• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 12 Желтоқсан, 2023

Сергелдеңге салатын сергіткіш сусын

177 рет
көрсетілді

Қаншама айтылып, жазылып жатса да, жүре тыңдайтынымыз, ден қоймайтынымыздың салдарынан энергетикалық сусынның саудасы қызып-ақ тұр.

Жезқазған қалалық Жедел жәрдем қызметіне Джамал Гур­банов деген азаматтың өлім аузын­да жатқаны туралы хабар түседі. Тыныс алуы нашарлаған, тұла бойын тер басқан ол дереу Жез­қазғандағы медициналық ор­талықтың жансақтау бөліміне жеткі­зіледі. Оған миокард ин­фарк­ті деген диагноз қойылады да ангиографтың көмегімен дереу операция жасалады. Жарты сағат жасалған операциядан соң ауру өмірге қайта оралады.

– Бәріне себепші болған – сергіткіш, яғни энергетикалық сусындар. Біздің пациентіміз соның бір күнде бірден бес шөлмегін ішкен көрінеді. Ол бұрын да бұл сусынды пайдаланып жүрген ғой. Ақырында, оның қан тамырлары бітелуге айналған. Біз стенд қоюға мәжбүр болдық, – дейді реаниматолог Жасұлан Искаков.

– Энергетикалық сусындар ауруға душар етеді дегенді жиі естісем де, мән бермей келдім. Ауру­хана кереуетіне таңылғанда ғана өткеніме көз жүгіртіп, жібер­ген қателігімді түсіндім. Жүрекке салмақ салған сусындар әуеліде мені сергітті. Бара-бара ұйқымды қашырды. Жүрегім жиі соғып, сәл қимылдасам ентігетін жағдайға жеттім. Сонда да энергетиктің кесірі екенін мойындамадым. Соңы өте қайғылы жағдайға әкеле жаздады. Дәрігерлердің арқасында ғана аман қалып отырмын, көретін жарығым бар екен, деген Д.Гурбанов енді қайтып сер­гіткішке жоламайтынын айтады.

Мамандардың мұндай сусын­ның денсаулыққа өте зиян екенін айтқанына сену үшін міндетті түрде аурухана төсегіне таңылу ке­рек пе? Бұл баршамызды ой­лан­дыруға тиіс. Д.Гурбанов 41 жастағы ақыл тоқтатқан азамат десек, жастар жағы ескертпелерге мүлде құлақ аса қоймайды ғой.

Инфаркт жас талғамайды. Сондықтан оның ем-домы МӘМС есебінен жүргізіледі.

«Жезқазған медициналық орта­лығы» ЖШС-ның кардиоло­гиялық бөлімі 24 орынға шақтал­ған. Мұнда жыл басынан бері 313 науқасқа коронарография жасалып, жедел миокард инфаркті диаг­нозы қойылған екен. Олардың барлығына құны 1,5 млн теңгеден басталатын коронарлық шунттау операциясы сәтті жасалып, қазір оңалту курсынан өтіп жатыр. МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматқа олардың жарналарының мөлшеріне қарамастан, тегін көрсетілетіндігі арқасында осыншама адам медициналық көмек ал­ған. Ал солардың арасында энер­гетикалық сусынның салдарынан сондай күйге түскендері де бар­шылық. Айталық, Жезқазған қаласында сергіткішті шамадан тыс пайдаланған 30 жастағы азамат қант диабетіне ұшыраған, ха­лыққа такси қызметін ұсыны­п жүрген тағы бір азамат осы су­сынның кесірінен тирео­ток­сикалық зоб дертіне шал­ды­ғып, мүгедек болып қалған. Жал­пы, биылдыққа сергимін деп су­сын ішіп, соның салдарынан ден­саулығы нашарлаған 8 азаматқа әртүрлі деңгейдегі медициналық көмек көрсетілген екен.

Сергіткіш жаныңды сергіт­пейді, керісінше сергелдеңге салады. Бұған жоғарыдағы оқиғалар дәлел. Ендеше, кімге болса да сергек оймен «Сергіткіш сусын керек пе?» деп ойланып көргеннің еш артығы болмайтын тәрізді. Құдай да сақтанғанды ғана сақтайды.

 

Жезқазған