырады.

«Егер, расымен де, бұл істің болашағы бұлыңғыр болатын болса, адамзат баласына айтарлықтай зиянын тигізеді деп қауіптенсек, онда біз таяу болашақта блок санын 100-ге жеткіземіз деп жанталаспас едік қой», дейді қытайлық мамандар. «Қарап тұрсаңыздар біздің АЭС-те қызмет ететін қызметкерлердің тұрғынжайы реактордан 630 метр жерде ғана орналасқан. АЭС адамдар айтып жүргендей зиянды болса, олар мына жердің маңайынан да жүрмеген болар еді, Ал олар керісінше, осы жерде өсіп-өніп, елге абыройлы қызмет етіп келеді».

 

Айналаның амандығына алаңдайды

Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық бейбіт атомды жасыл энергетика деп та­ныды, өйткені ол өндірілетін өнімнің тө­мен көміртекті құрамын қамтамасыз етеді.

Қазіргі атом технологиялары АЭС айналасындағы эколо­гия­ға айтарлықтай оң әсер етеді. Ғылыми зерттеулер мен тә­жірибелер іргелес ормандар мен су ай­дын­дарындағы экожүйелердің айтар­лық­тай жақсарып, нығайып келе жатқанын растайды. Соның дәлелі болсын десе керек, АЭС-тің түбінде тұрған су айдынынан ауланған балықты қонақжай қытайлықтар қуырып, алдымызға ас етіп тартты.

Қоршаған ортаны қатаң бақылау және оның мүмкіндігі биоәртүрлілікті сақ­тауға, тіпті оны қайта арттыруға мүм­кіндік береді. АЭС-ті жобалау сатысында да өсім­діктер мен жануарлардың әртүрлі түрін сақтауға ықпал ететін табиғи экожүйелерге әсерін азайту үшін олар аймақтарға бөлінеді. Кейбір дәстүрлі энергия көздерінен айырмашылығы, атом электр стансалары атмосфераға зиян­ды шығарындыларының аз болуы, бұл қоршаған аудандардағы ауа сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Қазіргі реакторлар жоғары тиімділікке ие, радиоак­тив­ті қалдықтар өндірісін азайтады және осылайша қоршаған орта­ға әсерін төмен­де­теді.

Бұл тұрғыда CNPE компаниясы бас директорының орынбасары Мао Явейдің былай дегені бар: «Мысалы, қуаты 1200 МВт-ты құрайтын бір Hualong-1 АЭС-ін алсақ, ол жылына шамамен 10 млрд кВт/с экологиялық таза электр энергия­сын өндіреді. Бұл энергия шамамен 1 млн-дай халқы бар орташа дамыған мекеннің электр қуатына деген өндірістік және тұрмыстық қажеттілігін толық өтей алады. Ол дегеніміз – 3,12 млн тонна кәдімгі көмірді тұтынуды қысқарту және 70 млн ағашы бар орманның қалпына келуі деген сөз», дейді ол.

 

Қазақстанда АЭС салудың маңызы

Ал енді өз елімізге оралсақ, біздегі бейбіт атом мәселесі, яғни Қазақстанда АЭС жайы сарапшылар мен қоғамның белсенді өкілдерімен талқыланып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе деген болатын. Және бұл мәселенің жалпыұлттық референдум өткізу арқылы шешілетіндігін атап өткен еді.

Бұл үшін біздің елімізде барлық қажетті жағдай бар. Біршама жылдан бері Қазақстанда Ұлттық ядролық орталық пен ядролық физика институты табысты жұмыс істеп келеді. Олар 25 жыл бойы әлемдегі алғашқы БН-350 жылдам нейтронды энергетикалық реакторды апатсыз пысықтады. Елімізде 30 жылдан астам уақыттан бері 3 зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Онда өз мамандарымызбен қоса Жапония, АҚШ, Ресей, Мажарстан, Франция және басқа да шетелдердің білікті мамандары бірлесе жұмыс істеп, тұрақты негізде зерттеулер жүргізіліп келеді. Сөйтіп, отандық технологиялар мен ғылымды алға жылжытуға сүбелі үлес қосып келеді.

Қазақстанның атом саласында жұмыс­пен қамтылғандардың жалпы саны – 20 мыңнан астам адам, оның 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Атом саласында білікті кадрлар даярлау бойынша 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор даярланып шықты. «Болашақ» бағ­дар­ламасы аясында 2010 жылдан бас­тап атом өнеркәсібі, атом ядросы және бөлшектер физикасы, техникалық физика (атом электр стансалары мен қон­дырғылары), ядро­лық инженерия маман­дық­тары бо­йынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман даярланды. Ұлттық ядролық орталық базасында жыл сайын 120-дан астам студентке арналған өндірістік тәжірибе тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

 

АЭС болудың артықшылықтары

Енді өзге энергия көздерімен салыс­тырсақ, барлық артықшы­лық­та­рымен атом энергетикасы тиімді болып шығып отыр. АЭС жобаларының жоғары құнына қарамастан, олардың орташа өтелу мерзімі 15-20 жыл деседі мамандар. Бұл ретте атом электр стансасының кепілдік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 60 жылды құрайды және оны жағдайына қарай 20-40 жылға дейін тағы да ұзартуға мүмкіндік болады екен. Демек салынған инвестиция қайтарылғаннан кейін станса 40 жылдан 80 жылға дейін айтарлықтай табыс әкелуге тиіс. Қытайлық атомшылар тұтынғанынан артылғанын пұлдап, тәп-тәуір пайда да тауып отыр. Олардың айтуынша, салыну құнын өтеп шыққан әрбір блок жыл сайын 1 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда әкелуге жарамды. Бұл елдегі атом энергетикасының екпінді дамуына әсер етеді. Мысалы, АЭС жобасындағы 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-ға дейін жұмыс орнын құрады. Стансалардың айналасында, әдетте, жаңа қалалар салынады, жол және басқа да инженерлік инфрақұрылым дамиды, бұл атом энергетикасының экономикалық дамуға қосқан көпқырлы үлесінің мәнін тағы да ашып көрсетеді. Осылайша, әртүрлі сектордағы мультипликативті әсер­мен біріктірілген ұзақмерзімді эконо­ми­калық пайда атом энергетикасын эко­но­миканың ілгерілеуі мен дамуының ма­ңызды қозғалтқышына айналдырады.

Атом энергетикасы – бүгінде елдердің экономикасына, энергетикасына және ғылымына әсер ететін прогрестің қозғаушы күші. Ол энергетикалық тәуелсіздікті қам­та­масыз етеді, экологиялық тұрақ­ты­лық­қа ықпал етеді, технологиялық прог­ресті ын­таландырады, ғылыми зерт­теу­лер­ді қолдайды, білім беруді дамытады, энер­ге­тикалық тиімділікті арттырады және инфрақұрылымдық дамуға ықпал етеді.

Жуырда Қытай елі әлемде бірінші болып төртінші буын «Шидаовань» АЭС-інің тұсауын кесті. Осылайша, технологиясы тоқтаусыз дамыған ҚХР әлем елдерінің алдындағы биік беделін тағы бір сатыға жоғарылатты.

 

АСТАНА –  АЛМАТЫ – БЕЙЖІҢ – ШАНХАЙ – СЯМЫН  – БЕЙЖІҢ – АЛМАТЫ – АСТАНА